
Селф-харм: неліктен адамдар өз-өзіне зиян келтіреді және мұны тоқтатуға бола ма
Кей уақытта эмоциялардың билеуі күшті болатыны соншалық, оларға төтеп беру, тіпті, мүмкін еместей көрінеді. Бұл тұста селф-харм (өз-өзіне зиян келтіру), өзіңді жарақаттау басталады. Бұл тақырыптың мазмұнын ашу мақсатында Лайқос психотерапевт Ольга Дубынинаны әңгімеге тартты.
Селф-харм дегеніміз не: анықтамасы мен түрлері
Селф-харм – бұл адамның өз-өзіне қасақана зиян келтірудің кез келген түрі. Көбінесе теріге зақым келтіру секілді түрі кездеседі: кесу, тырнау, күйдіру. Алайда мұнымен шектелмейді.
Бұл жағдай әрқалай көрініс табуы мүмкін: адам өзін-өзі ұруы, әдейі күйіп қалуы, шашын жұлуы, жеуге болмайтын нәрсені жұтуы, тырнағын тістеуі, тамақ ішуден бас тартуы немесе дәрі-дәрмектерді теріс пайдалануы мүмкін. АХЖ-11 Аурулардың халықаралық жіктемесінде бұл жай-күй non-suicidal self-injury (коды MB23.E) ретінде бөлек көрсетілген.
Алкоголь, темекі, есірткі және қауіпті мінез-құлық – бұл да селф-хармның бір бөлігі. Адамның ішімдік ішуі, темекі тартуы немесе есірткіні тұтынуы – бұл мазасыздыққа, алаңдаушылыққа, ауырсынуға төтеп беруге деген талпынысы. Дегенмен бар гәп бұл жағдайдың уақыт өте келе қайтып оралатынында, ал көбіне-көп тіптен нашарлайтынында жатыр. Бұл тұста жүрек, тамырлар, өкпе мен жүйке жүйесі зардап шегеді. Адам дәл қазір және осы жерде ауырсынуды басу үшін оның ағзасы мен психикасына залал келтіретін нәрселерді тұрақты түрде жасап отырады.
Селф-хармның суицидтен айырмашылығы неде?
Ең кеңінен таралған дақпырттардың бірі – селф-харм әрдайым өлім қалаумен байланысты. Алайда шын мәнісінде бұл мүлдем олай емес.
Өз-өзіне зиян келтіру – бұл күшті эмоцияларды жеңудің әдісі, соның ішінде: ұят, ашу, кінәлік сезім, жалғыздық немесе іштегі ауырсынуды жеңу. Физикалық ауырсыну эндорфиндердің – яғни, кішкене уақытқа ішкі шиеленісті төмендетуге және шынайылыққа оралуға көмектесетін сыздауды басатын табиғи заттектердің бөлінуін іске қосады.
Неліктен селф-харм туындайды? Басты себептері
Селф-хармның себептері алуан түрлі болуы мүмкін. Бұл негізінен жоғары эмоциялық сезімталдықпен, ауыр тәжірибемен, зорлық-зомбылықпен, буллинг немесе күшті дау-жанжалдармен байланыстырылады.
Жасөспірімдер мұндай мінез-құлықты құрдастарынан немесе интернеттен көшіріп алуы мүмкін. Ересек адамдарда нағыз триггерге залалды қарым-қатынастар, жалғыздық немесе ұзаққа созылған күйзеліс айналады.
Алкоголь мен есірткі селф-харм қаупін арттыра түседі, өйткені өзін-өзі бақылау деңгейін төмендетеді және салдарды дұрыс бағалауға кедергі етеді.
Өзіңізге зиян келтіргіңіз келсе, не істеуге болады: алғашқы көмек
Кей кездері өз-өзіне зиян келтіру ұмтылысы кенет пайда болуы ықтимал – бұл бақылануы қиын қатты бір импульс іспетті. Мұндай мезеттерде терапияда себептермен жұмыс істеу ғана емес, сонымен бірге толқынды бастан өткерудің қарапайым тәсілдерінің қол астында болғаны да аса маңызды.
Мұндай жаттығулардың міндеті – жүйке жүйесін тыныштандыру мен негізгі шиеленісті басу.
