Шылым шегудің балаларға зияны: ұрықтылықтан бастап денсаулыққа дейін

Темекі тартатын ата-ананың балаларына келтіретін зиянның 5 түрі

Заманауи қоғам балаларды әртүрлі қауіптер мен зиянды әсерлерден қорғауға тырысады, соның ішінде заңдардың көмегімен де мұны қолға алуда. Осындай заңдардың бірі кәмелетке толмағандарға темекі сатуға тыйым салады. Атап айтқанда, Қазақстанда 21 жасқа дейінгі адамдарға темекі бұйымдарын сатуға тыйым салынған. Бұл тыйым никотинді тұтыну мен темекі түтінін жұтуға байланысты қауіптерден балалар денсаулығын қорғауға деген ұмтылысқа негізделген. Алайда мынадай бір сұрақ туындайды: егер өз ата-анасы темекі тартса, балаларды заяннан қорғау қаншалықты тиімді болуы мүмкін? Осы мақалада біз ата-аналардың шылым шегуі балаларына қандай залал келтіретіндігін жан-жақты қарастыруға талпынамыз.


РЕДАКЦИЯДАН:

Шылым тартудан болатын зиянды төмендетудің ең жақсы шешімі – темекі шегуден біржолата бас тарту болып келеді. Алайда, егер мұндай шаралар әзірге қолыңыздан келмеген жағдайда, сізге темекіні қыздыруға арналған жүйелер көмектесе алады. Алуан түрлі зерттеулер растағандай, мұнда темекі түтіні болмағандықтан, олар кәдімгі шылымға қарағанда зиянды заттектерді 95% азырақ бөледі.

 

№1 ЗИЯН. ТЕМЕКІ ТАРТУ ЖӘНЕ ҰРЫҚТАЛУҒА ҚАТЫСТЫ ТҮЙТКІЛДЕР

Ең алдымен шылым шегу көзге көрінген, өсіріп отырған балалардың денсаулығына ғана емес, сондай-ақ ұрпақты болу идеясының өзіне де айтарлықтай залал келтіруі ықтимал екендігінен бастасақ. Америка репродуктивті медицина қауымдастығының (American Society Reproductive Medicine) мәліметтеріне сүйенсек, темекі тарту ер адамдарда да, сол секілді әйелдерде де ұрықтылыққа байланысты мәселелерді тудыруы бек мүмкін.

Әйелдер үшін темекі түтінінің құрамында кездесетін химиялық заттектер (мәселен, никотин, цианид, көміртек тотығы және тағы да басқалары) ерте қартаю және аналық жасушалардың өлуіне септігін тигізеді. Ең өкініштісі, бұл үдеріс қайтарымсыз болып саналады, өйткені аналық жасушаларды қалпына келтіруге немесе алмастыруға болмайды. Сонымен бірге темекі тартатын әйелдерде шылым шекпейтін нәзік жандылармен салыстырғанда етеккір үзілісі де 1-4 жылға ертерек басталады екен.

Шылымқұмар-ерлер шәует сапасының төмендеуіне қатысты түйткілдерге тап болуы мүмкін. Темекі тарту шәует жасушаларының санын азайтуы, олардың қозғалғыштығын нашарлатуы әбден ықтимал, сонымен бірге бұл дұрыс емес пішінді сперматозоидтардың санын көбейте алады. Ақыр аяғында осының барлығы да олардың аналық жасушаларды ұрықтандыру қабілетін төмендете түседі.

 

№2 ЗИЯН. ТЕМЕКІ ТАРТУ ЖӘНЕ ЖҮКТІЛІК

Темекі шегу аналық жасушалар мен шәует жасушаларының генетикалық материалына зақым келтіретіндіктен, шылым тартатын пациенттер арасында түсік түсіру мен ұрпақтың туа біткен кемістіктер деңгейі жоғары болып келеді. Сондай-ақ жатырдан тыс жүктілік пен мерзімінен бұрын босану жағдайлары да шылым шегетін әйелдер арасында жиірек кездесетіні рас.

Жүктілік кезінде темекі тарту іштегі нәрестенің туылғанға дейінгі өсу үдерісінің тежелуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Дене салмағы болжалды салмақтан төмен болып туылған балаларда кейінгі уақытта қандай да бір медициналық түйткілдердің пайда болу қаупі әлдеқайда жоғары болып келеді (мысалы, диабет алды жағдай, семіздік және жүрек-қан тамырларының аурулары). Ата-анасы темекі тартатын сәбилерде кенет болатын нәресте өлімі синдромына (КНӨС) және демікпенің дамуына тап болудың қаупі жоғары.

Осы тұста, әсіресе, темекі шекпейтін, алайда пассивті темекі тартуға (мәселен, бір кеңістікте шылым шегетін әріптестің болуы) тап болатын әйелдердің де жоғарыда көрсетілген барлық қауіптерден зардап шегуі мүмкін екендігі жағымсыз жайт.

