Ұйқыға арналған ауыр көрпе: қалай жұмыс істейді, пайдасы, зияны және қалай таңдау керек | Лайқос

Ұйқыға арналған ауыр көрпелер: олардың пайдасы қандай, кімдерге көмектеседі және дұрысын қалай таңдау керек

Ұйқысыздық, мазасыздық пен ұдайы күйзеліс бізді босаңсудың жаңа жолдарын іздеуге мәжбүрлейді. Кейінгі жылдардың басты үрдістерінің бірі – ауырлатылған көрпелер. Лайқос олар шынымен де қатты ұйықтауға көмектесе ме екендігін және оларды кімдер байқап көрсе болатынын анықтады.

Ауырлатылған көрпе дегеніміз не?

Сыртынан ауыр көрпе кәдімгі көрпе болып көрінеді, алайда оның ішінде біркелкі салынған микротүйіршіктер немесе шыныдан жасалған кішкене шарлар болады. Осының арқасында ол әдеттегі түрінен әлдеқайда ауырлау келеді және денеге жұмсақ, әрі біркелкі қысым түсіреді. Бұл әсерді медицина саласында терең қысымның стимуляциясы (Deep Pressure Stimulation) деп атайды. Бұл ағзаға демалыс тәртібіне ауысуға көмектесетін мықты бір құшақ немесе қорғалған піллә секілді сезіледі.

Ауыр көрпенің пайдасы неде?

Ауырлатылған көрпенің жұмсақ түрде қысым түсіруі ағзаның босаңсуға, тамырдың соғуын баяулату мен күш-қуаттың қалпына келуіне жауап беретін бөлігі – парасимпатикалық жүйке жүйесін ынталандырады.

Осының арқасында көптеген адамдар келесілерді алға тартады:

  • төсекте дөңбекшімей жылдам ұйықтап қалу;
  • ұйқы алдында мазасыздық пен жабысқақ ойлар деңгейінің кемуі;
  • түнгі уақытта оянудың азаюы;
  • қауіпсіздік пен жайлылықты терең сезіну.

Шағын ғылыми зерттеулер көрсетіп отырғандай, ауырлатылған көрпелер ұйқысыздық, мазасыздық ауытқулар, ЗЖГС немесе аутизмі бар адамдардың ұйқы сапасын шынымен де жақсартады. Алайда ауқымды медициналық жұмыстар әзірге жеткіліксіз болып отыр, сондықтан ғалымдар оларды панацея емес, тиімді көмекші құрал ретінде қарастырады.

Ауырлатылған көрпе кімдерге жарамды?

Мұндай аксессуар адам үшін келесі жайттарда керемет шешімге айнала алады:

  • күні бойына қатты күйзеліске ұшырап, кешкісін босаңсымайтын жағдайда;
  • жоғары мазасыздық пен түнде жиі оянудан зардап шеккенде;
  • бірнеше қарапайым көрпенің астында ұйықтауды ұнататын, бірақ ыстыққа шыдамайтын кезде.

Ауыр көрпелер кімдерге қарсы көрсетілген?

Жалпы ауырлатылған көрпелер баршаға бірдей жарамды бола бермейді. Тыныс алу жүйесінің ауыр дерттеріне, жүрек жеткіліксіздігіне, айқын клаустрофобия немесе қан айналымының бұзылыстарына шалдыққан адамдар оларды қолданудан бас тартқаны абзал. Сонымен бірге көрпе астындағы қозғалыс шектеулі болғандықтан оны өз бетімен ашып тастай алмайтындарға мүлдем қолайсыз болып келеді. Сатып алмас бұрын міндетті түрде дәрігердің кеңесін алғаныңыз жөн.

Көрпенің дұрыс салмағын қалай таңдау керек?

Сатып алғандағы негізгі ереже: көрпенің салмағы сіздің дене массаңыздан шамамен 7-12% құрауы керек.

Мысалы:

  • 50-60 кг салмақ болса, шамамен 5 кг көрпе жарамды;
  • 60-80 кг – 6-8 кг;
  • 80-100 кг – 8-10 кг.

Егер сіз мұндай көрпені алғаш рет таңдасаңыз, жеңілдеу нұсқасынан бастағаныңыз абзал. Тым ауыр көрпе босаңсудың орнына жайсыздық пен қатты қысым түсірілгендей сезімді тудыруы ықтимал.

Таңдағанда не нәрсеге көңіл аударған жөн?

  • Өлшем. Көрпе тұтас керуетті емес, тек ұйықтап жатқан адамның денесін ғана толықтай жауып тұруы тиіс. Егер ол жан-жағынан салбырап тұрса, салмақтың бір бөлігі матрасқа қарай ығысып кетеді де, тиімділігі азаяды.
  • Толтырғыш. Шыныдан жасалған микрошарлар аса жоғары бағаланады: олар көрпенің ішінде барынша біркелкі таралып, аунап түскенде артық шу шығармайды.
  • Қаптаманың материалы. Жаз маусымына мақта немесе бамбуктан тоқылған маталар мінсіз нұсқа болса, қыста анағұрлым тығыз маталар қолайлы болмақ.
  • Күтім. Үлгінің қалай тазаланатынына назар аударыңыз: кейбір көрпелерді толықтай кір жуу машинасында жууға болса, басқаларына ыңғайлы алмалы-салмалы қаптамалар қарастырылған.

Ауыр көрпе емдеудің орнын баса ала ма?

Егер сізді ұйқыға байланысты түйткілдер мен мазасыздық үнемі мазалайтын болса, бір ғана көрпе мәселенің түп-тамырын шеше алмайтыны хақ – мұндай жағдайда маманның кеңесі қажет.

Қорытынды

Ауырлатылған көрпе – бұл ыңғайлылықты, жайлылықты қалыптастыру және кешкі шаршағандықтан құтылудың тамаша құралы, алайда бұл салауатты күн тәртібімен, физикалық белсенділік және менталды денсаулыққа қамқорлық танытумен бірге кешенді түрде қолданылса, жақсы нәтиже берері сөзсіз.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.