Терідегі тербөртпе: не істеу керек және дәрігерге қашан барған жөн

Терідегі тербөртпе: не істеу керек және дәрігерге қашан барған жөн

Қызару, қышу және ұсақ бөртпелер ыстықтан, жаттығу орындаудан немесе жаңа косметикалық құралды қолданғаннан кейін пайда болуы мүмкін. Кейде бұл тербөртпе, кейде терінің тітіркенуі немесе аллергия болуы ықтимал. Лайқос теріге қалай көмектесу керектігін, не істуге мүлдем болмайтыны мен дәрігерге қашан бару керектігін анықтады.

Бөртпелер неге пайда болады

Тербөртпе теріде тер тұрып қалғанда пайда болады: тер бездерінің өзектері бітеліп қалады. Бұған ыстық, ылғалдық, қарқынды жаттығулар және астынан тер буланбайтын тар киім септеседі. Әдетте тербөртпе ұсақ қызыл немесе мөлдір көпіршіктерге ұқсайды. Олар қышиды, шаншиды және жайсыздықты тудырады. Көбінесе бөртпелер терінің қатты терлеген жерлеріне: қатпарлар, мойын, кеуде мен арқаға шығады.

Реактивті бөртпе – жеке бір диагноз емес, сыртқы немесе ішкі факторларға жауап ретінде пайда болатын бөртпелердің жалпы атауы. Тері жаңа иісмайға, иіссуға, тұрмыстық химияға, мата немесе үйкеліске реакция беруі мүмкін. Жанаспа дерматит кезінде тері қызарады, қышиды, құрғап қалады, қабыршақтанады, кейде көпіршіктер пайда болады. Реакция тітіркендіргішпен жанасқаннан кейін бірден немесе бірнеше сағаттан кейін, кейде, тіпті, бірнеше күннен кейін туындайды.

Бөртпенің себебін тек сыртқы түріне қарап анықтау әркез мүмкін бола бермейді. Егер бөртпелер теріде жайылып, күшейіп немесе қайта-қайта пайда болса, дерматолог маманына қаралыңыз.

Ең алдымен не істеу керек

Теріңізге шамадан тыс күтіммен салмақ түсірмеңіз және бірнеше құралды бірден пайдаланбаңыз. Қарапайым нәрселерден бастаңыз.

Ықтимал тітіркендіргішті алып тастаңыз. Егер бөртпе жаңа иісмайдан, себезгіге арналған гельден, дезодорант немесе кір жууға арналған ұнтақтан кейін пайда болса, олардан уақытша бас тартқаныңыз абзал. Егер теріңіз күдікті нәрсемен жанасса, оны ысқыламай, сумен ақырын ғана жуыңыз. Бөртпені спиртпен, сірке суымен, лимон шырыны немесе басқа да үй құралдарымен «кептіруге» тырыспаңыз: олар тітіркенуді тіптен күшейтіп жіберуі мүмкін.

Теріңізді салқындатыңыз. Тербөртпе кезінде салқын жерге барып, тар киімді шешіп, терінің кебуіне мүмкіндік беріңіз. Егер теріңіз қышып, қызарып кетсе, 10-15 минуттай таза салқын дымқыл шүберекті басыңыз. Теріге мұз қоюға болмайды: қатты салқындату тітіркенуді күшейтуі ықтимал.

Ысқыламаңыз және қасымаңыз. Жөке, скрабтар және сүлгімен қатты ысқылау терінің қорғаныс тосқауылын зақымдайды. Себезгі қабылдағаннан кейін теріңізді жұмсақ сүлгімен ақырын сүртіңіз.

Күтімді жеңілдетіңіз. Тері қалпына келгенше пилингтерден, скрабтардан, қышқылдардан, ретиноидтардан, құрамында спирті бар лосьондар мен хош иісті заттардан бас тартыңыз. Егер теріңіз құрғақ болып, тартылып тұрса, осыған дейін реакция тудырмаған құрамында хош иістендіргіші жоқ қарапайым ылғалдандырғыш иісмайды қолданыңыз. Тербөртпе кезінде тығыз және майлы заттардан аулақ болыңыз: олар жылу мен ылғалды ұстап тұрады. Бөртпе белгілі бір күйде болғандықтан, гормондық жақпа майларды, антибиотиктер немесе антигистаминді дәрі-дәрмектерді өз бетінше қолданбаңыз. Емдеу себепке байланысты болып келеді және бір жағдайда көмектесетін нәрсе басқа жағдайда пайдасын бермеуі немесе, тіпті, зиянды болуы бек мүмкін.

Температура мен ылғалдықты қадағалаңыз. Тыныс алатын маталардан тігілген кең киімді киіңіз, жаттығудан кейін киімді ауыстырыңыз және терден су болған киімде ұзақ уақыт жүрмеңіз. Тербөртпе кезінде қызып кетпеу және теріні кептіру маңызды.

Дәрігерге қашан барған жөн

Дерматологқа келесі жайттарда жазылыңыз:

  • бөртпе басылмайды, күшейеді немесе басқа аймақтарға таралады;
  • бөртпелер қайта-қайта шығады;
  • қатты қышу, ауырсыну бар немесе бөртпе суланып тұрады.

Егер теріңіз ыстық, ісінген және ауырсыну сезімі болса, іріңді бөліністер пайда болса немесе дене қызуы көтерілсе, дәрігерге баруды кейінге қалдырмаңыз.

Егер бөртпе тыныс алудың немесе жұтудың қиындауымен, ерін, тіл немесе тамақтың ісінуімен, бас айналу немесе естен танумен бірге жүрсе, дереу жедел жәрдем шақырыңыз. Бұл ауыр аллергиялық реакцияның белгілері болуы әбден мүмкін.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.