
Электролиттер бойынша нұсқаулық: олар не үшін керек және тапшылыққа жол бермеу
Аптап ыстықтан, қарқынды жаттығулардан немесе ұйқысыз өткен түннен кейін біз көбіне-көп шаршағандықты, бастың ауырсынуы мен қатты қалжырауды сезінеміз. Кей уақытта мәселе кәдімгі сусыздануда жатқан іспетті, алайда жалғыз судың өзі жеткіліксіз болатыны рас. Адам ағзасы электролиттерді қажет етеді — бұл нағыз «ғажап-минералдар», әрі онсыз жүректің де, бұлшықет пен жүйке жүйесінің де дұрыс қызмет атқаруы мүмкін емес. Лайқос түсіндіреді.
Электролиттер дегеніміз не
Электролиттер – бұл адам ағзасының қаны мен басқа да сұйықтықтарында болатын және электр импульстерін өткізетін минералдар. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, олар жасушаларға бір-бірімен «араласуға» көмектеседі. Негізгі электролиттерге натрий, калий, магний, кальций, хлор және фосфаттар жатқызылады. Олардың әрқайсысы өзіндік қызметін атқарады, дегенмен әрдайым өзара байланыста жұмыс істейді.
Олар ағзаға не үшін қажет
Электролиттер өмірлік маңызға ие барлық дерлік үдерістерге атсалысады. Олар су тепе-теңдігін реттеп тұрады, бұлшықетке жиырылу мен босаңсуға көмектеседі, жүректің қалыпты ырғағын сақтайды және жүйке белгілерінің берілуін қамтамасыз етеді.
Мәселен, натрий сұйықтықты ұстауға, ал калий жүрек пен бұлшықет жұмысы үшін жауапты, магний жүйке жүйесіне «қызып кетпеуге» көмектессе, кальций сүйек денсаулығына ғана емес, сонымен бірге бұлшықеттің жиырылуына да атсалысады.
Егер тепе-теңдік бұзылған болса, ағза мұны жылдам сезеді де, бұл ретте: әлсіздік, бас айналу, сіңірдің тартылуы, жүрек ырғағының бұзылуы немесе жылдам шаршау пайда болады.
Электролиттер қай уақытта жоғалады
Қалыпты жағдайда ағза аталмыш теңгерімді өз бетімен сақтап тұрады. Алайда шығынның көбею жағдайлары да кездеседі.
Бұл тердің қатты бөлінуі кезінде, мәселен, аптап ыстықта немесе қарқынды жаттығу барысында, іш өткенде және лоқсығанда, дене қызуы көтерілгенде, сондай-ақ тұтынылатын сұйықтықтың мөлшері аз болған кезде орын алуы бек мүмкін. Кей кездері теңгерімсіздік бүйрек ауруларына немесе сұйықтықтың ағзадан шығарылуына әсер ететін кейбір дәрі-дәрмектердің қабылдануына байланысты.
Кім үшін электролиттерді қадағалау аса маңызды
Теңгерімнің бұзылу қаупі негізінен белсенді терлейтін адамдарда – спортшыларда, ыстық климатта немесе жаз маусымында далада жұмыс істейтіндерде жоғары болып келеді. Сонымен бірге бұл жайтқа ауырғанда жоғары температураға жиі тап болатын немесе асқазан-ішек жолына қатысты түйткілдері бар жандардың ерекше назар аударғаны абзал.
Бөлек топ – бұл су-тұз теңгерімінің реттелу үдерісі тиімділігі жағынан әлдеқайда төмен жұмыс істейтін егде жастағы адамдар. Олардың ағзасындағы, тіпті, кішігірім сусызданудың өзі хал-күйдің нашарлауына жылдамырақ әкеліп соқтыруы ықтимал.
Теңгерімді қалай сақтау керек
Кәдімгі өмірде су ішу және электролиттерді тамақтан алу жеткілікті. Натрий тұздан келіп түссе, калий – көкөністен, жемістен және картоптан, магний – жаңғақтар мен жармалардан, кальций – сүт өнімдерінен және кейбір өсімдік көздерінен алынады.
Кей кездері сұйықтық тым қатты жоғалған жағдайда (мәселен, қарқынды орындалатын жаттығулардан немесе аурудан кейін) теңгерімді тезірек қалпына келтіру мақсатында регидратацияға арналған ерітінділер немесе құрамында электролиттері бар сусындар қолданылады.
Қорытынды
Жалпы адамның хал-күйі біз байқамайтын көптеген ұсақ-түйек нәрселерден құралады. Шаршағандық, энергияның азаюы немесе қалжырағандық кенет пайда болмайтыны хақ. Мұндай белгілерді неғұрлым ертерек байқауды үйренетін болсақ, күрт құбылулар мен шамадан тыс көп жүктемелерге жол бермей-ақ тұрақты жағдайды соғұрлым жеңілірек сақтауға болар еді.