
Эндометриоз: әрбір әйел білуге тиіс көрінбейтін ауру
Эндометриоз – бұл гинекологиядағы ең кеңінен таралған аурулардың бірі, әрі ол туралы әлі күнге дейін аз айтылып келеді. Дегенмен дәл осы дерт қатты ауырсыну мен ұрықтануға қатысты түйткілдердің басты себебіне жиі айналып отырады. Лайқосқа эндометриоздың не екенін анықтауға 12 жылдық тәжірибесі бар гинеколог-репродуктолог Жанар Қоқымбекова көмектесті.
Қарапайым сөзбен: эндометриоз дегеніміз не
Жатырдың ішінде ерекше ұлпа – эндометрий бар. Ай сайын ол ұрықтанған аналық жасушаны қабылдауға дайындалады, ал егер жүктілік болмай жатса, онда ол етеккір кезінде ажырайды. Эндометриоз кезінде осыған ұқсас тін тиісті емес жерде – аналық бездерде, жатыр түтіктерінде, ішекте немесе, тіпті, ішперде қабырғаларында да өсе бастайды. Бұл жасушалар да етеккір цикліне реакция береді, яғни, жиналады және қансырап тұрады. Алайда олар сыртқа шыға алмайды. Нәтижесінде қабыну, дәнекер мен қатты ауырсыну пайда болады.
Кейбіреулерде дерт сыр бермесе, енді біреулерде әрбір айды нағыз сынаққа айналдырып жіберетіні рас. Нақ осы себептен дәрігерлер эндометриозды айырықша назар аударуды әрі уақтылы диагностикалауды қажет ететін ауру деп атайды.
Эндометриоз қаншалықты жиі кездеседі
Статистика бойынша эндометриоз диагнозы репродуктивті жастағы әйелдердің 10-15% кездеседі. Созылмалы жамбас ауруына шалдыққандар немесе бала көтере алмай жүргендер арасында бұл көрсеткіш одан да жоғары болып келеді.
Неліктен эндометриозды «көрінбейтін ауру» деп атайды
Өйткені эндометриоз көптеген жылдар бойы жасырын түрде дамуы мүмкін. Әйел ауырсынуға үйреніп кетеді де, оны етеккір циклінің қалыпты бөлігі деп есептейді екен. Нәтижесінде диагноз көбінесе өте кеш қойылады – кей кездері, тіпті, көптеген жылдар өткеннен кейін анықталады.
Қауіп факторлары
Эндометриоздың бір ғана себебі болмайды. Бұл тұста етеккірдің ерте басталуы, тұқымқуалаушылық, гормондық фон мен иммунитеттің ерекшеліктері, сонымен бірге кіші жамбас мүшелеріне жасалған операциялар қауіпті арттыра түседі.
Қай уақытта сақтық танытқан жөн
Етеккір кезіндегі жеңіл ыңғайсыздық қалыпты жағдай болып саналады, алайда егер ауырсыну қатты болса, әрі күнделікті өмірге кедергі келтіріп жатса, сонымен бірге ауырсынуды басатын дәрілермен жеңілдемесе немесе, тіпті, етеккір кезеңінен тыс уақытта пайда болса, бұл дәрігерге қаралудың себебі екені сөзсіз. Сондай-ақ тұрақсыз немесе мол етеккір, цикл алдында және ол аяқталғаннан кейінгі күңгірт түсті қанды бөліністер, жыныстық қатынас кезіндегі ауырсыну сезімдері, кейде асқазан-ішек жолдары немесе зәр шығару түйткілдері де осы дерттің белгілері болуы бек мүмкін.
Неге эндометриозды басқа аурулармен шатастырады
Симптомдар көбіне-көп қабыну үдерістеріне, тітіркенген ішек синдромына немесе урологиялық ауруларға ұқсайды. Осының салдарынан әйелдерге ұзақ уақыт бойы бұрыс диагноз қойылып, тиімсіз ем-дом шаралары тағайындалады.
Эндометриозды қалай анықтайды
Диагностика гинеколог маманымен әңгімелесу және тексеруден басталады. Дәрігер УДЗ немесе МРТ зерттеулерін жасауды тағайындауы мүмкін, дегенмен эндометриозды түпкілікті растау үшін тек лапароскопия көмектесе алады.
Эндометриозды емдеудің жолы
Эндометриоз – бұл созылмалы ауру, оны толық емдеу әзірге мүмкін емес, алайда дертті бақылап отыруға болады. Қазіргі заманғы әдіс-тәсілдер мыналарды қамтиды:
- дәрі-дәрмекпен емдеу (ауырсынуды басатын дәрі, гормондық терапия);
- ауыр формалары кезінде хирургиялық араласу (лапароскопия, мүшелерді сақтайтын оталар);
- аралас әдістер (дәрі-дәрмек пен хирургияның үйлесімі).
Бұл тұста таңдау әйелдің жас шамасына, ауру белгілері мен жүктілікке қатысты жоспарларына байланысты болады. Терең эндометриоз және аналық бездер эндометриоидты жылауыққа шалдыққан кезде ұрық жасушаларын сақтап қалу мәселесі міндетті түрде талқыланады, өйткені ота жасату олардың қорын азайтуы әбден мүмкін.
Балалы болу мүмкіндігіне әсері
Эндометриоз жабысқан жерлердің пайда болуы, аналық жасушаның жетілуінің бұзылуы, жатырдың шырышты қабығының өзгеруі мен созылмалы қабыну салдарынан ұрықтануды қиындатуы мүмкін. Дегенмен бұл мүлдем үкім емес: көптеген әйелдер табиғи жолмен де, ЭКҰ әдісі арқылы да жүкті болып жатады.
Өмір салты эндометриозға қалай ықпал етеді
Тұрақты ұйқы, күйзелісті төмендету, бірқалыпты физикалық жүктеме және көкөніс, жеміс, әрі жасұнық пен Омега-3 екпін түсіре отырып тамақтану аурудың барысын жеңілдетуге көмектесе алады. Қант, қызыл ет пен өңделген тағамдардың мөлшерін шектеу де қабынуды азайтады.
Қорытынды
Эндометриоз әйелді өмір сүру мен жоспар құру қуанышынан айырмауы тиіс. Иә, ауру көңіл бөлуді әрі бақылауды талап етеді, дегенмен бүгінде оның көріністерін қадағалау мен ұрықтылықты сақтауға көмектесетін әдістер баршылық. Ең бастысы, аурумен жалғыз қалмай, дер кезінде медициналық көмекке жүгінген абзал.