
Жексұрын сегіздіктер: неліктен ақыл тістер өседі және оларды қашан жұлу керек
Ақыл тістер (немесе «сегіздіктер») – жас адамдар арасында тіс дәрігеріне бару саны бойынша нағыз көшбасшы. Кейбір адамдарда олар білдіртпей пайда болады екен, ал басқаларда жанға батарлық ауырсынуды тудырады және ота жасатуды талап етеді. Неліктен осылай болып жатады, ақыл тістердің барлығын алдыру керек пе және қандай белгілерді ескерген аса маңызды екендігін тіс дәрігері Сергей Винокуровпен бірге анықтаймыз.
Ақыл тістер дегеніміз не және олар қашан пайда болады?
«Сегіздіктер» – бұл қатардағы шеткі тістер. Атауы зиятқа мүлдем байланысты емес: бар болғаны олар басқаларынан гөрі кешірек, әдетте 18-22 жас аралығында шығады.
Кей кездері бұл үдеріс бұдан да ертерек (16 жастан) басталады немесе 30 жасқа дейін созылуы мүмкін. Бұл жақтың қай уақытта толыққанды қалыптасуы мен «үшінші азу тіске» орын табуына байланысты болып келеді. Ал кейбір адамдарда ақыл тістер мүлдем болмайды – бұл да қалыпты жайт және, тіпті, «эволюциялық сыйлық» болып есептеледі.
Неліктен «сегіздіктермен» сонша көп мәселе туындайды?
Эволюция бізбен нағыз ащы әзілдескені рас: адамның жақ сүйегі біршама кішірейген, ал тістер саны бұрынғысынша қалып қойған. «Сегіздіктердің» толыққанды өсуіне орын қалмады деуге болады. Нәтижесінде олар көбінесе қисайып өседі де, көрші тістерге тіреледі немесе тіптен қызыл иектің ішінде қалып қояды.
Тістің ауыр шығуының негізгі белгілері:
- Жақ аймағындағы ауырсыну.
- Қызыл иектің ісіп кетуі мен қызаруы.
- Қанауға бейім.
- Ауыздан дәм немесе жағымсыз иістің шығуы (бактериялар қызыл иек пен тіс арасындағы «қалташықта» жинақталады).
Ақыл тісті қашан жұлу керек?
Келесі жағдайларда тісті жұлдыру қажет:
- Дұрыс өспейді (қисайып, не ұртқа қарай өседі).
- Үнемі қабынуды тудырады.
- Көрші тістерді зақымдайды немесе олардың шоғырланып өсуін қоздырады.
- Сүйек немесе қызыл иектің ішінде қалып қойған тіс (толықтай шыға алмайды).
Маңызды: егер «сегіздік» дұрыс шықса, өз орнында тұрса, әрі шайнау үдерісіне толыққанды атсалысса, онда оны жұлдырудың еш қажеті жоқ.
Процедура қалай өткізіледі?
Бәрі де тістің қалай орналасқанына байланысты. Қарапайым жағдайларда тіс дәрігері оны жергілікті анестезиямен жұлып алады. Егер тіс күрделі немесе сүйектің ішінде жасырынған болса, дәрігер седация немесе, тіпті, жалпы наркозды ұсынуы мүмкін. Мұндай жағдайда қызыл иекке тілік жасалуы тиіс.

Оңалту: қалпына келудің жылдам жолы
Жазылу шамамен екі аптадан бастап екі айға дейінгі уақытты алуы мүмкін. Алғашқы 2-3 күнде ісіну, кішкене температура мен жайсыздық болады – бұл ағзаның қалыпты реакциясы. Алайда динамиканы қадағалау өте маңызды: егер жағдай жақсармай, керісінше, нашарлай түссе – дәрігерге шұғыл түрде қаралғаныңыз жөн.
Тіс жұлынғаннан кейінгі басты 3 қате
- Белсенді түрде шайып тұру. Сіз жараны қорғап тұратын қан ұйығын кездейсоқ жуып кетіруіңіз мүмкін.
- Механикалық ықпал ету. Тіс жұлынған жерде ешқандай тіс тазартқыштарды қолдану немесе щеткамен белсенді тазалауға болмайды.
- Температуралық стресс. Ыстық тамақ, моншалар, сауналар мен қарқынды спорт қан ағуды күшейтеді және жазылуды бәсеңдете түседі.
Темекі тарту және «құрғақ қуыс»
Шылым тарту жазылу үдерісін айтарлықтай бәсеңдетеді. Бұл бірнеше фактормен байланысты болып отыр: темекінің ыстық түтіні шырышты қабықты зақымдайды және қалпына келу үшін жағымсыз жағдайды туғызады, шайыр қалыпты жазылуға кедергі ететін үлдірді түзеді. Тамырлардың тарылуы орын алады, осының салдарынан тіндердің қанмен қамтамасыз етілуі нашарлайды.
Тісті жұлғаннан кейін оның қуысында қан ұйығы қалыптасуы тиіс – бұл қалыпты жазылудың негізі болып келеді. Ол жараны қорғайды және тіндердің қалпына келу үдерісін іске қосады.
Темекі тартудың әсерінен осы үдеріс бұзылады: қан ұйығы қалыптаса алмайды немесе бүлінеді, бұл «құрғақ қуыс» деп аталатын жай-күйге әкеліп соқтырады. Бұл ауырсынумен, қабыну және бәсеңдетілген жазылумен бірге жүреді.
Дәл осы себептен денсаулықтың пайдасына, әсіресе қалпына келу кезеңінде шылым шегуден бас тартқан абзал.
Егер сіз әзірге темекі шегуден біржолата бас тартуға дайын болмасаңыз, түтін шығармайтын инновациялық балама нұсқаларды, мәселен, хиттерлерді қарастырып көруге болады. Мұндағы темекі жанбайды, тек қана қыздырылады, осының арқасында құрамында шайыр, тұншықтырғыш газ бен канцерогендік заттектердің жоғары мөлшері бар темекінің ыстық түтіні түзілмейді.
Қорытынды
Сұрақтар бар ма? Тісті жұлғаннан кейін кез келген үйреншікті емес ауырсыну, ісіну немесе жағымсыз иіс – тіс дәрігеріне қаралуға себеп. Уақытында бақылап отыру қауіптерді барынша азайтуға және әдеттегі өмірге мүмкіндігінше тез оралуға көмектеседі.