Уытты қарым-қатынас: неліктен одан арылу соншалықты қиын және оған тап болғаныңызды қалай түсінуге болады - Лайқос

Уытты қарым-қатынас: неліктен одан арылу соншалықты қиын және оған тап болғаныңызды қалай түсінуге болады

Кейде қарым-қатынастар тұрақты түрде сақталатын алаңдаушылық сезімін әкеледі. Сіз өзіңізге деген сенімділікке күмәнданасыз, басқалардың әрекеттерін ақтап, әрі бұл жай ғана күрделі кезең деп үміттеніп жүресіз. Алайда қарапайым қиыншылықтар қай жерде аяқталып, уытты қарым-қатынастар қай тұста басталады? Лайқос қандай белгілерді дер кезінде байқаған дұрыс екендігі мен неліктен уытты қарым-қатынастардан шығу қиынға соғатынын анықтады.

Уытты қарым-қатынастар дегеніміз не

Бұл серіктестер бір-бірінің сезімдерін құрметтемейтін қарым-қатынастар болып келеді. Көмектесу мен тыңдаудың орнына біреусі екіншісін бақылап, сынап, әрі жүйкесін тоздыра бастайды. Мұндай жұптарда қауіпсіздік пен тыныштық сезімі болмайды.

Дау-жанжалдар барлық адамдардың өмірінде болып жатады, дегенмен бұл жерде қайта-қайта орын алатын шиеленістер жайлы сөз етіліп отыр, яғни, бір адам өзін тұрақты түрде кінәлі, «тым сезімтал», ыңғайсыз немесе «жеткіліксіз» сезінеді.

Мұндай қарым-қатынастардың басты белгілері

  • сіз өз сезімдеріңіз туралы айтудан қорқасыз, өйткені бәпі «тағы да басталып кетеді»;
  • ол сіздің эмоцияларыңызды құнсыздандырады («сен бәрін де ойдан шығарғансың», «драма қоспашы»);
  • жұбыңыз жауапкершілік пен кешірім сұраудан қашады;
  • әңгімелесуден кейін жеңілдікті емес, ауырлықты сезесіз;
  • уақыт өте келе өзіңізді жоғалтып жатқаныңызды байқайсыз.

Уыттылық айлалы әрекеттер, пассивті агрессия, салқындық, айырылысумен қорқыту, газлайтинг немесе үнемі сынға алу түрінде көрініс табуы мүмкін.

Неліктен уытты қарым-қатынастардан шығу аса қиын

Бұл жердегі басты парадокс уытты қарым-қатынастардың көбіне-көп жек көрушілікке емес, қатты құштарлыққа негізделетінінде жатыр.

Мұнда әдетте ауырсыну мен «бал айы» кезеңдері алма-кезек ауысып отырады: жанжалдан кейін серіктес айырықша ықыласты, қамқор болуы мүмкін, әрі алдағы уақытта өзгеруге уәде береді. Бұл нағыз эмоция ауытқуын тудырады. Ми жеңілдеп қалу сезімін дәл осы адаммен байланыстыра бастайды – осылайша тәуелділік пайда болады.

Сонымен бірге осындай қарым-қатынастарда бірте-бірте қорқыныштар іске қосылады: жалғыздық қорқынышы, «енді ешкімді кездестіре алмаймын» деген алаңдаушылық, «қарым-қатынастарды сақтай алмаған адам» болу үрейі. Сондай-ақ бұл ретте бәрін де түзетуге болады деген үміт өз өмірін жалғастыра береді, бар керегі кішкене күш салу мен азғантай шыдау секілді көрінеді. Әсіресе бұған көп жыл жұмсалған болса, ортақ жоспарлар, отбасы немесе әлеуметтік қысым болған жағдайда ерекше қиын.

Уытты қарым-қатынастар несімен қауіпті

Адам ұзақ уақыт бойы күйзеліс жағдайында болса, бұл тек эмоцияларға ғана әсер етпейді. Бірте-бірте жүйке жүйесі зардап шегеді, ұйқы нашарлайды, гормондар тепе-теңдігі бұзылады және ағзаның қалпына келу қабілеті төмендей түсетіні рас.

Адам алаңдаушылыққа, өзін-өзі бағалаудың төмендеуіне, ауруларға, тұрақты шаршағандық сезіміне тап болуы ықтимал. Ағза ұдайы қауіп-қатер тәртібінде өмір сүреді, әрі уақыт өте келе бұл норма туралы бұрмаланған түсінікті қалыптастырады: ауырсыну махаббаттың бір бөлшегі ретінде қабылданады.

Бәрін де өзгертуге бола ма

Кейде – болады. Алайда бұл серіктестің екеуі де түйткілдің бар екендігін мойындаған және онымен жұмыс істеуге дайын болған жағдайда ғана мүмкін. Бұл адал диалогты, тыңдауға деген дайындықты, жауапкершілікті алуды, отбасылық психологтың көмегіне жүгінуді қамтиды. Дегенмен бір адам үнемі ауырсыну жайында айтса, ал екіншісі қорқынышты ештеңе жоқ деп санайтын болса, өзгерістердің болмайтыны хақ.

Қорытынды

Өзіңізге мынадай сұрақ қойып көріңіз: «Мен бұл қарым-қатынастарда өзімді қауіпсіз сезінемін бе?». Егер адамның жанында тыныштықтан гөрі, бойыңыздың ширығуын жиі сезінсеңіз, еркін сөйлесуден гөрі, көбірек ақталып жүрсеңіз, өзіңізге сенімді болудан гөрі, негізінен күмәндансаңыз, бұл – қауіпті белгі. Махаббат мінсіз болуы міндетті емес, алайда ол қауіпсіз болуы тиіс.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.