
Суперфуд дегеніміз не және бұл не үшін қажет
Соңғы онжылдықта «суперфуд» сөзі салауатты өмір салтының синониміне дерлік айналғаны рас. Чиа, киноа, спирулина, асаи – осының барлығы сәнді естіледі, дегенмен бұл шын мәнісінде не нәрсе? Маркетингтік әдіс пе, әлде шынында да ерекше қасиеттерге ие өнімдер ме? Лайқос суперфудтың не үшін керек екендігін, оның ағзаға қалайша әсер ететіні мен мұны қарапайым ас үлесінде немен алмастыруға болатынын анықтады.
Суперфуд дегеніміз не
Суперфудтар – бұл құрамында пайдалы заттектердің жоғары концентрациясы бар азық-түлік, соның ішінде: дәрумендер, минералдар, антиоксиданттар, көп қанықпаған май қышқылдары мен өсімдік нәруызы. Олар жеке ғылыми санат болып есептелмейді – бұл терминді маркетологтар азық-түліктің «жоғары пайдалылығын» көрсету мақсатында ойлап тапқан.
Классикалық суперфудтар – чиа тұқымы, годжи жидегі, киноа, спирулина, матча, асаи, моринга, авокадо мен куркума. Оларды бір нәрсе біріктіріп отыр: қайта өңдеудің минималдылығы мен калориялардың бірлігіне шақ келетін қоректік заттектердің жоғары тығыздығы.
Неліктен бұл кеңінен таралып отыр
Ұдайы стресс пен фастфуд дәуірінде адамдар дәрумендер мен минералдардың тепе-теңдігін қалпына келтірудің жылдам тәсілін іздеумен әлек. Суперфудтар «тағамдық сақтандыру» құралына айналған іспетті: чиа тұқымының бір қасығы – әрі өзіңізді денсаулығыңызға қамқорлық танытқандай сезінесіз.
Сонымен бірге олардың құрамында антиоксиданттарды жиі табады – бұл жасушалардың қартаюын бәсеңдететін және ағзадағы қабынуды басатын заттектер. Мәселен, қарапайым көк шаймен салыстырғанда матча жасыл ұнтағының құрамында антиоксиданттар 137 есе көп кездеседі.
Дұрыс тамақтанудағы суперфудтың рөлі
Суперфудтар ас үлесін шын мәнісінде толықтыруға қабілетті, әсіресе, адам қарбаласқа толы қала ішінде өмір сүрсе, әрі дұрыс тамақтанбаған жағдайда. Олар жүрек, ми жұмысына демеу береді, зат алмасу үдерісін, тері мен шаштың күйін жақсартады.
Дегенмен мына бір жайтты қаперімізден шығармайық: бұл әлдебір сиқырлы дәрі емес. Олар теңдестірілген тамақтанудың, ұйқы мен физикалық белсенділіктің орнын алмастыра алмайды. Әрі күріштің киноадан әлдеқайда кем түсетіні жайлы ешқандай да дәлел жоқ. Әдеттегі, дұрыс тамақтануда барлық азық-түлік түрлеріне – мейлі бұл көкөністер болсын, мейлі көк шөп, мейлі макарондар болсын, сондай-ақ сол бір суперфудтарға да, және тіпті, тәтті тағамдарға да орын болуы тиіс.
Суперфудты жергілікті өнімнің қайсымен алмастыруға болады
«Теңіздің арғы жағынан» әкелінген көптеген суперфудты қолжетімді аналогтармен оңай алмастыруға болады. Әрі бюджетіңіз де үнемделген, нәтиже де дәл сондай болмақ.
- Чиа тұқымы – зығыр тұқымы: оның да құрамы омега-3 пен жасұныққа бай.
- Киноа – қарақұмық: ақуыз бен темірдің қайнар көзі, ДТ үшін керемет қолайлы.
- Годжи жидегі – шырғанақ пен қаражидек: C дәрумені, антиоксиданттар, каротиноидтар.
- Авокадо – грек жаңғағы немесе күнбағыс дәні: пайдалы майлар мен E дәрумені.
- Спирулина – теңіз қырыққабаты: қалқанша без үшін аса маңызды йод пен ақуыз.
- Матча – қарапайым көк шай: антиоксиданттар сәл аз болғанымен, мұндағы әсер өте ұқсас келеді.
Қорытынды
Суперфудтар – ас үлесіне деген тамаша қосымша, тек бұған артық жанкештілікпен қараудың қажеті шамалы. Олар шынымен де тамақтануды айтарлықтай түрлендіруге, ағзаны антиоксиданттар және пайдалы майлармен нәрлендіруге көмектеседі. Дегенмен оларды қарапайым, маусымдық және қолжетімді азық-түлікпен алмастыруға әбден болады. Бастысы, тамақтану міндетті түрде әртүрлі болуы тиіс.