Жұмыстан тыныш кету: әріптесіңіз кәсіби шаршаса, не істеу керек - Лайқос

Жұмыстан тыныш кету: әріптесіңіз кәсіби шаршаса, не істеу керек

Сіз әріптесіңіздің белсенді қатысушыдан бірте-бірте үндемейтін орындаушыға айналып бара жатқанын байқадыңыз ба? Ол жұмыстан шығып кеткен жоқ, дегенмен ойша сіздерден алыс. Бұл құбылыс «жұмыстан тыныш кету» деп аталады – осы тұста адам шаршағандыққа тап болады да, эмоциялық және кәсіби тұрғыдан алшақтайды. Лайқос команданың жұмысын қалай сақтап қалуға болатынын айтып береді.

«Жұмыстан тыныш кетіп жатқанның» кескіні: 4 негізгі белгі

Уақытша шаршағандықты жүйелі кәсіби шаршаудан ажырата білген маңызды. Келесі маркерлерге көңіл аударыңыз:

Ынтаның жоқтығы. Бұрын ол жиналыстарда бірінші болып түрлі идеяларды ұсынатын, ал енді үндемейді немесе бірден «бұл іске аспайды» деп қоя салады. Кез келген қосымша тапсырмалардан, тіпті, қызықты тапсырма болсын, одан бас тартады немесе күрсіне қабылдайды. Адам өзіне ойша бір шек қойған секілді сезім пайда болады.

Роботтандыру. Жұмыс қатаң түрде «бастан аяқ», әрі қалып бойынша орындалады. Үдерісті жақсартуға немесе сабақтас тапсырмаларды егжей-тегжейлі түсінуге деген ұмтылыс мүлдем болмайды. Жедел мәселелерге де ол қосылмайды, әрі «тікелей міндеттерімен» айналысып жатқанын желеуретеді.

Қашықтық. Әріптесіңіз дөрекілік танытып, пессимистік пікірлерді білдіріп отырады. Ол үйіне бірінші болып асығады, бейресми араласу мен корпоративтерден қашқақтайды. «Қалың қалай?» сұрағыңызға тек салқын «Болады» деген жауабын естисіз.

Сапаның төмендеуі. Нәтиже үшін мақтаныш жоғалған. Жұмыс «әйтеуір тапсырылса, болды» деген қағидат бойынша істеледі – кішігірім қателіктерге жол берілуі, әрі келісімдер ұмыт қалуы бек мүмкін. Істі жақсы орындауға деген ішкі мотивация ғайып болады.

Ұжым не істемеуі тиіс

  • Өсек айтпаңыз және айып тақпаңыз. «Ол әшейін жалқау ғой!» немесе «Оған бәрібір» деген секілді сөздер сенімді бұзады және ешқандай шешім әкелмейді.
  • Оның жұмысын өзіңізге алмаңыз. Аяушылық немесе ашу сезімі сізді екі есе жүктемені арқалауға мәжбүр етеді. Бұл өзіңіздің кәсіби шаршауыңызға апаратын тікелей жол.
  • Көпшіліктің көзінше «сергітуге» тырыспаңыз. Жалпы жиналыстардағы шақпалы әзілдер немесе «серпілу керек» деген үндеулер тек реніш пен мүлдем араласпауды тудырады.
  • Басшылыққа шағым айтуға асықпаңыз. Бұл ізіне түскендей атмосфераны қалыптастырады және мәселені тереңдетіп жібереді.

Жұмыстан тыныш кету кезіндегі іс-қимыл стратегиясы

1 қадам: адами қатынас

Бетпе-бет әңгімелесу үшін бейресми сәтті таңдаңыз. Кінә жаудырмай сұраңыз: «Мен кейінгі кезде сенің қатты шаршап жүргеніңді байқадым. Бәрі дұрыс па? Бәлкім, көмек керек шығар, не болмаса ішіңде жиналып қалған ойларың бар ма?». Сіздің мақсатыңыз – оның түйткілдерін шешу емес, мына бір жайтты ұғынуға көмектесу: сіз оның бойынан атқарымды емес, адамды көріп тұрсыз. Көбінесе адамның жай-күйін әшейін ғана мойындау ішкі шиеленісті алып тастайды.

2 қадам: ортақ іске бағдарлану

Егер жеке әңгімелесу көмектеспесе, жұмыс бабындағы араласудың тактикасын өзгертіңіз. Оның міндеттерін командалық нәтижемен нақты әрі мейірімді түрде байланыстырыңыз.

3 қадам: нақты келісімдер

Түсініспеушілікке жол бермейтін ашықтықты қамтамасыз етіңіз. Жиналыстарда дедлайндарды дауыстап айтыңыз, ортақ чаттар немесе трекерлерде тапсырмаларды жазбаша түрде белгілеңіз. Бұл жаппай бақылау емес, бұл баршаға, әсіресе, ішкі фокусты жоғалтып алған адамға көмектесетін әшейін құрал.

4 қадам: басшыны қосыңыз

Егер жұмыс сапасы төмендей берсе, мерзімдер сақталмаса, ал диалог көмектеспесе, жетекшіңізге барып, командаға көмек беруін сұраңыз.

Қорытынды

Әріптесіңіздің «жұмыстан тыныш кетуі» – бұл тұтас команда үшін нағыз сын-қатер. Сіздің реакцияңыз оның кәсіби шаршауын жете ұғынуына, не болмаса қалпына келуіне мүмкіндік беретін жайт. Негізгі қағидаттар: адамды мәселеден бөле біліңіз, сыйластықты сақтаңыз, қайта тәрбиелеуге емес, міндеттердің айқындығына баса назар аударыңыз. Салауатты жұмыс ортасы – бұл кәсіби шаршауға жол бермейтін емес, бұл оны уақытында байқайтын, әрі теңгерімді сақтауға көмектесе алатын орта.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.