Жатыр мойнының қатерлі ісігі: өмірді құтқаратын білім - Лайқос

Жатыр мойнының қатерлі ісігі: өмірді құтқаратын білім

Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойнының қатерлі ісігінің бір жарым мыңнан екі мыңға дейін жаңа жағдайы анықталады. Жыл сайын бұл дерттен 800 жуық әйел көз жұмады. Бұл еліміз бойынша әйелдер арасындағы жиілігі тұрғысынан екінші орынды алатын онкологиялық патология. Алайда ең маңыздысы, мұндай обырдың алдын алуға болады. Лайқос қатерлі ісіктен құтқарылудың жолы туралы онколог-химиотерапевт Никита Рязановпен әңгімелесті.

Жатыр мойнының обыры дегеніміз не

Жатыр мойыны – бұл оның қынаппен байланысатын төменгі бөлігі. Дәл осы аймақта жасушалардың екі түрі кездеседі, әрі олардың түйіскен жері вирустарға, гормондық өзгерістер мен қабынуларға ерекше осал болып келеді.

Жалпы жатыр мойнының қатерлі ісігі дамуының негізгі себебі – адам папиллома вирусы (АПВ). Ол жыныстық жолмен беріледі, әрі әйелдер мен ерлердің шамамен 80% өмірінде оны, кем дегенде, бір рет жұқтырады екен. Көбінесе иммундық жүйе вирустан өздігінен құтылады, дегенмен кейбір адамдарда ол ұзақ уақытқа дейін сақталады және жасушалардың өзгеруіне әкеліп соқтыруы ықтимал, ал уақыт өте келе бұл қатерлі ісікке айналады.

Вирустың ең қауіпті түрлері – АПВ 16 және 18. Олар жатыр мойнының қатерлі ісігіне шалдығу жағдайларының шамамен 60% үшін жауапты болып келеді.

Қаперіңізде болсын: жұқтырып алу ауруға шалдығу дегенді білдірмейді. Егер денсаулықты қадағалап, тексеруден тұрақты түрде өтіп жүрсеңіз, АПВ-ны бақылауға болады.

Бұл тұста қауіпті инфекциялар ғана емес, сонымен бірге адамның өмір салты да арттыра түседі. Темекі тарту, ішімдікке салыну, созылмалы стресс, ұйқының қанбауы және теңдестірілмеген тамақтану иммундық жүйені әлсіретеді, осылайша ағзаның вирустар мен басқа да сыртқы қауіп-қатерлерге қарсы тұру қабілеті анағұрлым нашарлайды.

Ауруды дер кезінде анықтаудың жолы

Жатыр мойнының қатерлі ісігі кенет пайда болмайды. Бұл жасушалардың біртіндеп өзгеруінің нәтижесі, әрі оны алдын ала байқауға болады – тек профилактикалық шараларды ескерген жөн.

Ерте анықтаудың негізгі әдістері:

  • ПАП-тесті (цитологияға алынатын жағынды) – қатерлі ісікке дейінгі өзгерістерді ең ерте сатыларда көрсетеді.
  • АПВ тесті – қатерлі ісіктің даму қаупі жоғары вирустың бар-жоғын анықтайды.
  • Кольпоскопия және биопсия – күмәнді нәтижелер болған жағдайда диагнозды нақтылайды.

21 мен 29 жас аралығындағы әйелдерге әрбір үш жыл сайын ПАП-тестіден өту қажет, ал 30 бен 65 жас аралығындағы әйелдер – келесі нұсқалардың бірін таңдауы қажет: әрбір үш жыл сайын ПАП-тесті, әрбір бес жыл сайын АПВ тесті немесе бес жылда бір рет екеуінен де өтіп отыру.

Қазақстанда скринингтік тексеруден өтудің тегін мемлекеттік бағдарламасы әрекет етеді: 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер төрт жылда бір рет аудандық емханада тексеруден өте алады.

Дәрігерге қашан барған абзал

Ерте кезеңдерінде жатыр мойнының қатерлі ісігі симптомдарсыз өтуі әбден мүмкін, сондықтан осы тұста скринингтің маңызы аса жоғары. Дегенмен келесі жайттар да гинекологқа барудың себебі бола алады:

  • етеккірден тыс уақытта немесе жыныстық қатынастан кейін қан кету
  • жағымсыз иісі бар әдеттегіден тыс бөліністер
  • іштің төменгі жағының ауыруы немесе жыныстық қатынас кезіндегі жайсыздық

Егер ауру ерте сатысында анықталса, онда алдағы бес жылда аман қалудың кепілдігі 91% жетеді.

Обырдың қаупін төмендетуге бола ма?

Иә – АПВ-ға қарсы вакциналаудың көмегімен қауіпті төмендетуге болады. Екпе салудың ең жақсы кезеңі – 9 бен 14 жас аралығы, яғни, жыныстық өмір басталғанға дейін.

Швецияда жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, 17 жасқа дейін екпе алған қыздарда жатыр мойнының қатерлі ісігінің қаупі 88% төмендеген. Вакцина қауіпсіз, әрі ол өзінің тиімділігін дәлелдеген және әлемнің көптеген елдерінде мақұлданған.

Егер, тіпті, вакцина кейінірек салынса да, ол бәрібір вирустың басқа түрлерін жұқтырып алу қаупін төмендетеді. Бастысы, мұны кейінге қалдырмау.

Қорытынды

Жатыр мойнының қатерлі ісігі – бұл үкім емес. Егер ол жайында ертеден біліп, күні бұрын әрекет еткен жағдайда бұл аурудың алдын алуға болады. Ең бастысы, сізді әзірге ешнәрсе мазаламаса да, дәрігерге баруды кейінге қалдырмаған жөн.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.