Шопоголизм: маркетплейстерде ақшаны жаратуды тоқтатудың 5 тәсілі

Шопоголизм: маркетплейстерде ақшаны жаратуды тоқтатудың 5 тәсілі

Маркетплейстер шопингті барынша қарапайым ете түсті: бір-екі рет шертесіз де, мінеки, сатып алған затыңыз сізге қарай жеткізілу үстінде. Алайда мұндай қолжетімділіктің теріс жағы да жоқ емес: біз үшін шығынды бақылауда ұстап отыру әлдеқайда қиындай түскені хақ. Лайқос неліктен қол өздігінен «Төлеу» батырмасына созылатыны мен жеңілдіктер артық ақшаны жаратуға қалайша мәжбүрлейтінін әңгімелеп береді.

Шопоголизм деген не және бұл неліктен түйткілге айналған?

Шопоголизм – бұл әшейін жаңа заттарға деген сүйіспеншілік қана емес, бұл шынайы пайдасына қарамастан, қандай да бір нәрселерді сатып алуға деген қалмайтын ұмтылыс. Көбінесе зат қажетті болғандықтан емес, көңіл-күйді көтеру мақсатында, күнделікті істерден алдану немесе жабырқаңқы сезімнен арылу үшін сатып алынады. Статистикаға сүйенсек, ересек адамдардың 5-8% осы мәселеге тап болады екен. Бұрын шопинг белгілі бір күш салуды талап ететін: ең алдымен киіну, сауда орталығына жетіп алу, уақытты жұмсау керек еді. Бүгінде смартфондағы қосымшаны ашудың өзі жеткілікті. Маркетплейстер, жекеленген ұсыныстар мен акциялар туралы шексіз пуш-хабарламалар сатып алуды 24/7 тәртібінде қолжетімді етеді.

Неліктен сатып алу қуаныш сыйлайды?

Біз «сәтті» тапсырыс бергенімізде миымызда марапаттау жүйесі белсендіріледі және дофамин бөлінеді – аталмыш нейромедиатор ләззаттың алдын ала сезілуіне жауапты болып келеді. Бір қызығы, біз қуаныштың ең жарқын әсерін тауарды алу сәтінде емес, дәл осы тауарды іздеу үдерісі, таңдау мен жөнелтілімді күту кезінде алады екенбіз. Нақ осы себептен маркетплейстердегі себеттер көбінесе кешкі уақытта толтырылады. Яғни, біз шаршаулы болғанда немесе жұмыс күнінен кейін эмоциялық қалжырауды сезінгенде сатып алу өзімізді жақсы сезінудің жылдам әрі арзан тәсіліне айналып отыр.

Шопингті бақылауға алудың 5 тәсілі

Маркетплейстер сіздің бюджетіңіз үшін «қара тесікке» айналмасын десеңіз, осындай қарапайым әдеттерді енгізіп көріңіз.

24 сағат ережесі

Қандай да бір зат ұнап қалды ма? Оны себетке қосыңыз да, қосымшаны жауып қойыңыз. Өзіңізге ойлануға уақыт беріңіз. Көбіне-көп келесі таңға дейін эмоциялық құлшыныс бәсеңдейді және сатып алу қажетті емес, импульсивті болғаны анықталады.

Хабарламаларды өшіріп тастаңыз

Маркетплейстер – айла-шарғы жасаудың нағыз шеберлері. Уақытты кері санау таймерлері, «Небәрі 2 дана қалды» немесе «Бағасы тек 3 сағатқа ғана төмендетілген» деген секілді хабарламалар жасанды қарбаласты қалыптастырады. Пуштарды өшіріп тастаңыз – бұл шешімдерді ойланып барып қабылдауға көмектеседі.

Сатып алу тізімі – сіздің басты сүзгіңіз

Қосымшаға тек қана нақты мақсатпен кіріңіз. Тізімді алдын ала жазыңыз (тіпті, телефоныңыздағы ескертпелерге болсын) және оны міндетті түрде ұстаныңыз. Бұл жарқын баннерлер мен сатып алу жоспарланбаған тауарларға көңіл аудармаудың жақсы амалы.

«Эмоциялық сатып алынатын заттарға» лимитті белгілеңіз

Міндетті емес заттарға айына жұмсауға болатын белгіленген бір соманы бөліңіз. Лимит аяқталғанда келесі кезеңге дейін шопингті үзіліске қойыңыз. Бұл қаржылық тәртіпті жаттықтырудың тамаша тәсілі.

Тапсырыстарға деген тұрақты аудит

Айына бір рет сатып алған заттарыңыздың тарихына зер салып отырыңыз. Әрі өзіңізге адал жауап беріңіз: «Мен бұл затты қаншалықты жиі пайдаланамын?». Өз шығындарыңызды сараптау мінез-құлық паттерндерін көруге және нақты нені «сатып алуды» қалайтыныңызды түсінуге көмектеседі – тауарды ма, әлде уақытша тынышталуды ма?

Қорытынды

Сатып алу өмірді жақсартуға арналған пайдалы құрал болуы мүмкін, дегенмен бұл күйзеліс немесе алаңдаушылықты басудың тәсіліне айналмауы тиіс. Саналылық – бұл сіздің шығындарыңызды қадағалаудың үздік сүзгісі. Қаперіңізде болсын: маркетплейстердегі тауарлар ғайып болмайды, ал сіздің ақшаңыз ғайып болуы бек мүмкін.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.