
Тамаққа тәуелділік: дақпырт па, әлде шындық па?
Біз тәуелділіктің әдетте ішімдік пен есірткіге болатынына әбден дағдыланғанбыз. Ал тәуелділікті тамақ тудыруы мүмкін бе? Соңғы уақытта ғалымдар «иә» деп жиі жауап беретін болған. Әзірге ресми диагноз болмағанымен, зерттеулер көрсетіп отырғандай, кейбір адамдар үшін тамақ нағыз патологиялық құштарлықтың нысанына айналып отыр. Бұл мәселенің басын ашуға диетолог-нутрициолог Алмагүл Ержекенова көмектеседі.
Тамаққа тәуелділік дегеніміз не
Тамаққа деген тәуелділік – бұл адамның белгілі бір азық-түлік түрлерін тұтынуға байланысты бақылауды жоғалтуы. Белгілері тәуелділіктің басқа формаларына өте ұқсас келеді:
- әуестік (белгілі бір азық-түлікті жеуге деген жабысқақ ұмтылыс);
- толеранттық (тою үшін барған сайын үлкенірек порциялар қажет);
- қайтару нышанаты (бас тарту кезінде ашушаңдық, әлсіреп қалу немесе мазасыздықты сезіну).
Осындай жай-күйді бағалау үшін, тіпті, арнайы шкала – Yale Food Addiction Scale (YFAS) жасалған. Ол тура есірткіге деген тәуелділікті диагностикалауда қолданылатын өлшемшарттарға негізделген.
Әуестік пен тәуелділік арасындағы шек қайда
- Қарапайым әуестік – бұл сирек кездесетін эпизод: балмұздақ немесе тәтті тағамды жегің келіп кетті, сатып алдың, жеп қойдың, әрі қарай кете бердің.
- Тамаққа деген тәуелділік жабысқақ ойлармен, қарын ашпаса да, шамадан тыс тамақ ішумен, кінәлік сезіммен және қалап тұрсаң да, тағамнан бас тарта алмауыңмен қатар жүреді.
Бұл қалай жұмыс істейді
Құштарлықты кез келген тамақ тудыра қоймайды, бұған тек қана гипердәмді немесе ультраөңделген түрлері қабілетті болып келеді. Бұл өнімдердің құрамында қант, май және тұз мінсіз біріктірілген. Мұндай үйлесім мидың ләззат алу орталықтарын тура психикалық белсенді заттектер іспетті белсендіре түседі.
Жабысқақ тамақ түрлеріне чипсалар, пицца, фастфуд, піспенан, балмұздақ, шоколад және газдалған тәтті сусындар жатқызылады. Мұндай өнімдер жылдам келетін ләззат сезімін тудырады, дегенмен көп ұзамай қандағы қант деңгейі төмендейді де, адам жаңа порцияға қол созады.
- Шоколад құрамында қант пен май үйлестірілген, әрі олар мидың ләззатқа бөлену жүйесін белсендіреді.
- Пицца жылдам көмірсулар, майлы ірімшік (тура опиаттардан болатын рахат сезімін беретін казеин көзі) пен тұзды біріктіреді.
- Балмұздақ ләззатты күшейте түсетін ерекше текстураға ие қант пен майды үйлестіреді.
Осы өнімдердің барлығында да ортақ бір нәрсе бар: олар ләззаттың күрт өсуін тудырады, әрі осының салдарынан оларды қайта-қайта жегің келіп тұрады.
Тамақтың есірткі секілді әрекеті жайлы дәлелдер бар ма?
Жануарларға жүргізілген тәжірибелер мына бір жайтты көрсетті: тәтті және майлы тағамдар тәуелділікке ұқсас келетін мінез-құлықты тудырады — шамадан тыс тамақтану, бас тартқан кезде дененің сына бастауы мен барған сайын әлдеқайда үлкенірек дозаларға деген қажеттілік пайда болады. Ғалымдар адамдарда есірткі тұтынған кезде белсенді бола түсетін мидың сол бір аймақтарының белсендірілуін белгілеп отыр. Сонымен бірге өндірушілер bliss point деп аталатын қант, тұз және майдың мінсіз үйлесімін әдейі таңдайды, мұның салдарынан тамақ ерекше қалаулы болып тұрады.
Бұл несімен қауіпті
Гипердәмді тағамдарды тұрақты түрде шамадан тыс жеу семіздік пен зат алмасу түйткілдеріне, 2 типті қант диабетіне, жүрек және қан тамырлары жүйесінің ауруларына, созылмалы қабынуға, сондай-ақ көңіл-күйдің құбылып тұруына, мазасыздық пен шаршағандыққа әкеліп соқтыруы ықтимал.
Тамаққа тәуелділікті жеңудің жолы
- Психотерапия (әсіресе когнитивті-мінездік) мен саналы тамақтану практикалары.
- Топтық қолдау, бейесімді маскүнемдер топтары секілді.
- Теңдестірілген ас үлесі, әрі оның құрамында ақуыз бен жасұнық жеткілікті мөлшерде болуы тиіс.
- Үйдегі триггерлік өнімдерді шектеу.
- Тамақтану күнделігін жүргізу мен триггерлермен жұмыс істеу (күйзеліс, шаршағандық, зерігу).
- Ультраөңделген өнімдерді бірте-бірте балғын азық-түлік түрлеріне алмастыру: көкөністер, жемістер, жаңғақтар, бұршақ тұқымдастар, балық.
Зиянды тамақтан толықтай бас тарту әбден мүмкін, әсіресе, тәуелділіктің жеңіл формасы болған жағдайда. Алайда ауыр жағдайларда маманның көмегіне жүгінген абзал.
Қорытынды
Тамақтан болатын тәуелділіктің механизмдерін түсіну кінәлік сезімнің төмендеуіне ғана емес, сонымен бірге шығу жолды табуға да көмектеседі – психотерапия мен саналы тамақтанудан бастап күнделікті өмірдегі қарапайым стратегияларға дейін.