
Бетке арналған LED-маскалар: олар шынымен пайдалы ма және кімдерге жарамды
LED-маскалар үй жағдайында теріге күтім жасаудың үйреншікті гаджетіне айналғаны қашан. Өндірушілер безеудің, әжімдердің және қызарудың азаятынын уәде береді, алайда бұл шындыққа қаншалықты жанасады? Лайқос мәселені зерттеп шықты.
LED-маска қалай жұмыс істейді
Маска теріге белгілі бір толқын ұзындығына ие жарықты түсіреді. Ультракүлгінмен салыстырғанда мұндай жарық күн сәулесі сияқты теріні зақымдамайды, тек жасушаларға әсер етеді – қабынуға, май бездерінің жұмысына және тіндердің қалпына келуіне ықпал жасайды. Көбінесе қызыл және көк жарықты пайдаланады.
Қызыл жарық қабынуды азайтады және фотоқартаю белгілеріне қарсы күреседі. Тұрақты түрде қолданған жағдайда ол ұсақ әжімдерді аздап тегістейді, әрі терінің жалпы жағдайын жақсарта алады.
Көк жарықты әдетте безеуге қарсы қолданады: ол қабынуды тудыратын бактерияларға әсер етеді және бөртпелердің санын азайтуға көмегін тигізеді. Дегенмен безеудің ауыр түрлеріне шалдыққанда тек жарықпен емдеу жеткіліксіз екендігі сөзсіз.
Бір мезгілде қызыл және көк жарығы бар аралас маскалар да ұсынылады. Зерттеулерге сүйенсек, жеңіл және орташа акнесі бар адамдарда мұндай үлгілер шын мәнісінде де қабыну элементтерінің азаюын көрсетті.
LED-маска кімдерге жарамды
Егер сізде келесі жайттар болса, құрылғы пайдалы болуы мүмкін:
- жеңіл қабынған безеулер;
- кішігірім қызару;
- фотоқартаюдың алғашқы белгілері;
- ұсақ әжімдер мен терінің тегіс емес құрылымы.
Егер тері сау болса, LED-маска күтімнің міндетті кезеңі болып саналмайды: негізгі күтім мен күн сәулесінен күнделікті қорғанудың өзі жеткілікті.
Неліктен кез келген масканы сатып алуға болмайды
Тұрмыстық LED-құрылғылар бір-бірінен қатты ерекшеленеді. Екі маскада да «қызыл жарық» деп жазылуы мүмкін, алайда толқын ұзындығы, қуаты, энергияның тығыздығы, процедураның ұзақтығы және жарық диодтары арасындағы қашықтық әртүрлі болады. Сондықтан тек жұмыс тәртіптерінің санына немесе жарнамадағы уәдеге ғана сүйенудің қажеті жоқ.
Клиникалық зерттеулердің деректері бар және жарық параметрлері нақты көрсетілген аспапты таңдаған дұрыс. Реттеуші органның нақты қолдануға берген рұқсаты, ең алдымен, құрылғының қауіпсіздігін көрсетеді, дегенмен косметикалық нәтижеге кепілдік бермейтіні рас.
Кімнің сақ болғаны абзал
Терінің жарыққа сезімталдығын арттыратын ауруларға шалдыққан адамдарға (мысалы, қызыл жегі), сонымен бірге жарыққа сезімталдық әсері бар дәрі-дәрмектерді қабылдайтындарға сақтық таныту қажет. Құрылғының нұсқаулығында көзді қорғау қажеттілігі көрсетілген болса, мұны ескеру аса маңызды және тезірек нәтиже алуға үміттеніп, процедураның ұзақтығын өз бетіңізше өзгертпегеніңіз жөн – кез келген процедура секілді жарық терапиясының да өз мөлшері бар.
Терінің фототипі қоңырқай келетін адамдар үй жағдайындағы жарық терапиясын қолдануды дерматологпен талқылауы керек: көзге көрінетін жарық гиперпигментацияға ықпал етуі әбден мүмкін.
LED-масканы сатып алуға тұрарлық па?
LED-маска күтімнің пайдалы қосымшасы ретінде бола алады, алайда одан бір кеште салон процедурасының әсерін күтудің керегі шамалы. Жарық терапиясы жүйелілікті талап етеді: әдетте айтарлықтай нәтиже тұрақты қолданудың бірнеше аптасынан кейін ғана көрінеді, ал оны сақтау үшін процедураларды қайталап отыру керек. Егер сіз масканы негізгі күтімге қосымша ретінде тұрақты түрде қолдануға дайын болсаңыз, оны сатып алудың мәні бар – бірақ ол тазалауды, ылғалдандыруды, күннен қорғануды және тері аурулары бар болса, оларды емдеудің орнын баспайды.