Акне: безеулер неге пайда болады және бетті тазартудың жолы – дерматологтың кеңестері

Акне: безеулер неге пайда болады және бетті тазартудың жолы

Акне – тері ауруларының ең кеңінен таралған түрі, әрі бұл жасөспірімдерде ғана емес, сонымен бірге ересек ерлер мен әйелдерде де пайда болуы бек мүмкін. Лайқос дәрігер-дерматовенеролог Лаура Әбдібаевамен бөртпелер неліктен туындайтыны мен мұндағы гормондар, күйзеліс, тамақтану мен темекі тартудың рөлі қандай екендігі туралы әңгімелесті.

Акне дегеніміз не және ол неге пайда болады?

Акне – май бездері мен түк фолликулаларының созылмалы қабынба аурулары. Негізінен безеулер бетке, кеудеге, иық пен арқаға шығады – дәл осы аймақтарда май бездері көп орналасқан. Олар әрқалай пайда болуы мүмкін: қара және ақ нүктелерден бастап қабынған қызыл бөртпелер мен іріңді безеулерге дейін. Аурудың ағымы ауыр өтіп жатса, терең түйіндер мен жылауықтар пайда болады, олардан кейін тыртықтар қалатыны жиі кездеседі.

Ересектердегі акне: себептері мен әйелдерге тән ерекшеліктер

Бұл көпфакторлы ауру, әрі ол бірнеше себептің ықпалынан дамиды:

  • шелі майының жоғары бөлінуі;
  • тері тесіктерінің мүйізденген жасушалармен бітелуі;
  • түк фолликулаларының ішіндегі бактериялардың көбеюі;
  • қабыну реакциясы.

Бұл ретте гормондар, тұқымқуалаушылық, күйзеліс, тамақтану, тері микробиомының жай-күйі, экология, өмір салты және, тіпті, бет терісіне жасалатын күтімнің сапасы да қосымша рөл атқарады.

Өмір салтының әсері: күйзеліс, тамақтану мен темекі тарту

Кейінгі жылдары дерматолог мамандары «ересек акнеге» жиі тап болады, әсіресе, бұл әйелдер арасында жиі кездеседі. Оның пайда болуын гормондық өзгерістер, жүктілік, көпжылауықты аналық без синдромы, инсулинге төзімділік мен созылмалы күйзеліс қоздыруы бек мүмкін. Тіпті, гормондарға тапсырылған анализдердің көрсеткіштері қалыпты болғанның өзінде акне сақтала беруі ықтимал – мұндай жағдайда негізгі себеп май бездері рецеторларының андрогендерге деген жоғары сезімталдығымен байланысты болып келеді. Әдетте ересек әйелдерде бөртпелер беттің төменгі үштен бір бөлігінде: иекке, төменгі жақ сызығының бойына және мойынға шығады. Ер адамдарда андрогендер деңгейі жоғарырақ болып келеді, сондықтан беттің, кеуде мен арқаның зақымдануымен келетін безеулердің ауыр формалары айтарлықтай жиі орын алады.

Күйзеліс безеулердің пайда болуын қоздыра ала ма?

Созылмалы күйзеліс теріге гормондық, жүйке және иммундық жүйелер арқылы әсер етеді. Эмоциялық ширығу кезінде кортизол – күйзеліс гормонының деңгейі арта түседі. Ол тері майының бөлінуін күшейтуі әрі терінің қалпына келуін баяулатуы әбден мүмкін. Сондықтан адамдардың көбі емтихандар, маңызды іс-шаралар алдында немесе эмоциялық қалжырау кезеңдерінде безеулердің көбейіп кететінін байқайды.

Акне мен тамақтану арасындағы байланыс

Қазіргі заманғы медицина тамақтануды бөртпелердің жалғыз себебі деп есептемейді, дегенмен бұл аурудың ағымына ықпал ете алатынын мойындап отыр. Сонымен бірге әрбір адамның белгілі бір азық-түлікке реакциясы әртүрлі болады. Көбінесе келесілерге көбірек назар аударылады:

  • тәттілер;
  • газдалған сусындар;
  • пісірмелер;
  • ақ нан;
  • десерттер;
  • тәтті үлпек.

Мұндай тамақ қандағы қант пен инсулиннің күрт құбылуын тудырады, осының салдарынан май бездері анағұрлым белсендірек жұмыс істеп бастайды, ал қабыну күшейе түседі. Сонымен қатар акне мен сүтті өнімдер арасындағы байланыс зерттеліп келеді: көбіне-көп сүтті коктейльдер немесе қатты өңделген сүт өнімдерін тұтынғаннан кейін тері күйінің нашарлауын байқайды, ал ферметтелген нұсқалар, мәселен, табиғи йогурт, әдетте айтарлықтай аз әсер етеді.

