
Саяхаттан кейін достықты сақтап қалудың жолы: іске асатын 5 ереже
Саяхат достықтың беріктігіне деген нағыз сынаққа айналуы мүмкін. Кей кездері бірлескен демалыстан кейін адамдар сирек сөйлесе бастайды, ал кейде, тіпті, қарым-қатынас мүлдем бұзылады. Неліктен осылай болып жатады және үйге оралғаннан кейін достықты қалай сақтап қалуға болады? Лайқос жауап береді.
Әртүрлі ырғақтар ма? Келісе біліңіз
Күнделікті өмірде сіз аптасына бір-екі рет көрісесіз, ал саяхат барысында бір-біріңізбен 24/7 тәртібінде бірге боласыз. Кенет біреудің таңғы сағат 7 тұрып, осы күннің нақты жоспарын құруды ұнататыны, ал екіншісінің түске дейін ұйықтап, басы ауған жаққа кете беруді армандайтыны анықталады. Сапарға артып отырған үміттеріңізді алдын ала талқылап алмасаңыз, ұсақ-түйек айырмашылықтар нағыз ашушаңдыққа апарып соқтырады.
Ұрысып қалмау үшін үміттеріңізді алдын ала талқылағаныңыз аса маңызды: мәселен, бір күн белгіленген кесте бойынша, ал екінші күн еркін түрде өтетіні жайлы келісіп алыңыз. Мұндай тепе-теңдік шиеленісті жеңілдетеді және екі жақтың да мүддесі ескерілгенін білдіреді.
Ақша – бұл күрделі жайт
Саяхат кезінде негізінен қаржылық мәселелер қиындыққа айналатыны хақ. Әлдебіреу үшін жайлылық шегі – $20 тұратын хостел болса, басқа біреу демалысты бассейні бар қонақ үйсіз тіптен елестете алмайды. Starling Bank зерттеуінің мәліметтеріне сәйкес Ұлыбританиядағы ересектердің жартысы (51%) достарымен демалыс кезінде жанжалдасқан екен, әрі 54% жағдайда мұның себебі ақша болып шыққан. 18-24 жас аралығындағы жастар арасында бұл көрсеткіш 71% жетіп отыр, ал әрбір алтыншы адам (16%) демалыс кезіндегі қаржыға байланысты келіспеушіліктер салдарынан досынан мүлдем айырылып қалған.
Одан да болжалды бюджетті алдын ала талқылап, шығындарды есептеуге арналған қосымшаларды (Splitwise, Tricount) қолданып отырған дұрыс. Бұл шиеленісті жағдайларды азайтады және әрбір шыныаяқ кофенің ақшасын бөлісу қажеттілігінен құтқарады.
Уақытты бөлек өткізіңіз
Тіпті, ең жақын достардың өздері де бір-бірінен шаршайды. Сапар барысында әдеттегі демалыс жоқ – жұмыс, отбасы, жеке уақыт. Сол кезде ұсақ-түйек нәрселердің өзі ашуландырады: біреу тым ұзақ жиналады, басқасы қатты қорылдайды. Мұндай сәттерде жеке шекараны құрметтей білген маңызды: кейде бірнеше сағатты бөлек өткізген дұрысырақ – біреу экскурсияға шығады, ал екіншісі дәмханада кітаппен отыра тұрады. Осыдан кейін кездесулер, борыштылық сезімінен бірін-бірі сүйрегеннен гөрі, анағұрлым жылырақ болары шүбәсіз.
Міндеттерді бөліңіз
Әдетте кез келген компанияда билеттерді брондайтын, бағыттарды ойлап табатын және барлық жоспарлауды өз мойнына алатын ұйымдастырушы болады. Қалғандары көбіне-көп, ағынның ыңғайына қарай жүзеді демекші, ұйымдастырушының артынан ереді. Мұндай теңгерімсіздік шиеленісті жылдам тудырады: біреуі барлығын өзі сүйреп жатқанын, ал басқалары оларға қысым көрсетіліп жатқанын сезінеді. Осыған жол бермеу үшін жауапкершілікті алдын ала бөліп алғандарыңыз жөн: бір адам – баспанаға, екіншісі – бағыттарға, үшіншісі – дәмханаларды іздеу үшін жауап береді. Сонда барлығы атсалысады да, әрі ешкім өзін «жегілген жылқы» ретінде сезінбейді.
Үндемей қалмау!
Егер сапар кезінде жағымсыз сәттер болса, қайтып келгеннен кейін өзіңізге бір-екі күн демалыс беріңіз де, содан соң барлық жайттарды міндетті түрде талқылаңыз. Үндемей қалмаңыз және бәрі де өздігінен ұмытылып қалады деп күтпеңіз – әңгімелесу бір-біріңізді түсінуге әрі келесі жолы қателіктерге жол бермеуге көмектеседі.
Қорытынды
Достармен саяхаттау – бұл достықты бұзуы да, нығайта түсуі де ықтимал нағыз стресс-сынақ. Бұл жерде шекараны құрметтеу мен келісімге келе білу барлығын шешеді: сонда ашуланудың орнына жылы естеліктер мен ұзақ жылдар айтылатын хикаялар ғана қалады.