
Ерлер өз «күшін» жоғалтып келеді: заманауи ер адамдарда тестостерон жас кезінен бастап төмендейді
8 сұрақ
Факторлардың қайсысы тестостеронның төмендеуіне ӘКЕЛМЕЙДІ?
Тестостерон деңгейін сақтап отыру үшін қалай тамақтанған пайдалы?
Тәуліктің қай уақытында тестостерон әдетте ең жоғары деңгейде болады?
Төменде көрсетілгеннің қайсысы төмен тестостеронның белгісі бола алады?
Семіздік тестостеронмен қалайша байланысты?
Алкоголь тестостерон деңгейіне қалай ықпал етеді?
Әдеттің қайсысы тестостерон деңгейін анағұрлым қаттырақ төмендетеді?
Тестостерон деңгейін табиғи жолмен арттыруға бола ма?
Бүгінде келесі жайтты жиі естуге болады: ерлердің тестостерон деңгейі төмендеп жатыр – әрі бұл тек жас ұлғайған сайын ғана емес, сондай-ақ тіптен жас адамдар арасында да кездесіп отырады. Бұл неліктен болып жатады, неге әкеліп соқтырады және түйткілді дер кезінде қалай байқауға болады? Ең маңызды сұрақтарға дәрігер-уролог, андролог Бибігүл Исмағұлова жауап береді.
Тестостеронның негізгі міндеттері
«Тестостерон – гормондар патшасы әрі патшалар гормоны». Бұл қалыптасқан сөз кездейсоқ пайда бола қойған жоқ. Тестостерон ер адамның ағзасындағы барлық дерлік үдерістерге әсер етеді екен: жыныстық жүйенің дамуы мен қызметі үшін жауап береді, бұлшықетті қосу мен сақтауға көмектеседі, сүйекті қатайтады және шәуеттің өндірілуіне септігін тигізеді.
Сонымен бірге көбіне-көп дәл осы тестостеронға жыныстық құмарту, көңіл-күй мен эмоциялық тұрақтылық байланысты болып келеді. Осы механизмдердің барлығы да гормонның деңгейі қалыпты болғанда ғана жұмыс істейді.
Неліктен тестостерон төмендейді
Бүгінде дәрігерлер, тіпті, жас ерлердің өздерінде тестостерон деңгейі нормадан төмен келетінімен жиі кездеседі. Себептердің барлығы белгілі болмағанымен, негізгілерінің арасында – экология, теңдестірілмеген тамақтану, қимыл-қозғалысы аз өмір салты, созылмалы стресс, темекі тарту, алкоголь, есірткі, жұқпалар. Жастар осы факторларға белсенді тап болып отырады, әрі бұл гормондық фонға өз әсерін тигізеді.
Зерттеулер не дейді
2006 жылы американдық ғалымдар «Американдық ерлердің қан сарысуындағы тестостерон деңгейінің төмендеуі» атты зерттеуді жариялаған еді, ол жерде әртүрлі жылдары (1987-1989, 1995-1997, 2002-2004) 45-79 жас аралығындағы ер адамдардың үш тобы зерттелген. Бұл тұста олардың жас шамасы, шалдыққан аурулары, қабылдайтын дәрілері, өмір салты мен жаман әдеттері ескерілген. Нәтижесі күтпеген болып шықты: тіпті, бір жас шамасындағы ер адамдарда әртүрлі жылдары тестостерон деңгейі төмендеген екен. Әрі бұл төмендеу жасқа да, айқын факторларға да мүлдем байланысты болмаған. Әңгіме жаһандық үрдіс жайлы болып отыр, дегенмен оның себептері әлі толық анықталмаған.
Ал 2021 жылы жүргізілген басқа зерттеудің нәтижесі бұдан да қорқынышты динамиканы көрсетті: ер адамдардың тестостерон деңгейі 30 жастан кейін ғана емес, содай-ақ жас адамдар арасында да төмендейді. Сауалнамаға 15 пен 40 жас аралығындағы 4 045 ер адам атсалысқан еді, әрі нәтиже келесі жайтты растаған: 1999 жылдан бастап 2016 жылға дейін гормонның орташа көрсеткіші 605 бастап 451 нг/дл дейін – яғни, шамамен 25% төмен түскен.
Ғалымдар мұны дене массасының индексінің өсуімен байланыстырып отыр, алайда салмағы қалыпты болып келетін ерлердің арасында да бұл көрсеткіш шамамен 20% құраған. Демек, мәселе тек артық салмақпен ғана шектелмейді деген сөз – тестостеронға әзірге толық зерттелмеген басқа да факторлар ықпал етеді.
Яғни, бұл қазірдің өзінде гормондық денсаулығыңызға қамқорлық танытқан маңызды екендігін білдіреді, өйткені тестостерон деңгейінің төмендеуі алғаш ойлағаннан әлдеқайда ертерек басталуы мүмкін.

