Бруксизм: себептері, белгілері мен емі. Тіс дәрігерінің кеңестері

Ұйықтағанда еріксіз тіс қайрау: бруксизм неліктен пайда болады және оны қалай емдейді

Ұйықтаған кезде тісіңізді шықырлатасыз, ал таңертең жақ сүйегіңіздің ауырсынуын сезінесіз немесе бас ауруымен оянасыз ба? Бәлкім, мәселе бруксизмде, яғни, жақ сүйегінің еріксіз қысылуы мен тістің қыршылдауында шығар. Уақыт өте келе ол тіс кіреукесін зақымдап, басқа да түйткілдерге әкеліп соқтыруы мүмкін.

Бруксизм неліктен пайда болады, оның күйзеліс пен темекі шегуге қандай қатысы бар және тісті қорғауға бола ма, бұл туралы тіс дәрігері Сергей Винокуров айтып береді.

Бруксизм дегеніміз не және ол неліктен пайда болады

Бруксизм – шайнау бұлшықеттерінің қайталанып отыратын белсенділігі: адам еріксіз жақ сүйегін қысады, тістенеді немесе тісін шықырлатады. Ол адам ұйықтағанда да, ояу кезінде де пайда болуы ықтимал.

Бруксизмнің себептері әртүрлі болып келеді. Оның дамуына күйзеліс, алаңдаушылық, ұйқының бұзылуы және жүйке жүйесі жұмысының ерекшеліктері әсер етуі әбден мүмкін. Стоматологиялық факторлар да өзіндік рөл атқарады: тістемнің ерекшеліктері, тіссауыттар мен жасанды тістерге байланысты түйткілдер. Зерттеушілердің зерттеп жүрген тағы бір фактор – темекі тарту: қазіргі шылымқұмарлардың бруксизмге ұшырау ықтималдығы екі еседен астам жоғары.

Бруксизм ерте жаста қалыптасуы мүмкін, ал күйзеліс пен мазасыздық мәселені ушықтыра түседі. Алайда барлық жағдай бұрыс тістемге немесе күйзеліске байланысты бола бермейді: себептері мен механизмдері әртүрлі.

Бруксизмнің белгілері: оның бар екенін қалай түсінуге болады

Түнгі бруксизмді өз бетінше байқау қиын: ұйқы кезінде адам жақтың қозғалысын бақылай алмайды. Кейде түнде тістің шықырлағанын еститін жақын адамдардың ескертуі алғашқы белгі болып саналады. Дегенмен дыбыстардың болмауы бруксизмді жоққа шығармайды.

Төмендегі белгілерге назар аударыңыздар:

  • Тіс қайрау. Тіс бірте-бірте қысқарады, олардың пішіні өзгереді.
  • Жарықшақтар мен сызаттар. Тістің бетінде зақымданулар пайда болады, ал пломбалар мен тіссауыттар жиі сынады, жарылады немесе түсіп қалады.
  • Жоғары сезімталдық. Тіс суыққа, ыстыққа, қышқыл немесе тәттіге реакция береді.
  • Жақтың қысылуы. Таңертең шайнау бұлшықеттері түні бойы жұмыс істегендей шаршайды.
  • Самай мен бастың ауыруы. Бас ауруы, бет бұлшықеттерінің ауырсынуы мүмкін.
  • Ұйқының бұзылуы. Адам ұйқысы қанбай оянады және күні бойы шаршағандықты сезінеді.
  • Ауызды ашқан кездегі жайсыздық. Кейде ауызды ұзақ уақыт ашық ұстау қиынға соғады, мәселен, тістерді емдеген кезде.

Бұл белгілер міндетті түрде бруксизмнің бар екендігін көрсетпейді: олардың басқа да себептері болуы ықтимал. Дегенмен егер симптомдар қайталанса, тіс дәрігеріне қаралған абзал.

Радикалды диеталар тіс денсаулығына қалай әсер етеді
Біздің ағзамыз — нағыз күрделі машина. Не жейтініміз бен оны қаншалықты жиі тұтынатынымыз жалпы денсаулықтың…
https://laikos.kz/kz/densaulyq-bojynsha-kz/radikaldy-dietalar-tis-densaulygyna/

Бруксизм тіс пен жақ үшін несімен қауіпті

Бруксизм кезінде тіске тұрақты түрде жоғары жүктеме түседі. Уақыт өте келе бұл қатты тіндердің зақымдалуына, жарықшақтар мен сызаттарға әкелуі әбден мүмкін. Қорғаныс тіндері неғұрлым аз болса, тіс те соғұрлым сезімтал бола түседі. Сонымен бірге пломбалар, тіссауыттар және басқа да ортопедиялық құрылымдарға зиян келтіріледі. Егер жасанды құрылымдар үнемі сынып немесе түсіп қалып жатса, тісті қалпына келтіру ғана емес, сондай-ақ артық жүктеменің себебін анықтаған да аса маңызды.

Шайнау бұлшықеттері ширығуының ұзақ уақытқа созылуы бет, самай және жақ буынының ауырсынуымен қатар жүруі ықтимал. Кейбір адамдарда бас ауруы және жақ сүйегінің қозғалуы барысында жайсыздық сезімі пайда болады.

