
Бауыр үшін созылмалы күйзеліс: қандай зиянды әдеттер ағзаның басты сүзгісін зақымдайды
Біз күнделікті өмірде бауырдың жай-күй жайында сирек ойланатынымыз рас, дегенмен нақ осы мүше өмір салты мен тамақтануға бірінші болып реакция береді. Лайқос оның денсаулығын қалайша нығайтуға болатынын дәрігер-терапевт, диетолог Алмагүл Ержекеновамен бірге анықтады.
Неліктен бауырды ағзаның «басты сүзгісі» деп атайды
Бауыр – адам денесінің ең бір еңбекқор мүшелерінің бірі. Ол 500 астам биохимиялық үдеріске атсалысады және өмірлік маңызға ие ондаған қызметті атқарып отырады. Дәл осы жерде уыттар зиянсыздандырылады, дәрілік препараттар өңделеді, майларды қорыту үшін өт түзіледі, қандағы ақуыздар синтезделеді және зат алмасу үдерісі реттеледі.
«Ағзаның басты сүзгісі» деген тіркес медициналық термин болмағанымен, ол бауырдың рөлін айтарлықтай нақты бейнелейді. Күн сайын осы мүше арқылы тамақпен, дәрі-дәрмектермен, алкогольмен бірге және қоршаған ортадан келіп түсетін заттектер өтеді. Ағза бауырдың оларды зиянсыздыратынына және қауіпсіз шығара алатынына сенеді.
Неге бауыр аурулары көбінесе тым кеш анықталып жатады
Көптеген басқа мүшелерге қарағанда бауыр аурудың ерте сатыларында қауіп дабылдарын сирек беретіні хақ. Оның тінінде іс жүзінде ауырсыну рецепторлары жоқ. Сол себептен адам жылдар бойы бауырдың майлы ауруымен, созылмалы қабынуымен және фиброзымен өмір сүріп жүріп, тіпті, ол туралы білмей жүруі де бек мүмкін.
Алғашқы белгілері әдетте сипатты болып келмейді: ұдайы шаршағандық, еңбекке қабілеттіліктің төмендеуі, оң жақ қабырға астындағы ауырлық, ас қорытуға байланысты түйткілдер. Адамдардың көбі осының барлығын күйзеліске, жас шамасының ұлғаюына немесе қатты шаршағандыққа жатқызып отырады. Дәл осы себептен бауырдың аурулары кездейсоқ, яғни, профилактикалық тексеру немесе талдауларды тапсыру барысында анықталатыны жиі кездеседі.
Бауырды зақымдайтын топ-5 фактор
Алкоголь: бауырдың басты дұшпаны
Жаңа қауіп факторларының пайда болғанына қарамастан, алкоголь күні бүгінге дейін күллі әлем бойынша бауырдың зақымдалуының жетекші себептерінің бірі болып қала береді. Алкогольдің шамамен 90% нақ осы бауыр арқылы өңделеді. Аталмыш үдеріс кезінде ацетальдегид түзіледі – бұл мүшенің жасушаларына зақым келтіретін уытты заттек. Әуелі бауырда май жинақтала бастайды, содан кейін қабыну дамиды, ал уақыт өте келе қайтымсыз өзгерістер, тіпті, цирроз да пайда болуы ықтимал.
Алкогольді тек күнделікті тұтыну ғана ағзаға зиян келтіреді деген кеңінен таралған сенім ерекше қауіпті болып есептеледі. Шын мәнісінде демалыс немесе мереке күндері болатын тұрақты алкогольді «марафондар» да бауырдың зақымдалу үдерістерін іске асыруға қабілетті. Алкогольдің толықтай қауіпсіз мөлшері мүлдем болмайды.
Темекі тарту бауырдың қызметіне қалай әсер етеді
Темекі тартудың салдары турасында сөз қозғалған кезде адамдардың көбі өкпе мен жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруларын еске алады. Дегенмен бұл тұста бауыр да айтарлықтай соққыны өзіне алады екен.
Темекі түтінінің құрамында мыңдаған химиялық заттектер бар, олардың дені дәл осы бауыр арқылы зиянсыздандырудан өтеді. Шылым тарту қабыну үдерістерін күшейтеді, қышқылдандыратын күйзелісті қоздырады және тіндердің қанмен қамтамасыз етілуін нашарлата түседі. Осының нәтижесінде бауыр жасушалары кез келген басқа зақымдаушы факторларға анағұрлым осал болады.
Зерттеулер көрсетіп отырғандай, темекі тарту бауырдың майлы ауруының, фиброз және цирроздың дамуын жылдамдатуы мүмкін, әсіресе, артық салмақ түйткілі бар болғанда немесе алкогольді тұтынумен үйлестірілген жағдайда.
