Мүлдем ұят емес
Қазақстандағы жыныс сауаты туралы жобаны кім және не үшін іске қосты?
UyatEmes.kz жобасының авторы және идея тұрғысынан дем берушісі Қарлығаш Қабатова біздің елде секс туралы әңгімелесудің не себепті маңызды екені жайлы айтып берді.
«ҰЯТ ЕМЕС» – НЕ ЖАЙЛЫ?
Зиянды азайту концепциясы тек шылым шегу, ішімдік ішу, қозғалыссыз өмір сүру секілді зиянды әдеттер ғана емес, сексуал өмірге де қатысты қолданылады. Әдетте жастар мен ересектерді дер кезінде ақпараттандырып отыру бұл бағыттағы қатердің алдын алуға мүмкіндік береді.
UyatEmes.kz – Қазақстандағы жасөспірімдер мен ата-аналарға арналған тұңғыш ағарту платформасы. Мұнда әр қолданушы қарым-қатынас, контрацепция, секс және басқа тақырыптарда өз сұрағын қоя алады.
Жоба ұйымдастырушылары жыныс сауаты қолжетімді болуы керек пікірді, себебі дұрыс қарым-қатынастың қалыптасуы, ұрпақ жаңғырту саулығы және жеке шекараны сақтай білу бұған тәуелді. Алайда аталған мәселерді сөз қылу елде ұят саналады.
Жобаның атауы да осыдан келіп шығып отыр. Яғни қазақстандықтар мұндай маңызды салада сауатты болудан ұялмауы керек.
ЖОБА ИДЕЯСЫ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?
2017 жылы Қарлығаш Қабатова екі зерттеу жүргізеді. Біріншісі – қазақстандық жастар үшін орта білім аясында жыныс сауатының қаншалық қолжетімді екені жайлы. Бұл зерттеу ешқандай сауаттың жоқтығын көрсетті, тек ара-тұра жүйесіз түрде медицина мамандары мен гигиена құралдарының промоутерлері кездесу өткізіп кетеді.
Екінші зерттеу Қазақстанда жыныс сауаты жайлы бейформал ақпарат көздерінің бар-жоқтығын анықтауды мақсат етті. Нәтижесінде сол уақытта жергілікті мәдени контексті ескеретін қазақстандық ресурстардың жоқтығы белгілі болды.
Бұл зерттеулерді негізге ала отырып Қарлығаш Киевтегі әлеуметтік хакатонға қатысады және командасымен бірге жобаны жүзеге асыруға грант алады.
НЕГЕ ДӘЛ ОСЫ ТАҚЫРЫП ТАҢДАЛДЫ?
Қарлығаш Қабатованың айтуынша, 2016 жылы қоқыстан, дәретханадан, аялдамадан табылған нәрестелер туралы жаңалық көп жариялана бастапты… Бір айта кетерлігі, мұндай әр ақпараттың артында бәріне әйел кінәлі деген ой меңзелген екен: я қыз ерте жүкті болған және жауапкершілік алғысы келмейді, я шешесі қызының жүріс-тұрысын бақыламаған.
«Неге жағдайдың дәл осылай қалыптасқанын түсінгіміз келді. Және жастардың да, ересектердің көп жағдайда сексуал-ұрпақ жаңғырту саулығын күтіп-баптауды, сексуал зорлық-зомбылықтан қалай қорғануға болатындығы, жалпы, сауатты, дұрыс қарым-қатынастың не екендігі жайлы білмейтіні белгілі болды», – дейді Қарлығаш.
UyatEmes.kz авторлары жыныс сауаты бала кезден басталуы керек деген сенімде.
«Әрине, баланың жасын ескеру керек, – деп түсіндіреді Қарлығаш. – Мысалы, жыныс тұрғысынан жетілу жайлы сәйкес белгілер пайда болғанға дейін айтып, түсіндіру қажет. Жыныс сауаты тек ұстамды болуға ғана негізделмей, жан-жақты болғаны дұрыс. Яғни жасөспірімдерге есею, бала туу саулығы, контрацепция және ата-ана жауапкершілігі жайлы толыққанды ақпарат берудің орнына секс және жақын қарым-қатынас жаман, ұят деп түсіндіру пайдасыз. Тыйым салу ешқашан нәтиже бермейді».
Және зорлық-зомбылық құрбаны өзін кінәлі сезінбеуге тиіс. Балалар мен ата-ана балаға қатысты қандай қатынастың дұрыс екенін, неден сақтанып, қандай жағдайда міндетті шара қабылдау керектігін анық білуі қажет.
ЖОБАНЫҢ МАҚСАТЫ ҚАНДАЙ?
UyatEmes.kz жобасының негізгі мақсаты – ойдан құрастырылған, таптаурын мен орынсыз қауіп-қатерге толы емес, нақты дәлелденген мәліметтерге негізделген сапалы ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде тарату. Жоба сайт түрінде іске қосылды, онда маманға сұрақ қоюға да болады.
Кейінірек команда жастар мен жасөспірімдерге арнап дәріс және воркшоптар өткізе бастады. Осыдан соң балалармен қарым-қатынас, есею, жыныс тұрғысынан жетілу, секс, қауіпсіздік жайлы қалай дұрыс сөйлесуге болатындығы туралы ата-аналарға арналған онлайн-курс ұйымдастырылды.
Қазір жобаның Telegram-да Aspan chat-bot деген өз чат-боты бар. Онда отбасы, психология, қарым-қатынас, физиология, сексуалдық және денсаулық туралы сұрақтар қоюға болады. Чат-боттың мәлімет базасын құрамына психологтар, гинекологтар, ЖИТС (СПИД) профилактикасы және онымен күрес орталығының мамандары, заңгерлер кірген кәсіби топ жасақтапты.
ЖОБА ТҰЛҒАЛАРЫ
Қарлыгаш Қабатова. Жоба авторы, тәуелсіз зерттеуші. Жыныс сауаты, гендер мәселелері, адам құқығы, жария саясат қалыптастыру тақырыптарын 2016 жылдан бері зерттеп келеді.
Галина Гребенникова. Гинеколог, ана, нәресте, бала және жасөспірім саулығын сақтау жөніндегі сарапшы; гендер теңдігі және әйелдер мен қыз балалардың құқығы және мүмкіндігін кеңейту мәселелері бойынша мама. Сексуал-ұрпақ жаңғырту саулығы жөніндегі кеңесші.
Кәмила Тұяқбаева. Жасөспірімдердің сексуал және ұрпақ жаңғырту саулығы мәселелері жөніндегі Y-PEER халықаралық жаттықтырушысы.
Махаббат Боранбай. Коммункация маманы. Ғылыми қызығушылығы қатарында Қазақстан мен жалпы Орта Азиядағы қарым-қатынас, неке, сексуал және ұрпақ жаңғырту құқығы тақырыптары бар.
Ирина Юсупова. Отбасылық жүйелік психолог, аддиктолог, балалар мен ересектер психодраматерапевті, бірінші кезекте тәнді қарастыратын терапевт, халықаралық жаттықтырушы, тренингтер ұйымдастырушысы. Отбасылық және серіктестік қарым-қатынас, сондай-ақ тәуелдік мәселелері бойынша кеңесші.
Аударған Димаш Зиядин