Қазақстандағы кенелер шағуы: қауіпсіздік ережелері, қорғану және алғашқы көмек

Кенелер: көктемде табиғат аясындағы қауіпсіздік негіздері

Күн жылысымен Қазақстанда кенелердің шағуынан зардап шеккендер саны кенет ұлғая түсті. Бір маусымның ішінде ғана дәрігерлердің көмегіне мыңдаған адам жүгінеді: мәселен, 2025 жылы 8,8 мыңнан астам жағдай тіркелген екен, соның ішінде 3,5 мыңға жуығы – балалар. Сонымен бірге кене шағу жайттарының дені қалың ормандарда емес, саябақтарда, саяжайларда және, тіпті, қаладағы шөптің арасында орын алып жатады. Лайқос өзіңізді қорғаудың жолы мен жәндік қадалып үлгерген жағдайда не істеу керектігін айтып береді.

Неліктен кене қауіпті

Кенелер инфекцияларды таратуы мүмкін, кеңінен танымал жұқпалар – кене энцефалиті мен Лайм ауруы (боррелиоз) болып келеді. Мұндағы басты қауіп жәндіктің шағуы көбіне-көп адам үшін байқаусыз өтетінінде жатыр: кене терінің сезімталдығын төмендете түсетін заттектерді бөледі.

Инфекция сол мезетте берілмейді, дегенмен кене адам денесінде неғұрлым ұзақ уақыт болса, жұқтыру қаупі соғұрлым жоғары болады. Сондықтан тек жәндіктің шағуынан аулақ болып қана қоймай, сондай-ақ өзіңізді үнемі тексеріп отырғаныңыз маңызды.

Көбінесе кенені қай жерде кездестіруге болады

Кеңінен таралған бір қате түсінік – кенелер тек қана ормандарда мекендейді. Шын мәнісінде оларды биік шөптің, бұталардың арасында, қалалық саябақтар мен гүл бақтарында, саяжай телімдерінде кездестіруге әбден болады. Кенелер ағаштан секірмейді: олар адамды шөптің арасында тосып, ол жанынан өтіп бара жатқан кезде ілініп алады.

Кенелердің белсенділік маусымы әдетте ерте көктемде – ауа температурасы +5-7 °C жоғары көтерілген кезде, яғни, сәуір айынан басталады. Оның шыңы мамыр-маусым айларына келеді де, кейін ыстық айлардың басталысымен жәндіктердің белсенділігі біршама азаюы мүмкін, екінші жоғары деңгей негізінен жаздың аяғында – күздің басында байқалады. Маусымның біржола бәсеңдеуі тұрақты суықтың басталуына шақ келеді.

Табиғат аясында қалай қорғану керек

  • Жабық киімді таңдаңыз. Ұзын жең, шалбардың балағын шұлыққа салып қою, әрі ашық түсті маталар (оның үстінен кенені байқап қалу әлдеқайда жеңілірек).
  • Репелленттерді қолданыңыз. Кенеден қорғайтын құралдарды киімнің үстіне және терінің ашық аймақтарына жағады.
  • Биік шөптен аулақ болыңыз. Соқпақтармен жүргеніңіз, әрі жердің өзіне отырмағаныңыз абзал.
  • Өзіңізді және жақындарыңызды тексеріңіз. Серуеннен кейін денені қарап шыққаныңыз дұрыс, әсіресе, құлақтың артындағы, тізенің астындағы аймақтар, шап аумағы мен бас терісі.
  • Вакциналауды қарастырып көріңіз. Кене энцефалитіне қарсы екпе – қорғаныстың ең бір тиімді амалдарының бірі, әсіресе, сіз табиғат аясына жиі шығып тұрсаңыз. Әдетте вакциналау бірнеше кезеңнен тұрады: аралығы 1-3 айды алатын екі дозадан тұратын негізгі курс, содан соң 9-12 айдан кейінгі ревакциналау мен 3-5 жылда бір рет салынатын қолдаушы екпелер. Мұны алдын ала, яғни, кенелердің белсенділік маусымына дейін бастаған жөн.

Үстіңізден кене тапсаңыз, не істеуге болады

Бастысы – дүрбелеңге салынбау. Кенені барынша тезірек алып тастау қажет. Ең дұрысы, травматологиялық пункт немесе дәрігердің көмегіне жүгіну. Егер мұндай мүмкіндік болмай жатса, жәндікті өзіңіз ақырын алып тастай аласыз. Денеге қадалған кенені тапқан кезде оны «қылқындыру» немесе майлармен, иісмайлармен, вазелинмен, лак немесе қандай да бір басқа сұйықтықтармен өңдеу талпыныстарынан аулақ болғаныңыз жөн – бұл ауру жұқтырудың қаупін арттыра түседі.

Бұл ретте ең оңтайлысы, кенені жалаңаш қолмен ұстамай, арнайы құралдарды (бұғалық-тұтқа, кене-бұрауыш) немесе мықты жіпті қолданыңыз. Жәндікті абайлап, денесін зақымдап алмай, әрі фрагменттерін теріде қалдырмауға тырысып, айналмалы қозғалыспен шығарған абзал.

Кенені алып тастағаннан кейін шаққан жерге антисептик жаққаныңыз маңызды (мысалы, 5% йод ерітіндісін пайдаланыңыз). Алынған жәндіктің өзін мөлдір ыдысқа салып, қақпақпен тығыздап жабу қажет және емханаға талдауға алып барған жөн.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.