
Жоғары тершеңдік: неліктен пайда болады және мұны қалай жеңуге болады
Аптап ыстықта немесе жаттығу орындау кезінде аздап терлеу – бұл жылуды реттеудің қалыпты үдерісі. Алайда сіз айқын себепсіз терлей берсеңіз, әрі бұл өзге адамдармен жайлы араласуға, жұмыс істеуге немесе әшейін өмір сүруге кедергі келтірсе, қандай шара қолдануға болады? Лайқос гипергидроз дегеніміз не және онымен күресудің жолын айтып береді.
Біз неге терлейміз?
Тер шығу – бұл ағза салқындауының табиғи механизмі. Дененің қызуы көтерілген кезде жүйке жүйесі тер бездеріне белгі береді де, біз ылғалдың булануы арқасында салқындаймыз.
Алайда гипергидроз кезінде бұл жүйе, салқындаудың қажеті болмаған жағдайда да, барынша қарқынды жұмыс істейді. Кей кездері бұл жай ғана жеке ерекшелік немесе күйзеліске деген реакция болып келеді, дегенмен кейбір тұстарда бұл ағзаның елемеуге болмайтын маңызды белгісі.
Жоғары тершеңдіктің негізгі себептері
Сыртқы факторлар. Аптап ыстық, қарқынды спорт, ащы немесе тым ыстық тамақ ағзаны «салқындау жүйесін» анағұрлым белсендірек қосуға мәжбүрлейді.
Күйзеліс пен үрей. Қобалжыған кезде симпатикалық жүйке жүйесі белсендіріледі. Ағза «ұр немесе қаш» реакциясын қосады да, осының салдарынан жүректің соғуы жиілей түседі, ал тердің бөлінуі сіз, тіпті, әшейін ғана кеңседе отырсаңыз да күшейеді.
Гормондық фон. Тершеңдік гормондық өзгерістермен бірге жүреді: жыныстық жетілу, климакс кезеңі немесе қалқанша безінің жұмысындағы бұзылыстар.
Артық салмақ. Дене салмағы артық болған жағдайда жылуды реттеу мақсатында ағзаға анағұрлым көбірек күш жұмсауға тура келеді, ал осының салдарынан тер бездері күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді.
Аурулар мен дәрілер. Тершеңдік кейбір дәрі-дәрмектердің жанама әсері немесе инфекциялар мен эндокринді бұзылыстардың (мәселен, қант диабеті) белгісі болуы бек мүмкін.
Дәрігерге қашан барған жөн?
Егер келесі жайттар орын алса, түйткілге мән беріңіз:
- тершеңдік кенет пайда болды және күшейе түсті;
- сіз түнде қатты терлейсіз;
- тердің шығуы әлсіздікпен, салмақтың кенет азаюымен немесе жүрек соғысының жиілеуімен бірге жүргенде;
- түйткіл қараптан-қарап пайда болғанда.
Тер шығуды азайту: кеңестер мен тәсілдер
Өмір салтын қайта қарастыру
- «Дем алатын» маталарды таңдаңыз. Табиғи мақта, зығыр, жібек немесе жүн терінің желдетілуіне мүмкіндік береді.
- Тамақтануыңызды қадағалаңыз. Кофеин мен ащы тағамдарды тұтынудағы ұстамдылық таныту ағзаға артық қызып кетпеуіне көмектеседі.
- Алкоголь тұтынуда сақ болыңыз. Ол жылуды реттеуді бұзады және сусыздануды қоздырады.
- Шыжыған ыстықта өзіңізді күтіңіз. Белсенділіктің шыңында күннің астында болмауға тырысыңыз, салқын себезгі қабылдап жүріңіз және күні бойы суды кішігірім порциялармен ішкеніңіз абзал.
Күйзеліспен жұмыс істеу
Эмоциялық күйзеліс – алақан, табан мен қолтық үшін басты «триггер». Өміріңізге тыныс алу практикаларын, тұрақты түрде серуендеу мен сапалы ұйқыны енгізіп көріңіз. Тыныш жүйке жүйесі – құрғақ тері.
Дұрыс құралдар
Есіңізде болсын: дезодаранттар иісті тек қана жасырады, ал антиперспиранттар тер шығуына тосқауыл қояды. Антиперспирант тиімді жұмыс істеуі үшін оны тек қана құрғақ терінің үстіне жаққаныңыз абзал (ең дұрысы, түнге қарай), сонда оның белсенді құрамдастары тер бездеріне әсер етіп үлгереді.
Медициналық шешімдер
Егер үйдегі тәсілдер көмектеспейтін болса, медицина тиімді әдістерді ұсынып отыр:
Ионофорез: тер бездеріне әлсіз электр тоғымен әсер ету.
Ботулинотерапия: тер бездеріне берілетін жүйке белгілерін бұғаттау. Мұның әсері бірнеше ай бойы сақталады.
Дәрі-дәрмекпен емдеу: жеке жағдайларда тер шығару жүйесінің жалпы жұмысын ретке келтіру үшін дәрігер тарапынан тағайындалады.