
Сепарация: ата-анадан бөлек шығу мен қатынастарды сақтап қалудың жолы
8 сұрақ
Психологиядағы сепарация дегеніміз не?
Адамда сепарация үдерісінің басталуы негізінен кіммен байланысты?
Қандай жас сепарация үшін негізгі болып саналады?
Салауатты сепарацияға қандай белгі жатпайды?
Не нәрсе сепарация үдерісін қиындатуы мүмкін?
Сепарация ересек адамның эмоциялық денсаулығына қалай әсер етеді?
«Эмоциялық сепарация» дегеніміз не?
Сепарацияның болмауы серіктестердің келесі қабілетіне ықпал етеді:
Кейде жақын адамдарымыздың пікірі мен сезімі бізге қысым жасайтыны сонша, тіпті, өзіміз қалағандай өмір сүруден бас тартып жатамыз. Бұл ретте әрі дербестікті, әрі жақсы қарым-қатынастарды сақтап қалу үшін өз қалауларыңызды өзгелердікінен ажыратуды үйренген маңызды. Психолог Әсел Дұрбаева Лайқосқа сепарация дегеніміз не екенін, кінәлік сезімге берілмей, бөлек үй болу мен өзіңіз және жақындарыңызбен тату-тәтті өмір сүрудің жолын түсіндірді.
Сепарация дегеніміз не
Сепарация — бұл есейіп келе жатқан адамның бірте-бірте дербес болуын білдіреді, соның ішінде эмоциялық, қаржылық және тұрмыстық тұрғыдан бөлектенуі. Бұл үлкею мен жеке өмірді құру үшін қажетті дүние.
Сепарация – бұл есеюдің табиғи кезеңі. Адам ата-анасына аса қатты тәуелді болудан қалады және әлемге қызығушылық танытып, өз бетімен шешімдерді қабылдап, әрі өмірде жеке өзіне маңызды нәрселерді таба бастайды.
Ересек адам үшін бөлек шығу бұл дегеніміз келесі мүмкіндіктер мен қабілеттерге тең:
- өзіне арқа сүйеу,
- өз бетінше шешім қабылдау,
- жеке құндылықтары мен дүниетанымын қалыптастыру,
- өз өмірі үшін жауапты болу.
Сепарация аяқталған кезде маңызды адамдармен қарым-қатынас жасау шекаралар мен айырмашылықтарға деген сыйластығы бар екі дербес ересек арасындағы қатысым форматына ауысады.
Сепарация қай уақытта басталады
Жалпы сепарация үдерісі туғаннан басталады да, ұзақ жылдар бойы жалғасады. Нәрестелік жастағы бала анасымен ерекше байланыста болады, әрі осы симбиоз аман қалу әрі айналадағы әлемге деген негізгі сенімді қалыптастыруда аса маңызды болып келеді. Бірте-бірте физикалық дербестік, ал кейіннен – тәуелсіздікке ұмтылыс және құрдастармен араласу арқылы өзіндік сәйкестікті іздеу пайда болады. Жасөспірім шақ – өздік ойлау қалыптасатын, әрі беделдер қайта қарастырылатын негізгі кезеңдердің бірі. Егер осы кезеңдер айтарлықтай сәтті өткерілсе, пубертаттан кейін адам өмірі үшін жауапкершілікті өзіне алуға қабілетті.
Бөліну және ересек қарым-қатынастар
Еңсерілмеген сепарация көбінесе романтикалық және достық қарым-қатынастарда көрініс табады.
Адам келесі жайттарға тап болуы мүмкін:
- өзгелердің пікірі мен мақұлдауына тәуелді болу,
- өз қалауларынан ұялу,
- жеке қажеттіліктерді елемеу,
- жұбы үшін жанын құрбан ету,
- өзара тәуелді сценарийлер бойынша өмір сүру.
Мұндай қарым-қатынастарда ашу мен қанағаттанбаушылық жинақталады да, көбіне-көп бұл дағдарыстар мен қарым-қатынастардың үзілуіне әкеліп соқтырады. Сонымен бірге мазасыздық, қорқыныш, абдырау, ішкі шиеленіс, ашу мен белгісіздік сезімі пайда болуы ықтимал. Бұл ретте, әсіресе, ұзақ уақыт бойы үйреншікті сценарийлер бойынша өмір сүрген жандарға, яғни, шешімдерін ата-анасымен келісіп келген, отбасының үміттерін ақтаған немесе өзгелердің қалауларын жүзеге асырған адамдар үшін қиынға соғады.
Белгілі бір мезетте өзгеше өмір сүргің келе бастайды: ескі тәсілдер іске аспайтын көрінеді, ал жаңалары әлі қалыптаспаған, әрі бұл алаңдаушылықты тудырады. Осындай кезең көңіл-күйге, хал-жайға, ұйқы сапасына, ата-анамен арасындағы қарым-қатынастар мен өзін-өзі бағалауға ықпал етуі бек мүмкін. Кейде осы уақытта адам өз-өзіне іштей мынадай бір маңызды сұрақ қояды: «Ал мен бұл өмірде қайдамын?»
Жұмсақ сепарацияға не көмектеседі
Алғашқы қадамдардың бірі – өз-өзіңе көңіл бөлу. Сәл бәсеңдеу, үзілістер жасау және өзіңді зерттеу жеке тілектеріңді, қажеттіліктеріңді, шекараларыңды, мүмкіндіктерің мен шектеулеріңді әлдеқайда жақсырақ ұғынуға көмектеседі. Ақырындап шекаралардың түр-түрін құрған маңызды. Соның ішінде дербестік сезімін нығайтуға мүмкіндік беретін қаржылық тәуелсіздік ерекше рөлге ие болып келеді.
Сепарацияның маңызды бір бөлігі – жеке тәжірибені жете түсіну арқылы ата-анаға деген өкпе-ренішті еңсеру мен олардың мінсіз еместігін қабылдау. Бұл тұста психотерапия, отбасылық кеңестер немесе адам өз сезімдері мен уайымдарын қағаз бетіне түсіру тәжірибесі көмектесе алады.
Қорытынды
Сепарация ата-анамен жақындықты жоғалту немесе отбасыдан бас тарту дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл қарым-қатынастарды әлдеқайда сабырлы, кемелденген әрі адал етуге көмектеседі. Бұл уақытты, өзіңе деген көңіл бөлуді және кей кездері мамандардың қолдауын талап ететін үдеріс, алайда нәтижесінде ол ішкі еркіндік пен психологиялық хал-жағдайдың маңызды тірегіне айналары сөзсіз.