Денсаулықтың негізгі көрсеткіштері: ұзақ өмір үшін үнемі қандай тексеру керек | Лайқос

Денсаулықтың басты көрсеткіштері: нені тұрақты әрі не үшін тексеру керек

7 сұрақ

Еш жеріңіз ауырмаса да, қысымды өлшеу керек пе?

Күретамырлық қысымның қалыпты көрсеткіші қандай болып саналады?

Жалпы қан талдауын (ЖҚТ) қаншалықты жиі тапсыру қажет?

Қандағы глюкоза деңгейі нені көрсетеді?

Денсаулықтың қандай көрсеткіші инсульт пен инфаркттың қаупін бағалауға көмектеседі?

Қалқанша безіне байланысты түйткілдердің алғашқы белгісі не болуы мүмкін?

Қандай көрсеткіш ағзадағы жасырын қабынуды анықтауға көмектесе алады?

Ұзағырақ өмір сүріп, өзіңізді анағұрлым жақсы сезінуді қалайсыз ба? Мұның құпиясы өте қарапайым: бұл үнемі бақылау. Лайқос денсаулықтың қандай көрсеткіштерін тұрақты түрде қадағалап отыру керектігі мен олардың күш-қуат пен тыныштықты сақтауға қалайша көмектесе алатыны жайлы айтып береді.

Жалпы қан талдауы

Адам ағзасының жалпы жағдайын көрсететін қарапайым сынақ: гемоглобин (қаназдықтың бар-жоғы), лейкоциттер (қабыну немесе инфекцияның бар-жоғы), тромбоциттер деңгейі (қанның ұюына байланысты түйткілдердің бар-жоғы).

Көптеген жасырын аурулар алғаш рет қандағы өзгерістер арқылы көрініс табады. Мәселен, созылмалы асқазан ауруы немесе темір жетіспеушілігіне тап болғаныңыз жайлы гемоглобин деңгейінің төмендігі бойынша күдіктенуге болады.

Артериялық қысым

Қысым – жүрек пен қан тамырлары жұмысының негізгі маркерлерінің бірі. Қалыпты жағдайда ол 120/80 шамасында болуы тиіс. Жоғары қысым ұзақ уақыт бойы ешбір симптомсыз өтуі мүмкін, сондықтан оны «тыныш жан алғыш» деп атап жатады. Бұл инсульт пен инфаркттың алдын алуға болатын басты факторлардың бірі.

ДДСҰ мәліметтері бойынша жер шарындағы әрбір үшінші ересек, яғни, 1,3 млрд астам адам гипертониядан зардап шегеді екен. Оны үй жағдайында қарапайым тонометрмен айына, кем дегенде, бір рет, ал 40 жастан асқан адамдарға аптасына бір рет тексеруге болады.

Холестерин деңгейі

Холестерин – бұл әшейін «жаман май» ғана емес, сонымен бірге жасушалар мен гормондар үшін аса қажетті заттек. Жыл сайын холестериннің жоғары деңгейінің себебінен 3,6 млн адам өлімге ұшырайды, сондықтан өзіңізді жақсы сезініп жүрсеңіз де, оны тұрақты түрде тексеріп тұру өте маңызды. Липидтік профильді 30 жастан кейін 1-2 жылда бір рет тексеру қажет.

Темір мен ферритин деңгейі

Темір – қан үшін негізгі элемент, өйткені ол гемоглобиннің құрамына кіреді және оттегіні тасымалдайды. Темірдің жетіспеушілігі қаназдыққа әкеліп соқтырады: әлсіздік, ұйқышылдық, жүктеме кезіндегі ентігу, тырнақтың сынғыштығы мен шаштың түсуі пайда болады.

Сарапшылардың бағалауынша, әлемдегі әрбір төртінші адам қаназдықтан зардап шегеді – бұл дегеніміз шамамен 2 млрд адам. Бұл тұста, әсіресе, репродуктивті жастағы әйелдер (етеккірге байланысты), жүкті әйелдер мен балалар осал топқа жатқызылады.

Қандағы қант деңгейі

Қан құрамындағы глюкоза – зат алмасу үдерісінің басты маркерлерінің бірі. Ол ағзаға күш-қуаттың деңгейі жеткілікті ме, әлде қандай да бір ақау бар ма екендігін көрсетіп тұрады. Басты мәселе мынада жатыр – қант диабеті мен диабет алды жағдай көбіне-көп жасырын түрде өтеді: ДДСҰ мәліметтері бойынша жоғары қант деңгейімен 830 млн астам адам өмір сүріп келеді екен және олардың жартысы дерлік қауіп жайында мүлдем білмейді.

D дәрумені

Бұл дәрумен гормон секілді жұмыс істейді, әрі иммунитетке, көңіл-күй мен сүйектерге әсер етеді. Оның тапшылығы – нағыз жаһандық түйткіл: дүние жүзінде шамамен 1 млрд адам D дәруменінің тапшылығынан зардап шегеді, ал халықтың 50%, әсіресе, суық климатқа ие елдерде оның жетіспеушілігі байқалады. Жетіспеушілік салдары әлсіздік, жиі суық тию, сондай-ақ ұйқышылдық түрінде көрініс табады. Ең дұрысы, дәрумен деңгейін жылына, ең болмағанда, бір рет тексеріп отыру керек.

Дене массасы мен белдің көлемі

Жалпы салмақ өздігінен әркез объективті бола бермейді. Ең маңыздысы, дене салмағының индексі (ДСИ) және белдің көлемі. ДСИ көрсеткіші 18,5 бастап 24,9 дейін қалыпты болып есептеледі. Белдің көлемі ер адамдарда 94 см артық, ал әйелдерде 80 см асатын болса, ағзада зат алмасу үдерісіне белсенді ықпал ететін, қант диабеті мен жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттыратын висцералды майдың жоғары мөлшерін көрсетеді. Тіпті, салмақты небәрі 5-10% ғана азайтудың өзі денсаулықты едәуір жақсарта түсетіні рас.

АЛТ мен АСТ

АЛТ мен АСТ – бұл ферменттер: АЛТ (аланинаминотрансфераза) негізінен бауырда, ал АСТ (аспартатаминотрансфераза) ағзаның барлық мүшелері мен бұлшықетте кездеседі. Бұл жасушалар зақымданған кезде ферменттер қанға түседі де, олардың мөлшері жоғарылайды. АЛТ және АСТ талдауы алғашқы белгілер пайда болғанға дейін қандай да бір түйткілдерді анықтауға көмектеседі. Осы көрсеткіштерді ұдайы тексеріп отыру бауыр ауруларын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге ол бауырға салмақ түсіретін дәрі-дәрмек қабылдап жүрген немесе ішімдік ішетін адамдар үшін де маңызды.

Қорытынды

Денсаулықтың негізгі көрсеткіштерін тұрақты түрде бақылап отыру – бұл дәрігерлердің «еркелігі» емес, бұл дертті емдеуден гөрі оның алдын алуға көмектесетін нақты сақтандыру тәсілі. Сондықтан тура қаражат немесе жұмысқа қаншалықты байыппен қарасаңыз, сол секілді өз денсаулығыңызға да мұқият болуыңыз керек – тексерулерден тұрақты түрде өтіп, ерекше көңіл бөліп, әрі жауапкершілікпен қарағаныңыз абзал.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.