
Теріге зиян келтірмей, мінсіз түрде күнге күю мен оны ұзақ сақтаудың жолы қандай
Жазда күйікке тап болмай, күнге күю мен әдемі реңктің ұзағырақ сақталуы үшін не істеу керектігін Лайқоспен бірге талдаймыз.
Бір күннің ішінде күнге күюге тырыспаңыз
Кеңінен таралған қателіктердің бірі – «бірден қараю үшін» демалыстың алғашқы күнін таңертеңнен кешке дейін күн астында өткізу. Тері ультракүлгін сәуленің мұндай мөлшеріне бейімделіп үлгермейді. Нәтижесінде біркелкі реңктің орнына терінің қызаруы, күюі, қабыршақтануы және айқын түрде сусыздануы әбден мүмкін. Күннің көзіндегі уақытты біртіндеп арттырған, әрі тікелей түсетін күн сәулесінің астында ұзақ уақыт болудан аулақ болған абзал.
SPF
Күннен қорғайтын иісмай күнге күюді толықтай бұғаттай алмайды. Ол теріге жететін ультракүлгін сәуленің мөлшерін ғана азайтады және күйік алу мен фотозақымдану қаупін азайтуға көмектеседі. Күнделікті қолданысқа және күн астында демалу үшін SPF 30-50 және UVA мен UVB сәулелерінен қорғайтын кең спектрі бар құралды таңдағаныңыз дұрыс. Иісмайды молынан жағып, шамамен әрбір екі сағат сайын, сондай-ақ шомылғаннан, қатты терлегеннен немесе сүлгімен сүртінгеннен кейін жаңартып отыру керек.
Күнге күю ≠ күйік
Егер теріңіз қызарып, ысып кетіп, ауыра немесе қабыршақтана бастаса, бұл «күнге әдемі күю» емес, бұл терінің ультракүлгін сәулемен зақымдануының белгілері. Бұл тұста зақымдалған теріні қайтадан күнге күйдірмеген ерекше маңызды. Оның қалпына келуіне мүмкіндік беріңіз және тікелей күн астында болуды уақытша шектеңіз.
Дұрыс уақытты таңдаңыз
Ең қарқынды ультракүлгін сәулелену әдетте күннің ортасына шақ келеді. Сондықтан күннің көзінде ұзақ уақыт болу үшін таңертеңгі немесе кешкі сағаттарды таңдағаныңыз дұрыс. Ал егер УК-индекс жоғары болса, жалғыз көлеңкенің өзі жеткіліксіз болмақ: киім, бас киім, күннен қорғайтын көзілдірік және SPF құралды қолданыңыз.
Реңкті ұзаққа сақтаудың жолы қандай?
Дерматокосметолог маманы Лаура Әбдібаева:
Күнге күюдің әсері терінің бетінде ұзақ сақталсын десеңіз, ең алдымен, оның ылғалдығын сақтаған маңызды. Күнге күйгеннен кейін ол көбінесе құрғап қалып, қабыршақтана бастайды, сондықтан күнделікті себезгі қабылдағаннан кейін иісмай немесе лосьонды қолданыңыз. Заттардың құрамынан церамидтерді, глицеринді, гиалурон қышқылын, скваланды және пантенолды іздеген дұрыс.
Сонымен бірге күннің көзінде қосымша уақыт өткізу арқылы күнге күйгенді сақтауға тырыспаңыз. Күнге күю – бұл терінің ультракүлгін сәулелерге деген қорғаныс реакциясы, ал ультракүлгін сәулелердің қайта әсер етуі жасушалардың жаңадан зақымдалуын, фотоқартаю мен терінің зақымдалу қаупінің жоғарылауын білдіреді.
Сондай-ақ белсенді күн сәулесінен кейін қатты ысқыштардан, щеткалардан, агрессивті ықпалы бар скрабтардан, пилингтерден және ретиноидтардан бас тартқаныңыз жөн. Олар құрғақтық пен қабыршақтануды күшейтіп жіберуі мүмкін, сондықтан реңк әлдеқайда тезірек жоғалады. Себезгі қабылдауға болады: су меланинді жуып кетпейді. Ең бастысы, жылы немесе салқын суды, жұмсақ тазартқыш құралды таңдап, теріні ысқыламау керек.
Қосымша ультракүлгін сәулесіз қола реңкті сақтағыңыз келсе, күнге күю әсерін беретін косметикалық құралдарды қолдануға болады. Олар терінің үстіңгі қабатын бояйды және қайтадан күнге қыздырынуды қажет етпей-ақ түсті сақтауға мүмкіндік береді. Бұл құралдар SPF орнын баса алмайды, сондықтан күннен қорғайтын құралды бәрібір терінің ашық аймақтарына жағу қажет.