 

№3 ЗИЯН. ПАССИВТІ ТЕМЕКІ ТАРТУ ЖӘНЕ БАЛАЛАР

Бұл саладағы соңғы он жыл уақыт ішіндегі зерттеулер көрсетіп отырғандай, пассивті темекі тарту балаларда көптеген дерттердің дамуын тудырады, соның ішінде демікпе мен өкпенің қабынуы секілді аурулар да кездеседі. Ал жүйелі түрде ықпал еткен жағдайда кенет болатын нәресте өлімі синдромын, өкпенің қатерлі ісігі және жүрек ұстамасына да әкеліп соқтыруы ықтимал. Көптеген қазіргі заманғы зерттеулерде балалардың пассивті темекі тартуға ерекше сезімтал келетіндігі атап көрсетіледі, өйткені олардың тыныс алу жолдары, өкпе және иммундық жүйесі толық жетілмеген.

 

№4 ЗИЯН. ШЫЛЫМҚҰМАРЛАРДЫҢ БАЛАЛАРЫ ЖӘНЕ ТЕМЕКІ ТАРТУҒА БЕЙІМДІЛІК

Ежелгі грек мәтелінде айтылғандай, балалар ересек адамдардың ізеттілік туралы сөздерін емес, олардың әдеттерін мұра етіп алады. Ата-аналардың темекі тартуы кесірінен балалардың қазіргі уақытта зиян шегуімен қатар, бұл жаман әдет олардың ересек жасында да деструктивті мінез-құлқына ықпал етеді екен.

Колумбия университетінің медициналық орталығы және Нью-Йорк штатының психиатриялық институтының бірлесіп жүргізген зерттеулер барысында ата-аналар мен балалардың темекі тартуы арасындағы тікелей тәуелділіктің бар екендігі анықталған болатын. Егер ата-анасының никотинге деген тәуелділігі бар болса, жасөспірімдердің шылым шегіп бастауы жиі кездеседі және олар ересек жасында никотинге тәуелді болады.

«Шылымқұмарлардың көбі темекі тартуды жасөспірім кезінен бастайды. Осы зерттеу көрсетіп отырғандай, ата-ана балаға өте қатты әсер етеді, – дейді жетекші автор, философия докторы, Колумбия университетінің медициналық орталығының психиатриядағы әлеуметтік-медициналық ғылымдарының профессоры Дениз Кандел. – Жасөспірімдердің шылым тартуды бастамауы және темекіге тәуелді болмауы үшін біз ата-аналарға темекі тастауға барынша көмектескеніміз абзал».

№5 ЗИЯН. ТЕМЕКІ ТАРТАТЫН АТА-АНА ЖӘНЕ БЕДЕЛ

Қорытындылай келе, осы түйткілдің моральдық жағына тоқталып өтуді, әрі жеке тәжірибеммен бөлісуді жөн көріп отырмын. Осы мақаланың авторы – ата-ана және бұрынғы шылымқұмар болып келеді. Менің темекі шегуден бас тартуыма дәл осы ата-ана болу жайты айтарлықтай ықпал еткен. Көптеген темекі тартатын аналардың өз балаларынан шылым шегу фактісін жасыратынын білемін. Әрі баласы жақындаған кезде ұялғанынан темекісін арқасының артында жасырып тұратын сәттері болады. Мен өз баламмен адал болуды қаладым, әрі осы бір жаман әдетімді ешқашан жасырған емеспін. Ал бір күні «Егер темекі тарту зиянды болса, осыны неге жасайсың?» деген тікелей қойылған сұраққа қисынсыз бір сылтау айтып, ақталуға тырысқан кезім да болған.

«Анаң тек кешкісін ғана темекі тартады ғой, бұл ондай көп емес. Иә, бұл зиянды, дегенмен соншалықты зиянды емес. Бірақ сен өскенде темекі тартпа, өйткені бұл бәрібір зиянды», – деп айтқанмын.

Осы бір орынсыз сана тасқынына жауап ретінде мен баламның жүзінен түсінбестік, аяушылық және, тіпті, күмәнді байқадым… Өзімнің ақыл қабілетіме байланысты күмәнданғанын көрдім. Сол мезетте мен ата-ананың шылым шегуі балаларға физикалық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ моральдық жағынан да зиян келтіретінін сезіндім. Әрі бұл ата-ана беделін түсіріп, қауіпсіздік сезіміне нұқсан келтіреді. Осыны жете ұғынуым менің темекі шегуден біржолата бас тарту жайында шешім қабылдауыма үлкен үлес қосқаны сөзсіз.

 

Аударған: Рита Сәрсенова      

Как вы оцените статью?
[Total: 1 Average: 5]