Селф-харм кезіндегі сүңгуір рефлексі
Пакетке салқын су толтырып алу немесе суық компресті бетке қойып, алға қарай еңкею мен тынысыңызды шамамен 20 секундқа тоқтату керек. Содан кейін тік тұрып, жарты минуттан кейін осыны тағы да қайталау қажет. Бұл қалай жұмыс істейді: суық пен тынысты тоқтату ағзаны адам суға сүңгіді деп ойлауға мәжбүр етеді. Осы тұста тамыр соғысы бәсеңдей түседі, бұлшықет босаңсиды, алаңдаушылық төмендейді.
Бұдан кейін шамамен 20 рет отырып-тұру жаттығуын жасауға, ал кейіннен шаршы бойынша тыныс алудың бірнеше циклін орындауға болады – баяу тыныс алу, үзіліс, дем шығару және қайтадан үзіліс жасау.
Мінез-құлықтағы ауыстырым: басқа нәрсеге көңіл аудару
Кейде анағұрлым қарапайым ауыстырымдар да көмекке келе алады: мәселен, егер тырнақ тістеуге ұмтылыс пайда болса, антистресс-допты қысып отыруға, қолыңызда шағын бір затты ұстауға немесе үй жинау секілді механикалық әрекетке ауысуға болады. Бұл мәселені толықтай шешпейді, дегенмен дәл сол мезетте қауіптерді төмендетуі бек мүмкін.
Темекіге келер болсақ, бұл ретте денсаулық үшін ең жақсы шешім маман көмегінің сүйемелдеуімен өтетін шылым шегуден біржолата бас тарту болып қала бермек. Егер бұл қолыңыздан бірден келе қоймаса, дәрігер никотинді алмастыратын терапияны (НАТ), яғни, шылымға деген құмарлықты азайтатын және әдеттен бас тарту кезеңін жеңілдете түсетін жабыстырғыштарды, сағыз немесе кәмпиттерді ұсына алады.
Кей уақытта адамдар тырнақты тістеу әдетін тамақпен алмастырады – мәселен, шемішке шағады немесе кепкен тоқаштарды жейді. Бұл уақытша болса да, импульстен алаңдатуы бек мүмкін, алайда мұндай ауыстырымның жаңа әдетке айналмағаны аса маңызды, өйткені ол басқа түйткілдерге әкеліп соқтырады.
Мына бір жайтты түсінген маңызды: бұл жаттығулар психотерапияның орнын баса алмайды, дегенмен қатты шиеленіс сәтінде олар алғашқы көмекке айналуы бек мүмкін, себебі бұл кезде импульсті еңсеру мен адамның өз-өзіне зиян келтірмеуі қажет.
Көмекке қай уақытта жүгінген абзал
Кез келген селф-харм түрі, теріні пышақпен кесуден бастап еңбекқорлық пен ішімдікке салынуға дейін, – бұл маманның көмегіне жүгінуге себеп болып келеді. Әуелі медициналық көмек (мысалы, хирург немесе токсиколог маманының көмегі), ал содан соң – психиатр немесе психотерапевттің кеңесі керек болуы ықтимал.
Бұл өте маңызды жайт, өйткені селф-харм тұлғалық бұзылыстармен, ауыр күйзеліспен немесе кәсіпқой қолдауды талап ететін басқа да жай-күйлермен байланысты болуы мүмкін.
Селф-хармнан біржола арылудың жолы қандай? Емдеу әдістері
Ең тиімді тәсілдердің бірі диалектикалық-мінез-құлық терапиясы (DBT) болып саналады. Ол эмоцияларды басқаруды үйренуге және аса күшті сезімдерді өз-өзіне зиян келтірмей бастан өткеруге көмектеседі. Уақыт өте келе үйреншікті «күшті эмоциялар – физикалық ауырсыну» байланысы әлсіздейді және жойылады.
Жақын адамдардың қолдау көрсетуі, ұйқының тұрақты тәртібі, физикалық белсенділік пен жаман әдеттерден бас тарту да қалыпқа келу үдерісінде маңызды рөлді атқарады.
Қорытынды
Негізінен бұл қатты ішкі ауырсыну және эмоциялар мен коммуникацияға қатысты қиыншылықтар туралы дабыл болып келеді. Мұнымен жұмыс істеуге болады және жұмыс істеу керек. Егер сіз немесе жақыныңыз селф-хармға ұшыраса, ең маңыздысы, дер кезінже кәсіби көмекке жүгіну. Бұл тұста психолог немесе дәрігер-психиатрдан бастауға болады.