Төмен тестостерон несімен қауіпті
Ер адамның бірінші байқайтыны – бұл жыныстық белсенділіктің азаюы: құмарту деңгейі төмендейді, қобуға байланысты түйткілдер пайда болады. Уақыт өте келе ашушаңдық, көңіл-күйдің өзгеруі, ұйқысыздық, шаршағандық пайда болады. Кейіннен зат алмасу үдерісі мен ішкі мүшелер зардап шегеді: май массасы арта түседі, бұлшықет азаяды, шаш түсе бастайды, төс безі өседі, остеопороз, тершеңдік, әрі тахикардия дамиды.
Ол әрі қарай төмендеген сайын жүрек-қан тамырларының ауруларына тап болу қаупі күрт жоғарылайды: жүректің ишемиялық ауруы, атеросклероз, гипертония.
Тестостеронды қалай дұрыс өлшеу керек
Тестостерон өзіндік уақыт бойынша өмір сүреді. Таңертең, сағат шамамен 6 мен 8 арасында, ол өзінің шарықтау шегіне жетеді – дәл осы себептен көптеген ерлер күн енді басталғанда күш-қуат пен сергектікті көбірек сезінеді. Кешке қарай, яғни, сағат 8-10 жуық, концентрация шамамен үштен бір бөлікке дейін төмендейді де, ағза бірте-бірте демалысқа ауысады.
Дегенмен маусымдық ауытқулар да кездеседі: қыспен салыстырғанда жаз мезгілі мен күздің басында тестостерон деңгейі әдетте жоғарырақ болып келеді. Бұл табиғи ырғақтар, әрі оларды, мәселен, анализдерді тапсырған кезде немесе жаттығуларды жоспарлағанда ескерген маңызды.
Нормалар жас шамасына қарай ерекшеленеді: 17-18 жас – 12 мен 27,53 нмоль/л аралығында, 50 жастан кейін – 8,6-23,4.
Бұл тұста тек жалпы ғана емес, сонымен бірге еркін тестостеронды ескеру керек – ол да гормондық денсаулықтың көрсеткіші болып саналады.
Егер тестостерон төмен болса, не істеу керек
Бірінші әрі ең бастысы, өзін-өзі емдеумен айналыспау, оның орнына дәрігер-андрологтың қабылдауына барған жөн. Тек маман ғана гормон деңгейінің неліктен төмен екендігінің себебі мен емдеу қажеттілігін анықтай алады. Басты қағида – өзіңізді басқа адамдармен салыстырмаңыз. Әрбір жағдай айырықша болып келеді. Толық тексерілуден өткеннен кейін, әрі көрсеткіштер аса төмен болған жағдайда, дәрігер андрогенотерапияны, яғни, тестостерон препараттарын тағайындауы мүмкін.
Өз бетімен не істеуге болады
- Физикалық белсенділік. Тіпті, жеңіл жүктеменің өзі оң нәтиже беретіні шүбәсіз. Күнделікті 20-30 минутқа созылатын үй айналасындағы серуендер мен таңертеңгі жаттығулардан бастаңыз. Уақыт өте келе йога, жүзу, күштік жаттығуларды немесе ләззат сыйлайтын кез келген спорт түрін қоссаңыз болады.
- Дұрыс тамақтану. Ас үлесінен бірте-бірте фастфудты, газдалған сусындар мен энергетиктерді алып тастаған абзал. Бұл өнімдер ағзаға артық салмақ түсіреді және гормондар тепе-теңдігіне ықпал етеді. Ағзаға жаңа піскен көкөністер мен жемістердің шынайы энергиясы, балық пен майсыз еттің ақуызы, жаңғақтар мен тұқымдардың пайдалы майы, сонымен бірге тұтас дәнді өнімдердің жасұнығы қажет. Тәтті сусындарды сумен, құрамында қанты жоқ морстармен немесе түрлі шөп шайларымен алмастыруға болады.
- Жаман әдеттерді азайту. Темекі шегу мен алкогольден біржолата бас тарту – ең жақсы нұсқа, дегенмен бұл қолыңыздан бірден келе қоймаса, осы мақсатқа бірте-бірте қол жеткізуге болады. Темекі тартсаңыз, онда темекі санын қысқартқаныңыз абзал немесе хиттерлерді қарастырғаныңыз пайдалы, соңғылары жану үдерісі мен шайыр, тұншықтырғыш газ және 7000 астам уытты заттектің түзілуіне жол бермейді. Алкогольмен де тап осындай қағида жұмыс істейді: ішімдіктің мөлшерін ақырындап азайтыңыз және күштілігі төменірек сусындарды таңдаңыз. Мәселен, күшті алкогольдің орнына құрамында алкоголі төмен әрі мөлшері аз сусындар болсын, ал ең дұрысы, сусындардың алкогольсіз нұсқаларына ауысыңыз. Мұндай тәсіл ағзаға болатын жүктемені төмендету мен толықтай бас тартуға қарай жұмсақ түрде қозғалуға мүмкіндік береді.
Қорытынды
Тестостеронның төмендеуі – бұл тек қана жас шамасына байланысты мәселе емес, бұл өмір салты мен жаһандық факторлардың кешенді көрінісі. Сондықтан жас ер адамдарға күш-қуат, қауқар мен өмір сапасын ұзақ жылдарға сақтап қалу үшін қазірден бастап өз денсаулығының қамын ойлаған абзал.