
Күйзеліссіз дофамин: импульсивті сатып алуды, скроллинг пен драманы немен алмастыруға болады
Неліктен бір тәттіден кейін екіншісін жегің келеді, ал телефонға телмірген бес минутың елеусіз бір сағатқа ұласып кетеді? Мәселе ерік-жігердің әлсіздігінде немесе тәртіптің жоқтығында емес. Адамның миы жылдам ләззатқа ұмтылу үшін бейімделген. Лайқос неліктен кейбір әдеттердің жылдам қалыптасатынын, ал басқаларынан бас тарту қиынға соғатынын айтып береді, әрі рахатқа бөлену тәуелділікке айналмайтын теңгерімді құрастыру тәсілінің бар-жоғын анықтайды.
Дофамин дегеніміз не және ол не үшін керек
Дофамин – бұл нейромедиатор, әрі ол мидағы мотивация мен марапаттау жүйелерінің қызметінде негізгі рөлді атқарады. Ол бізге рахатқа бөленуге ғана емес, сонымен бірге анағұрлым маңыздырақ болып келетін мақсаттарға ұмтылуға, өмірге деген қызығушылықты таныту мен аман қалу мен даму үшін пайдалы әрекеттерді қайталауға көмектеседі.
Бұл тура мағынасындағы «бақыт гормоны» емес, бұл мотивацияны іске қосатын дәмелену мен үйрену жүйесі: орныңнан тұрып, серуенге шығу, тапсырманы аяқтау, адамдармен кездесу, жаңа бір нәрсені байқап көру. Онсыз кез келген әрекет өзінің мағынасы мен ішкі импульсін жоғалтады.
Бар мәселе марапаттау жүйесі жылдам әрі жеңіл стимулдармен шамадан тыс жүктелген кезде басталады – бұл ретте ми ұзақ мерзімді болашақта пайдалы болатын нәрсені емес, лезде әсер беретін нәрсені таңдай бастайды.
Жылдам дофамин дегеніміз не
Бұл мидың жеңіл және қолжетімді стимулдардан алатын кенет, әрі қысқа мерзімді ләззаттың жарқылы: импульсивті сатып алу, шексіз-шетсіз скроллинг, тәтті тағамдар, эмоцияға толы хабарламалар немесе драмалық жағдайлар.
Оның ерекшелігі ол күш салуды талап етпейді. Бастың – алдың. Сатып алдың – жеңілдікті сезіндің. Әлеуметтік желіні аштың – стимулға ие болдың.
Алайда миымыз осындай «жылдам марапаттарды» неғұрлым жиі алатын болса, соларға соғұрлым күштірек тартылады да, әрі одан алатын ләззаты аз ғана уақытқа созылады. Бұл ретте келесідей сезімдер пайда болады: «ешнәрсе қуаныш сыйламайды», «бәрі де жалықтырды», «тағы да бірдеңе қажет».
Ұшқыр ынтаны немен алмастыруға болады
Рахаттардан толықтай бас тарту мүмкін емес және мұның керегі де жоқ. Бұл тұста бүлдіруші күшке ие жылдам стимулдардан дофаминнің анағұрлым тұрақты көздеріне көңіл аударған маңызды – яғни, кішкене уақыт пен күш жұмсауды талап ететін, дегенмен әлдеқайда тереңірек қанағаттану сезімін беретін жайттар.
Қозғалыс
Серуендер, спорт, би – денені қосатын барлық нәрселер дофамин деңгейін тұрақтандыру мен жылдам стимулдарға деген қажеттілікті төмендетуге көмектеседі.
Кішігірім аяқталған міндеттер
Үй жинау, поштаны тексеріп қарау, тамақ пісіру, соңына дейін жеткізілген кішігірім шаруалар миға аяқталғандық пен шынайы ілгерілеу сезімін береді.
Дағдылар
Тілді меңгеру, музыка, сурет салу, кітап оқу – бұл бірте-бірте жинақталатын дофамин, алайда ол қанағаттанудың айтарлықтай тұрақты әсерін сыйлайды.
Тікелей тілдесім
Сырласу, кездесулер жалпы байланыс пен қауіпсіздік сезімін қалыптастырады. Эмоцияға толы хабарлама алмасудан немесе дау-жанжалдардан гөрі мұндай араласу жүйкеңізді жұқартпайды, керісінше, қолдайды және толықтыра түседі.
Саналы демалыс
Ұйқы, тыныштық, экрансыз өткізілген уақыт – бұл нағыз база, әрі онсыз жүйке жүйесі жай ғана қалпына келіп үлгермейтіні хақ.
Қорытынды
Кез келген кенет шектеулерге қарағанда өміріңізге оңай кіріктіруге болатын кішігірім өзгерістер уақыт өте келе әлдеқайда тұрақты нәтиже беретіні сөзсіз.