Тромб үзіліп кетті: тромбоздың белгілері, себептері және алдын алу

Тромб үзілді: белгілері, себептері және тромбоздың алдын алу

«Тромб үзіліп кетті» – бұл сөздерді кенет болған инсульт, инфаркт немесе басқа да қауіпті жағдайлар туралы айтылғанда жиі естиміз. Алайда шын мәнісінде тромб пайда болғанда ағзада не болып жатады? Неліктен ол үзілуі мүмкін және бұл несімен қауіпті? Лайқос кардиолог-нутрициолог маманы Екатерина Пушилинамен кімдерде тромбоз қаупі жоғары болатыны мен оны азайту үшін не істеу керектігі жайлы әңгімелесті.

Тромбоз дегеніміз не және ол қалай пайда болады?

Тромбоз – бұл қан тамырының ішінде қанның ұйысып қалуы, әрі ол қан ағынын ішінара немесе толықтай бөгейді. Егер қан тым баяу қозғалса, тамырдың ішкі қабырғасы зақымдалған болса немесе қан ұю жүйесі өте белсенді жұмыс істесе, тромб түзілуі әбден мүмкін.

Тромбоз көктамырлық және күретамырлық болады. Көктамырлық тромбтар көбінесе аяқтың терең көктамырларында түзіледі. Ең қауіпті асқыну жағдайы – өкпе артериясының эмболиясы (ӨАЭ): тромбтың бір бөлігі үзіліп, қан ағысымен өкпе тамырларына түседі. Күретамырлық тромбоз қанның мүшелерге келуін бұзады. Қандай тамырдың бітелуіне байланысты бұл жайт инфарктқа, инсультке немесе аяқ-қолдың қанмен қамтамасыз етілуінің жедел бұзылуына әкелуі мүмкін.

Терең көктамыр тромбозының белгілері: айырып танудың жолы

Терең көктамыр тромбозының симптомдары әрдайым айқын бола бермейді. Бір аяқтың немесе қолдың кенет ісінуі, аяқ-қолдың ауырсынуы, ауырлай түсуі немесе тысыраюы, терінің қызаруы немесе көгеруі дәрігерге қаралуға себеп болуы мүмкін. Тағы да бір ықтимал белгі – ісіну аймағында жылу сезімі мен ауырсыну.

Тромбтың бар-жоғын өз бетінше анықтау мүмкін емес. Егер шүбәлі белгілер пайда болса, ауырып тұрған аяқты немесе қолды қарқынды түрде уқалауға немесе қатты қысуға тырыспағаныңыз жөн.

Жедел жәрдемді қашан шұғыл шақыру керек: ӨАЭ және инсульт белгілері

Тромб, әсіресе, өкпе артериясын жауып тастаған кездегі жағдай өте қауіпті болып келеді. Бұған не нұсқауы мүмкін:

  • кенет ентігу;
  • кейде тұсындағы, әсіресе, дем алғанда күшейетін жанға батарлық ауру;
  • жүректің жиі соғуы;
  • қанды жөтел;
  • қатты әлсіздік, бас айналу немесе естен тану.

Кенет сөйлеу қабілетінің бұзылуы, әлсіздік немесе дененің бір жартысының ұйып қалуы инсульттің белгілері болуы бек мүмкін. Аяқ-қолдың қатты ауыруы, салқындауы және бозаруы қанмен қамтамасыз етудің жедел бұзылуын көрсетуі ықтимал. Осы көрсетілген жағдайлардың барлығында да дереу медициналық көмек қажет. Ешнәрсе күтпеңіз, өз бетіңізше рөлге отырмаңыз және «қанды сұйылту» дәрі-дәрмектерін қабылдамаңыз.

Тромбоздың қаупін не арттырады: негізгі факторлар

Қауіп факторларына не жатады:

  • ұзақ уақыт қозғалыссыз болу және төсек тартып жату;
  • отырып жұмыс істеу;
  • ұзақ сапарлар мен ұшулар;
  • оталар, жарақаттар және сынықтар;
  • кейбір онкологиялық және созылмалы аурулар;
  • жүктілік және босанғаннан кейінгі кезең;
  • гормонды контрацептивтер және толықтырушы гормонды терапия;
  • бұрын болған тромбоз;
  • артық салмақ;
  • темекі тарту және ішімдікке салыну;
  • сусыздандыру;
  • тұқым қуалайтын бейімділік;
  • кейбір дәрілік препараттар.

Соның ішінде факторлардың үйлесімін де ескерген аса маңызды. Мәселен, темекі тарту және құрамында эстроген бар гормонды контрацептивтер жеке-жеке тромбоз қаупінің жоғарылауымен байланысты. Егер осыларға ұзақ уақыт бойы қозғалыссыз болу қосылса, мысалы, ұзақ ұшу кезінде, тәуекел одан да жоғарылай түседі.