Тістер біртіндеп, жылдар бойы қажалады. Сол себептен адам өзгерістер айқын көрінбейінше, оларды ұзақ уақыт байқамай жүре береді.

Қажалып қалған тісті қалпына келтіруге бола ма?

Қалпына келтіру мүмкіндігі бар, дегенмен бұл үдерістің күрделілігі зақымдану дәрежесіне байланысты болып отыр. Кішігірім жарықшақтарда жергілікті емдеу жеткілікті бола алады. Егер қатты тіндер көп жоғалса, кей кездері тістерді кешенді түрде қалпына келтіру қажет, ал шайнау бұлшықеттері немесе буынға қатысты түйткілдер болса, басқа мамандардың көмегі керек.

Егер жоғары жүктеменің себебі сақтала берсе, жаңа пломбалар мен тіссауыттар да зақымдалуы ықтимал. Сондықтан емдеу тек бруксизмнің салдарын жоюды ғана емес, сонымен бірге оны қолдайтын факторлармен жұмыс істеуді де қамтуы тиіс.

Бруксизм кезінде түнгі капа көмектесе ме?

Тісті қорғау әдіс-тәсілдерінің бірі – бұл тістердің көшірме бедері немесе цифрлық үлгілері бойынша жасалатын жеке капа. Ол тіс қатарларының арасында тосқауыл жасайды және қысу мен шықырлату кезіндегі зақымдануды азайтады. Бұлшықет ауруының кейбір түрлерінде капа емнің бір бөлігі болуы бек мүмкін.

Алайда капа бруксизмнің өзін жоймайды және адамның жақ сүйегін қысуын тоқтататынына кепілдік бермейді. Оның міндеті – тістерді қорғау және шамадан тыс жүктеменің салдарын барынша азайту.

Күндізгі уақытта тістерді қысу жағдайында дәрігер қосымша шараларды ұсынуы мүмкін. Соның ішінде ширығу сәттерін байқай білуді үйрену және тыныштық кезінде ұдайы тістенбеу пайдалы.

Бруксизмді қалай емдейді

Емдеудің әмбебап әдісі жоқ. Мұндағы тактика белгілерге, тістердің жағдайына, шайнау бұлшықеттерінің жұмысы мен түйткілдің ықтимал себептеріне байланысты.

Жағдайға қарай емдеу келесі жайттарды қамтуы мүмкін:

  • Тістерді қорғау. Тістердің зақымдалуын азайтатын жеке капа.
  • Зақымдалған тістерді қалпына келтіру. Жарықшақтарды, сызаттарды, жоғары сезімталдықты және басқа да салдарды емдеу.
  • Шайнау бұлшықеттері және буынмен жұмыс істеу. Дәрігер арнайы жаттығуларды орындау, физиотерапия немесе көрсеткіштер бойынша басқа да әдістерді ұсынуы мүмкін.
  • Психотерапия. Психологпен немесе психотерапевтпен жұмыс істеу мазасыздықты, күйзеліс пен эмоциялық ширығуды жеңуге көмектеседі.
  • Темекі шегуден бас тарту. Темекі тарту мазасыздық пен эмоциялық ширығудың артуымен ұштасуы мүмкін, ал олар өз кезегінде ұйқының бұзылуымен және бруксизммен байланысты болып келеді. Темекі түтіні жүйке жүйесіне әсер етеді: ең алдымен қысқа мерзімді қозуды, содан кейін жабырқаңқылықты тудырады. Сонымен бірге оның құрамдастары тамырларды тарылтады және тіндердің оттегімен қамтамасыз етілуін нашарлатып жіберуі әбден мүмкін. Темекі шегуден біржолата бас тарту – денсаулық үшін ең қолайлы нұсқа екені шүбәсіз. Егер сіз әзірге темекіні тастауға дайын болмасаңыз, түтін шығармайтын баламаларды – хиттерлерді зерттеп көруге болады. Кәдімгі шылыммен салыстырғанда мұнда темекі жанбайды және темекі түтіні түзілмейді.
  • Қосымша әдістер. Жекелеген жағдайларда дәрігер шайнау бұлшықеттеріне ботулотоксин инъекцияларын егуді қарастыруы мүмкін. Олар бұлшықет жиырылуының күшін азайтады, алайда бұл баршаға бірдей жарамды бола бермейді, сондықтан оған дейін қауіптер мен пайданы бағалап алған жөн.

Бруксизмнен құтылу мақсатында тістемді өз бетіңізше түзетуге немесе тіссауыттарды ауыстыруға тырыспағаныңыз абзал. Стоматологиялық араласудың қажеттілігін тексеруден кейін ғана анықтайды.

Тіс дәрігеріне қашан қаралу керек

Егер тістеріңіз айтарлықтай қысқарса, тұрақты түрде жарықшақтар мен сызаттар пайда болса, пломбалар немесе тіссауыттар қайта-қайта зақымдала берсе, ал таңертең жақ сүйегіңіздің қысылуын немесе самайыңыздың ауырсынуын сезінсеңіз, дәрігерге баруды кейінге қалдырмаңыз. Түйткіл неғұрлым ерте анықталса, тістерді одан әрі зақымданудан қорғау мен қолайлы емді таңдауға соғұрлым көп мүмкіндік болары сөзсіз.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.