ББҚ-ны бақылаусыз қабылдаудың қауіптілігі
Дәрігерлер бауырға байланысты мәселелердің себебі дәл осы ББҚ қабылдаудан болатын жағдайларды жиі анықтайтын болған. Соның ішінде салмақ тастауға, майларды жағуға арналған құралдарға, жаттығу алдында қабылданатын спорттық кешендер мен көп компонентті өсімдік препараттарға айырықша сақтықпен қараған абзал.
Бар гәп тек қана ингредиенттердің өзінде емес. Кей кездері осындай өнімдердің құрамында қоспалар, ауыр металдар немесе қаптамада мүлдем көрсетілмеген заттектер де табылып жатады. Сондықтан кез келген ББҚ-ны тек қана маманның кеңесін алғаннан соң қабылдаған абзал.
Тамақтану мен фруктозаның артық мөлшерінің рөлі
Қанттың, соның ішінде фруктозаның шамадан тыс көптігі ерекше рөлді атқарады, оған газдалған тәтті сусындар, энергетиктер мен көптеген өндірістік өнімдердің құрамы бай болып келеді. Ағзаға үлкен мөлшерде түскен кезде фруктоза бауырда белсенді түрде өңделеді де, майға айналады. Уақыт өте келе бұл метаболизммен байланысты бауырдың майлы ауруының дамуына әкеліп соқтырады – бұл қазіргі заманғы аурулардың ең кеңінен таралған түрі болып есептеледі. Сонымен бірге фастфуд, ультраөңделген өнімдер мен тамақты үнемі тойып жеу қауіпті қосымша арттыра түседі.
Күйзеліс пен өмір салтының ықпалы
Созылмалы күйзеліс, ұйқының жеткіліксіздігі мен төмен физикалық белсенділік инсулинге төзімділіктің дамуына, салмақ қосу мен зат алмасу үдерісінің бұзылуына септігін тигізеді. Осы факторлардың барлығы да бауырдың майлы ауруының дамуымен тығыз байланысты болып келеді. Демек ішімдік ішпейтін және темекі тартпайтын адамның өзі үнемі күйзеліс, аз қозғалысты өмір салты мен дұрыс тамақтанбаудың салдарынан бауыр түйткілдеріне тап болуы бек мүмкін.
Бауырды қалпына келтіруге бола ма?
Жалпы бауыр қайта жандану секілді бірегей қабілетке ие. Алайда қалпына келу мүмкіндіктері шексіз емес. Егер ауру айқын фиброз немесе цирроз дәрежесіне жеткен болса, онда бауырды бастапқы қалпына келтіру мүмкін емес. Дәл осы себептен профилактика бауырды қорғаудың ең тиімді тәсілі болып қала бермек.
Бауырдың денсаулығын сақтаудың жолы: сарапшының кеңестері
Бұл ретте алкогольді барынша шектеу, дененің салмағын бақылауда ұстау, физикалық белсенділікпен тұрақты түрде айналысу, толыққанды ұйықтау, теңдестірілген рационды сақтау мен темекі шегуден бас тарту өте-мөте маңызды. Егер әзірге шылым шегуден біржолата бас тартуға дайын болмасаңыз, хиттерлерді қарастырып көруге болады. Өйткені мұнда жану үдерісі жоқ, ал ағзаға кәдімгі темекімен салыстырғанда уытты заттектер әлдеқайда азырақ түседі.
Сонымен бірге дәрі-дәрмектер мен ББҚ-ға да ерекше сақтықпен қараған жөн. Оларды интернетте біреу кеңес берген немесе таныстарыңызға көмектескен екен деп уыстап қабылдаудың немесе қабылдай бастаудың қажеті жоқ. Тіпті, табиғи қоспалардың өзі де адам ағзасына әжептәуір салмақ түсіруі және басқа дәрілермен өзара әрекеттесуі әбден мүмкін. Кез келген дәрі-дәрмек пен ББҚ тек талдау тапсырылғаннан кейін және дәрігердің кеңесі алынған соң тағайындалуы тиіс. Тек маман ғана шынымен де қандай да бір тапшылықтың немесе қабылдауға деген көрсеткіштердің бар-жоғын бағалай алады, әрі мөлшерлемені таңдап, қабылдау курсының ұзақтығын анықтайды.
Адам өзінің денсаулығына неғұрлым ертерек қамқорлық таныта бастаса, осы өмірлік маңызы бар мүшені ұзақ жылдарға сақтап қалу мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болмақ.