
Жидекке асқан сұраныс: тосаптан басқа жидектен не әзірлеуге болады
Жаз – бұл жидекті күнделікті дерлік жегің келетін маусым. Алайда одан тосаптан басқа, әрі күрделі және ұзақ дайындаусыз ондаған қарапайым және пайдалы десерт түрін әзірлеуге болады. Лайқос рецепттермен бөліседі.
Жидек сорбеті (балмұздақ дайындайтын аспапсыз)

Небәрі екі ингредиенттен дайындалатын сергіткіш десерт.
Ингредиенттер:
- 300-400 г тоңазытылған жидек
- 1-2 ас. қ. бал немесе шәрбат (қалауыңыз бойынша)
Қалай дайындалады:
Жидекті блендердің ішінде кремдік текстураға дейін араластырыңыз. Егер пайда болған масса тым қою болса, кішкене лимон шырынын немесе суды қосыңыз. Бірден ұсынуға немесе 20-30 минутқа мұздатқышқа салсаңыз да болады.
Қолдан жасалған жидек жаймақағы

Ингредиенттер:
- 400-500 г жидек (таңқурай, құлпынай, қарақат)
- 1-2 ас. қ. бал (қалауыңыз бойынша)
Қалай дайындалады:
Жидекті езбе түрінде ұсақтап, пергаменттің бетіне жіңішке қабат етіп жағыңыз және тұмша пеште 6-8 сағат бойы 60-80° температурада (немесе кептіргіштің ішінде) кептіріңіз. Дайын жаймақақ жұмсақ болуы әрі пергаменттен жеңіл алынуы керек.
Сергітетін жидек лимонады

Ингредиенттер:
- 1 л су (газдалған немесе қарапайым)
- 150 г жидек
- 1 лимон
- бал немесе шәрбат – дәміне қарай
- мұз
Қалай дайындалады:
Жидекті аздап езіңіз, лимон шырыны, бал және суды қосыңыз. 10-15 минутқа қалдыра тұрыңыз, кейін мұзбен бірге ұсыныңыз.
Жидек тұздығы қосылған стейк

Етті әзірлеу:
Стейкті бөлме температурасында болуы үшін тоңазытқыштан алдын ала 20-30 минут бұрын шығарып алыңыз. Тұздаңыз, бұрыштаңыз. Етті екі жағынан 2-4 минут бойы жақсы қыздырылған табада немесе грильде қуырыңыз (қалаған қуырылу деңгейіне қарай). Қуырып алғаннан кейін етті 5-7 минутқа қалдыра тұрыңыз, сонда ішіндегі шырыны біркелкі таралады.
Жидек тұздығы
Ингредиенттер:
- 150 г жидек (қарақат, шие, таңқурай)
- 1 ш. қ. бал
- 1 ш. қ. бальзамды сірке суы
- бір салым тұз
Қалай дайындалады:
Жидектерді 3-5 минут табада қыздырыңыз, аздап езіңіз. Бал мен сірке суын қосыңыз да, біршама қоюланғанға дейін жеткізіңіз. Стейкпен бірге ұсыныңыз.
Жидек қосылған сүзбелі чизкейк (пісірусіз)

Ингредиенттер:
- 200 г сүзбе немесе крем-ірімшік
- 150 г табиғи йогурт
- 2-3 ас. қ. бал
- 10-12 г желатин
- 50 мл су
- 150 г жидек
- негізі: печенье + сары май (қалауыңыз бойынша)
Қалай дайындалады:
Желатинді суға жібітіп алыңыз, быртыюы үшін қалдыра тұрыңыз, кейін ақырын ерітіңіз (бірақ қайнатпаңыз). Сүзбе, йогурт және балды біркелкі масса болғанға дейін араластырыңыз, желатинді қосыңыз. Негіздің үстіне немесе қалыпқа құйып, тоңазытқышқа 3-4 сағатқа қалдырыңыз. Ұсынар алдында жидекпен безендіріңіз.
Үй йогурты

Ингредиенттер:
- 1 литр сүт
- 1 құты қоспалары жоқ табиғи йогурт (немесе ашытқы)
- 150-200 г жидек (құлпынай, қаражидек, таңқурай – қалауыңыз бойынша)
- бал немесе шәрбат (дәміне қарай)
Қалай дайындалады:
Сүтті 37-40°C дейін қыздырып алыңыз. Ашытқыны қосыңыз, біркелкі массаға дейін жақсылап араластырыңыз. Қоспаны құтыларға құйып шығыңыз. 6-10 сағат қоюланғанша дейін дайындаңыз. Дайын болған соң йогуртты тоңазытқышқа кемінде 2-3 сағатқа қалдыру керек.
Жидектерді қосыңыз: ұсынар алдында (жасаң немесе кішкене езілген жидектерді), не болмаса суығаннан кейін құтыға қабаттап салыңыз (йогурт + жидек + азғантай бал).
Жидекті смузи

Ингредиенттер:
- 200 г жидек (жасаң немесе мұздатылған)
- 1 банан немесе 1/2 алма (текстура мен тәттілік үшін)
- 100-150 мл су немесе кокос суы
- мұз (қалауыңыз бойынша)
- бал немесе шәрбат – дәміне қарай (міндетті емес)
Қалай дайындалады:
Барлық ингредиенттерді блендердің ішіне салып, біркелкі, әрі кішкене кремді текстура болғанға дейін араластырыңыз. Егер смузи тым қою болып шықса, кішкене су қосыңыз.