
Құнды қызметкерлерді ұстап қалу мен кадрлардың тұрақтамауын төмендетудің жолы
Кәсіби шаршағандық, кеткен қызметкердің орнына адам іздеу, өнімділіктің төмендеуі – кадрлар тұрақтамауының жоғары деңгейі кез келген бизнеске соққы беретіні сөзсіз. Кетудің себебі көбінесе ақшада емес, компания ішіндегі жағдайда жатыр. Лайқос команданың сізбен бірге қалуы үшін басшы ретінде не істеу керектігін түсіндіреді.
Диагностика: кету себептерін түсіну
Бал ашып, қызметкердің кету себебін шамалаудың орнына – шындықты біліп алыңыз. Маманмен қоштасар алдында онымен міндетті түрде әңгімелесіп, мынадай сұрақтарды төтесінен қойғаныңыз абзал: «Басты себеп қандай?», «Не нәрсені жақсартатын едіңіз?». Бір реттік шаралармен шектелмеңіз. Қазіргі ұжым ішінде жүйелі түрде жасырын сауалнамаларды өткізіп отыру жалақыға, компания ішіндегі жағдай мен жұмыс көлеміне қанағаттану деңгейін анықтауға және алдын ала шара қолдануға септігін тигізеді.
Іргетас: әділдік пен ашықтық
Жалақы – негізгі фактор. Сіздің еңбекақы бойынша ұсыныстарыңыз бәсекеге қабілетті болып қала беруі үшін нарықты ұдайы қадағалап отырғаныңыз жөн. Сонымен бірге қызметкердің өз болашағын көріп отырғаны да аса маңызды. Жеке кездесулерде оның мансап жолындағы мақсаттарын талқылап, даму жоспарын бірге құрастырыңыз. Адам компанияның ішінде қалайша өсе алатынын ұғынған кезде сырттан қандай да бір мүмкіндіктерді іздеуге деген ынтасы да азаяды.
Ынталандыру: ақшалай ғана емес
Қарапайым, дегенмен шынайы мойындау – аса күшті құрал. Күрделі жоба үшін өзге қызметкерлер алдында алғыс айтыңыз, ортақ чатта жетістіктерді көрсетіп отырыңыз. Әркімнің үлесін бағалайтыныңызды көрсете біліңіз. Мамандарыңыздың дамуына инвестиция құйыңыз: курстар, конференциялар, ішкі оқытуды ұсыныңыз. Сонымен бірге көбірек сенім артыңыз. Икемді жұмыс кестесі немесе аптасына бірнеше күн қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі компанияға деген бейілділікті бір реттік сыйақыға қарағанда айтарлықтай жақсы арттыратыны рас.
Атмосфера: жайлылық пен қолдау
Жүктеме деңгейін қадағалап жүріңіз және ұдайы шамадан тыс жұмыс істеу мәдениетіне жол бермеңіз. Қызметкерлерді кезекті демалысын толықтай пайдалануға ынталандырыңыз. Бейресми қарым-қатынас үшін кеңістік ұйымдастырыңыз: бірлескен түскі астар, қызығушылықтар бойынша корпоративтер. Алайда, ең бастысы, сіздің көшбасшы ретіндегі мінез-құлқыңыз. Сіз жөн сілтеушісіз. Соңынан ергісі келетін адам болыңыз – көбірек үйренуге болатын нағыз маман, бірге жұмыс істеуге қызықты ашық адам болғаныңыз абзал.
Қорытынды
Жаңа қызметкерді табудан гөрі құнды қызметкерді ұстап қалу әркез әлдеқайда арзанырақ әрі жеңілірек. Кішкентай қадамдардан бастаңыз: келесі аптада жасырын сауалнаманы өткізіңіз, ағымдағы жоба үшін командаға алғыс білдіріңіз және әріптестеріңіздің бірімен олардың мансап жолындағы үміттері жайлы риясыз сөйлесіңіз. Командамен жүйелі түрде жұмыс істеудің есесі қайтатыны шүбәсіз.