«Шылымқұмар безеулері»: темекі тарту теріге қалай зақым келтіреді

Бұл ресми диагноз емес, тек ұзақ уақыт темекі тартып жүрген адамдардың терісіндегі өзгерістердің сипаттамасы ғана. Темекі түтіні қышқылдандыратын күйзелісті күшейтеді, қанайналымын нашарлатады, жазылуды баяулатады, тері майының құрамын өзгертеді және терідегі ұсақ тесіктердің бітелуіне септігін тигізеді. Мұндай жай-күй үшін жабық комедондар, кеңейтілген тері тесіктері, терінің біркелкі емес құрылымы мен беттің бозғылт реңі тән болып келеді. Сондай-ақ темекі тарту терінің қалпына келуін бәсеңдетеді және тыртықтардың пайда болу қаупін арттырады.

Терінің жағдайын жақсарту үшін темекі шегуден бас тарту ұсынылады. Егер сіз әдеттен біржолата бас тартуға дайын болмасаңыз, темекі санын қысқарту немесе балама нұсқаларды, хиттерлерді қарастырып көрсеңіз болады. Бұл жерде темекі жанбайды, тек қана қыздырылады, сол себептен темекі түтіні түзілмейді, ал бұл – теріге теріс ықпал ететін уытты жану өнімдерінің негізгі көзі болып отыр. Сонымен бірге темекі түтіні тіндердің қанмен қамтамасыз етілуін нашарлатады, жасушаларға оттегі мен қоректік заттардың жеткізілуін төмендетеді, сондай-ақ терінің жазылу мен қалпына келудің қалыпты үдерістеріне кедергі етеді. Нәтижесінде зақымдалған жерлер әлдеқайда баяу жазылады, ал тері өзінің сау реңкі мен серпімдлігін жоғалтады.

Безеуді ушықтыратын күтімдегі қателіктер

Агрессивті тазарту

Тым қатты тазарту құралдары терінің гидролипидті қорғаныс тосқауылын бұзады. Осының нәтижесінде май бездері айтарлықтай белсенді жұмыс істейді.

Спирт негізіндегі құралдар

Спирттік лосьондар теріні құрғатып жібереді, тітіркенуді тудырады және оның микробиомына зақым келтіреді.

Қышқылдарды теріс пайдалану

Маманның бақылауынсыз бір уақытта қышқылдарды, ретиноидтарды, скрабтар мен пилингтерді қолдану созылмалы тітіркенуге әкеліп соқтыруы ықтимал.

Ылғалдандырудан бас тарту

Тіпті, майлы терінің өзі ылғалдандыруды қажет етеді. Ылғалдың жетіспеушілігі терінің сезімталдығын арттырады және оның қорғаныс қызметтерін нашарлатып жібереді.

SPF жоқтығы

Күн безеулерді емдемейді. Керісінше, ультракүлгін сәулелер пигментацияның күшеюіне септігін тигізеді және постакне ағымына теріс әсер етеді.

Маскаларды ұзақ ұстау

Матаның үйкелісі, масканың астындағы жоғары ылғалдық пен температура терінің түршігуі мен қабыну элементтерінің пайда болуына жағдай жасайды.

Неліктен безеулерді сығуға болмайды?

Безеулерді сығу жағдайды тек нашарлатып жіберетіні хақ. Сыққан кезде оның құрамы теріге тереңірек еніп кетуі мүмкін, осының салдарынан қабыну күшейе түседі, зақымдалу аймағы ұлғаяды, дақтар, тыртықтар пайда болады және инфекция жұқтыру қаупі арттады. Бетті үнемі ұстау және безеулерді сығу – ауыр постакне жағдайының ең жиі кездесетін себептерінің бірі.

Дерматологқа қашан барған жөн?

  • ауыратын түйіндер мен жылауықтар пайда болса;
  • акне жылдам ұлғайған жағдайда;
  • үй күтімі көмектеспегенде;
  • бөртпелер ересек жаста пайда болса;
  • тыртықтар қалып қойса;
  • етеккір циклі бұзылса;
  • 3 ай өз бетімен емделуден кейін өзгерістер болмаса.

Сонымен бірге безеулер маскасының астында басқа да аурулар жасырынуы әбден мүмкін: розацеа, дерматит және кейбір зең жұқпалары.

Акне бірнеше күнде өтпейді. Әдетте алғашқы жақсартулар 2-4 аптадан кейін, ал көзге көрінерлік нәтиже – 2-3 айдан кейін пайда болады, ал тұрақты ремиссияға қол жеткізу үшін бірнеше айдан бір жылға дейінгі уақыт қажет болуы мүмкін.

Қорытынды

Бөртпеге бейімділік жылдар бойы сақталуы ықтимал. Алайда бұл адамның үнемі безеулермен күресуге тиіс дегенді мүлдем білдірмейді. Заманауи дерматология емдеудің тиімді әдістерін қамтиды. Терапияны неғұрлым ертерек бастап, қоздыратын факторларды алып тастасаңыз, теріні сау қалпында сақтап қалу мен ұзақ мерзімді ремиссияға қол жеткізу мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болмақ.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.