Темекі шегу туралы цитаталар және қазіргі ғалымдардың пікірлері

Классиктерден келтірейік: Лев Толстой, Марк Твен және Уинстон Черчилль шылым шегу туралы

Біз ұлы адамдардың темекіге деген құмарлық туралы қанатты сөзін жинап, оған жауап ретінде біздің заман ғалымдары не дер еді дегенді елестетіп көрді.


УИНСТОН ЧЕРЧИЛЛЬ – НИКОТИН ТӘУЕЛДІГІ ТУРАЛЫ

Саясаткер, әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты және тарихтағы ең ұлы британ азаматы. Алып-қашпа әңгімелердің біріне сенсек, шылымның күлі костюм мен жейдені күйдірмесін деп, асбестен жасалған арнайы кеудеше киетін болған екен.

 

Уинстон Черчилль темекі шегу туралы

«Сигарамды тартып алғанға соғыс жариялаймын».

Британ премьері үшін сигара көрген адам бірден тани қоятын ерекше белгі ғана болмаған. Черчилль никотинге деген тәуелдіктің кесірінен бұл әдетін мүлдем қоя алмады. Тіпті соғыс кезі мен темекіге қарсы науқан уақытында да оны тамаша «гаванамен» қамтамасыз етіп отыратын, тексерілген адамдары болыпты. Ал қала сыртындағы үйде Черчилль үш-төрт мың сигарадан тұратын стратегиялық қор ұстаған екен.

Айттым-бітті дейтін адамдардың өзі неге никотин «құшағынан» шыға алмай қалады? Бұл сауалдың жауабы тым қарапайым. Біздің темекіні қойып кете алмауымыздың басты себебі никотинге қарсы күресте емес. Оның себебі әдетте «ләззат гормоны» деп аталатын дофаминде. Түтіннен бөлінген никотин қан тамырлары арқылы бірнеше секунд ішінде миға барып жеткенде, дофамин бөліне бастайды және сезімге жауап беретін аймақтарды қозғайды. Салдарынан ми осы «жақсы» күйге оралу үшін қанша жерден зиян әдет болса, қайталанса екен деп тілеп тұрады.

 

МАРК ТВЕН – ШЫЛЫМ ШЕГУГЕ ТЫЙЫМ САЛУДЫҢ ТИІМСІЗ ЕКЕНІ ЖАЙЛЫ

Жазушы, сықақшы және шылымнан шабыт алған адам. «Дүниеге келе салысымен «Тұтатып жібересің бе?» деп сұрадым деп әзілдеген екен.

 

Марк Твен темекі шегу туралы

«Темекіні қойып кетуден оңай ештеңе жоқ. Мен мұны жүз рет жасағам!»

Америка шытырман оқиғалы әдебиетінің классигі, Том Сойер мен Гекльберри Финнің дүниеге келуіне себепші болған адам 19-ғасырдың соңында емес, 20-ғасырда өмір сүргенде, оның бұл әзілі шылымнан келетін зиянды біртіндеп азайту концепциясының негізіне айнала алар еді. Қатар күннен-күнге артып келе жатқан бұл концепцияның мәні мынада: денсаулыққа залал әкелетін әлдебір дүниеге тыйым салынбайды, ол зияны аздау басқа дүниемен алмастырыладыі. Яғни жаман әдеттен арыла алмасаң немесе арылғың келмесе, өзіңе, айналаңа келетін зардапты азайтуға тырыссаң болады.

