
Денеге бағытталған ем: тәніңізбен байланысты орнатудың жолы
Біз денемізді құрал ретінде қабылдауға әбден үйренгенбіз: ол жұмыс істеуі, қозғалуы, күйзеліске шыдауы және біздің жоспарларымызға кедергі етпеуі тиіс. Алайда дене иық бұлшықеттерінің құрысуы, кеудедегі ауырлық сезімі немесе кенет шаршағандық арқылы бізге белгі беріп отырады. Лайқос естеріңізге салады: егер бұл белгілерді ұзақ уақыт бойы елемей жүре берсеңіз, уақыт өте келе сезімдеріңізбен деген байланысты мүлдем жоғалтып алуыңыз да әбден мүмкін.
Денеге бағытталған ем дегеніміз не
Денеге бағытталған ем (ДБЕ) физикалық жай-күйді эмоциялық тәжірибенің ажырамас бір бөлігі ретінде қарастырады. Бұл әдіс-тәсілдің негізгі мақсаты – әшейін «бұлшықеттерді босаңсыту» ғана емес, адамға өз түйсіктерін байқай білу мен оның артында не тұрғанын ұғынуды үйрету.
Біз өзімізге былай деп жиі айтуымыз мүмкін: «Мен мүлдем күйгелектеніп тұрған жоқпын», – дегенмен дәл осы кезде тісімізді қысамыз, иығымызды ширықтырамыз, үстіртін тыныс аламыз немесе тынымсыз аяқ бұлғаймыз. Дене біздің осыны ұғынғанымыздан бұрын алаңдаушылық жайлы дабыл беріп тұрады. Түйсіктермен жұмыс істеу тыныстауды бақылауға алуды, тәнді «сканерлеу» тәжірибесін, ширығу мен босаңсуды кезектестіруге бағытталған жаттығуларды, сонымен бірге әртүрлі өмірлік жағдаяттардағы реакцияларды зерттеуді қамтиды.
Неліктен біз денеміздің белгілерін байқамаймыз
Күні бойы біз көбінесе сыртқы міндеттерге ден қоямыз: есепті аяқтау, хабарламаларға жауап беру, кездесуге үлгеру немесе кешкі ас дайындау қажет. Тіпті, ағзаның айқын белгілерін кейінге қалдыруға да әбден дағдыланғанбыз.
Уақыт өте келе дене белгілерін елемеу әдеті қалыптасады. Адам қатты әлсіздікті сезінбейінше, қарынның ашуын байқамауы немесе мазасыздықтың бас ауруына, спазм немесе ашушаңдыққа ұласпайынша, оны мүлдем сезінбеуі мүмкін. Әсіресе, эмоцияларын басып-жаншуға дағдыланған немесе «ұсақ-түйекке мән беруге болмайды» деп санайтын жандар үшін бұл белгілерді айырып тану өте қиын.
Тәжірибе: денеңізді қалай «сканерлеу» керек
2-3 минут уақытыңызды бөліп, денеңіздің әртүрлі бөліктеріне назар аударуға тырысыңыз: табан, аяқ, іш, кеуде, иық, қол, мойын және бет.
Маңызды: ештеңені де түзетуге ұмтылмаңыз. Тек әрбір аймақта не бар екендігін белгілеп өтіңіз – ширығу, жылу, суық, ауырлық па, әлде босаңсу ма? Ең соңында өзіңізден «Қазір ішімде не болып жатыр?» деп сұраңыз.
Тамақтағы тас тұрғандай немесе кеудедегі ауырлықпен жұмыс істеудің жолы
Негізінен маңызды әңгіме алдында іш түйіліп қалады, көпшілік алдында сөз сөйлеуден бұрын діріл пайда болады, ал дау-жанжал кезінде кеудеде батып ауыру туындайды. Осы сезімдерден дереу арылуға ұмтылудың орнына бірнеше секундқа тоқтап көріңіз:
- Мен нақты қай жерде ауырлықты сезініп тұрмын?
- Ол өзі қандай – салмақ түсіретін, шаншитын, жылы ма, әлде суық па?
- Мен баяу тыныс ала бастасам, не өзгереді?
Осылайша сіз бірте-бірте жалпы «өзімді нашар сезінемін» дегеннен қазіргі жай-күйіңізді нақты түсінуге аусуды үйренесіз. Бұл алаңдаушылық деңгейін азайтуға қарай жасалатын алғашқы қадам.
Өзіңізді жақсырақ түсінуді үйренуге бола ма?
Иә, бұл машық та кез келген бұлшықет секілді жаттықтырылады. Неғұрлым жиі тоқтап, өзіңізді тыңдай білсеңіз, өзгерістерді соғұрлым тез байқайтын боласыз. Ал уақыт өте келе, тіпті, реакциялардың өзіндік реттілігін де анықтауыңыз бек мүмкін: әуелі иық бұлшықеттері құрысады, содан кейін тыныс алу жылдамдай түседі, ашушаңдық пайда болады, содан соң ғана «Мен шаршадым және мойныма шамадан тыс көп алған екенмін» деген түсінік келеді. Осылайша дене сіздің жай-күйіңіздің жеке индикаторына айналады.
Дәрігерге қашан барған абзал
Қаперіңізде болсын: кез келген физикалық түйсіктерді тек қана психологиямен түсіндірудің қажеті жоқ.
Денеге бағытталған ем медициналық диагностиканың орнын баса алмайды. Жаңа, жіті немесе әдеттегіден тыс ауырсыну сезімі, айқын ентікпе, естен тану, жүректің қатты соғуы – осының барлығы да дәрігерден кеңес алуды талап ететін белгілер. ДБЕ міндеті – ауруды емдеу емес, дененің, эмоциялар мен сіздің күнделікті мінез-құлқыңыз арасындағы байланысты әлдеқайда жақсы түсінуге көмектесу.