Мінсіз стейкті қалай дайындауға болады: 7 кеңес пен лайфхак

Мінсіз стейкті қалай дайындаймыз: таба мен грильге арналған аспаздың 7 кеңесі

Аузыңызда еріп кететін алтын түсті қабығы бар сөлді стейкті армандайсыз ба? Ол үшін қымбат мейрамхананың бас аспазы болудың керегі шамалы! Бар керегі – бірнеше негізгі құпияны білу. Лайқос тағамды әр дайындаған сайын мінсіз нәтижеге кепілдік беретін 7 қарапайым кеңесті жинады.

  1. Дұрыс кесекті таңдау – бұл табыстың 50%

Стейк үшін кез келген ет жарамды дегенді ұмытыңыз. Сізге міндетті түрде семіз ет қажет – демек, май жолақтары болуы тиіс. Қуырған кезде дәл осы май ериді де стейкті сөлді ете түседі. Рибай, Нью-Йорк немесе нәзік филе-миньонды алыңыз. Бұқтыруға арналған қатты кесектерді таңдамағаныңыз жөн.

  1. Температураны үнемдемеңіз – ет бөлменің температурасындай болуы керек

Стейкті тоңазытқыштан шығара салып, табаға лақтыру – ең басты қателік! Мұздай ет бірқалыпты қуырылмайды: сыртынан күйіп, ал іші шикі болып қалады.

Лайфхак: дайындаудан 30-40 минут бұрын стейкті тоңазытқыштан шығарып алыңыз және оның жылынуына уақыт беріңіз. Сондай-ақ міндетті түрде қағаз сүлгімен кәдімгідей құрғатып алыңыз. Құрғақ ет = қытырлақ қабықша!

  1. Молынан себілген тұз бен бұрыш – сіздің ең үздік маринадыңыз

Еттің дәміне нұқсан келтіретін ондаған ингредиенттерден тұратын күрделі маринадтардың қажеті жоқ. Небәрі екі ғана дәмдеуіш нағыз ғажайыпты туғызады.

Лайфхак: қуырудан 10-15 минут бұрын стейкке жақсылап ірі тұз бен жаңа ұнтақталған қара бұрышты себіңіз. Бұл уақыт тұздың сіңіп кетуі мен еттің табиғи дәмін күшейте түсуі үшін жеткілікті.

  1. Қыздырылған таба – арманыңыздағы қытырлақ қабықтың кепілі

Мінсіз қытырлақ қабықша нағыз экстремалды жоғары температурада ғана түзіледі. Ет табаның бетіне тиген кезде шыжылдауы әрі түтіндеуі тиіс.

Лайфхак: таба (шойын таба болса құба-құп) немесе грильді барынша қатты қыздырыңыз. Түтіндеу нүктесі жоғары майды (тазартылған күнбағыс, авокадо майын) құйғаныңыз абзал, зәйтүн майын қоспаңыз, өйткені ол бірден жана бастайды.

  1. Үдерісті асықтырмағаныңыз жөн – «тиіспеу» ережесі

Бұл тұста ең қиын жайт – шыдамдылық таныту. Стейкті табаның бетіне салғаннан кейін оны 2-3 минуттай қозғамаңыз! Қытырлақ қабықшаның қалыптасуына мүмкіндік беріңіз. Ол табаның бетінен оңай ажыраған кезде ғана аударыңыз. Екінші жағын да сөйтіңіз.

  1. Еттің дайындығын пышақпен емес, саусағыңызбен тексеріңіз

Стейктің піскен-піспегенін тексеру үшін оны пышақпен кесу, яғни, бар сөлін сыртқа шығару деген сөз. Мұны дұрыс істеудің екі тәсілі бар:

  • Қарапайым: еттің серпімділігін бас бармақ түбіндегі бұлшықетпен салыстырыңыз. Босаңсыған алақан – Rare (қанмен бірге), сұқ саусақты бас бармаққа тигізу – Medium (орташа қуырылған).
  • Нақты: асүйге арналған термометрді сатып алыңыз. Бұл ең бір сенімді тәсіл. 55°C – Medium Rare, 60°C – Medium.
  1. Стейкке міндетті түрде «демалуға» уақыт беріңіз

Бұл көбіне-көп елеусіз қалатын ең маңызды қадам. Әрі бұл бекер: ешқашан стейкті дайындаған бойдан кеспеңіз. Етті оттан түсіріп алып, оны торға немесе жылы тәрелкеге 5-10 минутқа қалдырыңыз. Осы уақыт аралығында бұлшықет талшықтары тынышталып, сөлді бүкіл стейк бойынша таратады. Нәтижесінде тәрелкеде шалшық емес, дәмі тіл үйіретін ет болады.

Бонустық лайфхак: стейк «демалып» болғаннан кейін бірден бетіне хош иісті extra virgin зәйтүн майының бірнеше тамшысын себіңіз немесе үстіне гүлшетен бұтақшасымен бірге сары майдың бір кесегін қойыңыз. Бұл әзірлеудің керемет соңғы аккорды!

Бар құпия осы! Енді сіз үй аспаздарының 90%-нан анағұрлым көбірек біліп отырсыз. Сенімді түрде дайындай беріңіз. Ас дәмді болсын!

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.