Жалпы, осы уақытқа дейін адамзат темекіні қойып кетудің алуан түрлі әдісін қолданып көрді, оның ішінде діни жамағаттан аластату да, жын-шайтанмен байланысқа түскен деген айыппен түрмеге қамау да (себебі мұрыннан түтін шығаруды адамға тек шайтан ғана үйрете алады-мыс), акциздерді өсіру де, қоғамдық орындарда темекіге шегуге және темекі жарнамасына тыйым салу да, темекі өнімдері рационын шектеу де, қорабында темекі екенін көрсетпеу де бар. Алайда әлемің шылым шегетін миллиардтан астам адамы бұл шараның бәрі аса үлкен нәтиже бермейтінінің дәлелдеді және дәлелдеп келе жатыр. Міне, осы сәтте ғылым мен медицина мамандары жаппай бәріне тыйым сала бере берудің орнына, шын мәнінде тиімді болатын балама әдістерге көшу жайлы ойлана бастады. Шылымқорларға тоқталсақ, мұндай балама ретінде темекінің орнына құрамында никотині бар, алайда түтінсіз, яғни денсаулыққа зияны салыстырмалы түрде аз өнімдерді атауға болады.

 

ЛЕВ НИКОЛАЕВИЧ ТОЛСТОЙ – ТЕМЕКІ ТҮТІНІНІҢ ЗИЯНЫ ЖӘНЕ ШЫЛЫМҚОРДЫҢ ЖАНЫНДА ТҰРУДЫҢ ЗАРДАБЫ ЖАЙЛЫ

Жазушы, зиялы және өз уақытының трендсеттерлерінің бірі. 60-қа келгенде темекіні қойып кеткен, сол сәттен бастап, өзінің айтуынша, мүлдем басқа адамға айналған

 

Лев Толстой темекі шегу туралы

«Біздің заманның тәрбиесі орташа деген адамының өзі жеке ләззат үшін басқаның тыныштығы мен берекесін алуды адамшылыққа жат, тәрбиесіздік деп таныр еді… алайда мыңдаған шылымқордың бірде-бірі темекі тарпайтын әйелдер, балалар, ауру адамдар мен егде жандар бар жерде зиян түтінді жіберуден ұялмайды».

Лев Николаевичтің бұл сөзіндегі басты дүние – «зиян түтін» деген тіркес. Ұзақ уақыт бойы адам шылымға қатысты зардаптың бәрінде никотинді айыптап келді. Алайда соңғы ғылыми зерттеулердің нәтижесінде мұның темекідегі ең қауіпті дүние емес екені анықталды. Темекі түтіні – қатерлі газ, бу, сұйықтық пен қатты заттардың бүтіндей бір қосындысы. Цианды сутек, ыс газы, күшәлә, полоний, радий, цинк, түрлі шайыр – никотинмен бірге ере келетін мұндай зардаптың тізімін ұзаққа созуға болады. Осы ретте бұл тізімнің күйдіріп түсіретіні айта кету керек. Себебі барлық негізгі канцерогенді және улы заттар темекінің өте жоғары температурада жануаның нәтижесінде пайда болады. Сол себепті жану процесі жоқ, ал қатердің бәрі барынша азайтылған электронды темекі және темекінің қыздыру жүйесі секілді инновациялық түтінсіз жолдардың көмегімен шылымнан келетін зиянды азайтуды қолдайтын дәрігерлер саны артып келеді. Яғни адамға керек никотин діттеген жеріне жетеді, алайда одан зиян заттар мен қоспалар пайда болып, ағазға түсіп үлгермейді. Бұл жерде никотин тұтынудың балама жолдарын мүлдем зиянсыз деп айтуға келмейтінін атай кеткен жөн.

Жазушы сөзіндегі тағы мәселеге келейік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшылары шылым шеккен адамның жанында тұру жүрек пен тыныс жолдары ауруларына, атап айтқанда өкпенің қабынуы, бронхит, астма немесе өкпе қатерлі ісігі секілді қатерлерге алып келуі мүмкін екенін бұрыннан ескертіп жүр. Медицина мамандар әсіресе ата-анасының кесірінен зардап шегетін балаларға қатысты алаң көңілде. Сонымен қатар мамандар шылымқордың құрбандары қатарында 280 мыңнан астам әйел де бар екенін айтады. Сондықтан орыс әдебиеті классигі мұнда да дұрыс пікір білдірген.

 

Аударған Димаш Зиядин

Иллюстрациялар yanlaurentxo

 

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]