Мұны қарапайым түрде былай елестетуге болады: бір фактор тамырлардың жай-күйіне әсер етеді, екіншісі қан ұю жүйесіне, ал үшіншісі қан ағымын баяулатады. Олар бірігіп, тромбтың әлдеқайда жеңілірек түзілуіне жағдай туғызады.

Ұзақ отыру қауіпті ме?

Иә. Ұзақ отырған кезде қан аяқтың көктамырлары арқылы айтарлықтай баяу қозғалады, әсіресе, адам денесінің қалпын еш өзгертпей отыра берген жағдайда. Сол себептен жұмыс, ұзақ сапарлар мен ұшу кезінде шамамен әр 1-2 сағат сайын тұрып, біраз жүрген пайдалы. Егер тұру мүмкіндігі болмаса, анда-санда табанды қимылдатып, өкше мен аяқтың ұшын көтеріп, балтыр бұлшықеттерін ширатуға болады.

Жүрек пен қан тамырлары үшін зиянды өнімдер
Сіз ас үлесіңіздің жүрек пен қан тамырлары денсаулығына қалай әсер ететіні туралы ойланып көрдіңіз бе?…
https://laikos.kz/kz/densaulyq-bojynsha-kz/zhurek-pen-qan-tamyrlary-ushin-ziyandy-onimder/

Үзілген тромб несімен қауіпті?

Егер тромб аяқтың терең көктамырларында пайда болса, оның бір бөлігі үзіліп, қан ағымымен өкпе артериясына түсуі әбден мүмкін. Осылайша өкпе артериясының эмболиясы – өмірге қауіпті және шұғыл медициналық көмекті қажет ететін жағдай пайда болады.

Темекі тарту мен алкоголь тромбоз қаупіне қалай әсер етеді?

Шылым тарту тромбтардың пайда болу қаупін арттырады. Темекі түтінінің құрамдастары тамырлардың ішкі қабатын зақымдайды, қабынуды күшейтеді және қанның ұюын арттыра түседі. Оның үстіне тұншықтырғыш газ қанның оттегіні тасымалдау қабілетін төмендетеді. Нәтижесінде қан әлдеқайда оңай ұйып қалады, ал тамырлар жүктемені нашарырақ көтереді.

Темекі шегуден бас тарту – жүрек-қан тамырларына қатысты қаупті азайтудың бір жолы. Егер сіз әзірге темекі шегуден біржолата бас тартуға дайын болмасаңыз, зиянды азайту стратегияларын, соның ішінде түтінсіз балама нұсқаларға көшуді қарастыруға болады. Олар темекі түтінінің түзілу үдерісіне жол бермейді, әрі зиянды заттектердің мөлшерін қарапайым темекімен салыстырғанда 95% азайтады.

Алкогольді үнемі көп мөлшерде ішу жүрек-қан тамырлары түйткілдерінің қаупін арттырып, қан ұю жүйесінің жұмысын бұзуы ықтимал. Бұл тұста ішімдіктер тромбоздардан мүлдем қорғамайды. Жекелеген зерттеулерде аз мөлшерлердің кейбір жүрек-қан тамырларына қатысты оқиғалардың төмендеу қаупімен байланысы бар деп көрсетілгенімен, бұл қан тамырларының денсаулығы үшін ішуді бастау пайдалы немесе қауіпсіз дегенді тіптен білдірмейді. Алкоголь неғұрлым аз болса, тамырлар үшін соғұрлым жақсы.

Тромбоздың алдын алу: қауіпті азайтудың жолы

  • көбірек қозғалыңыз және үзіліссіз сағаттап отырмаңыз;
  • үнемі жаяу жүріңіз;
  • дененің қалыпты салмағын сақтаңыз;
  • темекі шегуден бас тартыңыз;
  • әсіресе ыстықта және ұзақ сапарлар барысында жеткілікті мөлшердегі сұйықтықты ішіңіз;
  • оталардан және жарақаттардан кейін дәрігердің ұсыныстарын орындаңыз;
  • гормонды терапияны бастамас бұрын дәрігермен жеке қауіп факторларын талқылаңыз;
  • антикоагулянттарды тек маманның нұсқауы бойынша ғана қабылдаңыз.

Жоғары қауіп кезінде бір ғана физикалық белсенділіктің өзі жеткіліксіз болуы мүмкін. Дәрігер қосымша дәрілік профилактика немесе медициналық компрессиялық трикотажды тағайындауы ықтимал.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.