Қарым-қатынастағы уытты әдеттер: оларды айырып тану мен өзгертудің жолы

«Токсик» болуды тоқтату: қарым-қатынастағы уытты әдеттер

Біз жақындарымызбен қалай сөйлесетінімізді әркез байқай бермейміз. Көңіліміздің не нәрсеге толмайтынын ашық айтудың орнына мысқылмен қалжыңдаймыз, өзгелердің сезімін құнсыздандырамыз немесе әшейін үндемей қаламыз. Мұндай әдеттер зиянсыз болып көрінгенімен уақыт өте келе арадағы сенімді бұзып, қарым-қатынасты нашарлатады. Бұдан аулақ болудың жолы қандай? Лайқос жауап береді.

Сыңаржақ сын

Біз нақты бір жағдай жайында айтуды тоқтатып, адамды бағалай бастағанымызда сын қиратушы күшке ие болады. «Маған бұл әрекет ұнамады» дегеннің орнына жалпылау немесе таңбалау естіледі.

Екі сөйлемді салыстырып көріңізші. «Сен тағы да кешігіп келдің, маған бұл туралы ескертпегенің ұнамайды», яғни, нақты мәселенің мәні аталып тұр. «Сен мүлдем жауапсызсың, саған сенуге болмайды» деген сөз жеке тұлғаға жасалған шабуыл ретінде қабылданады. Әсіресе «әрқашан», «ешқашан» және «мәңгі-бақи» деген сөздер айыптауды күшейте түседі: олар жеке жағдайды нағыз үкімге айналдырады.

Мұндай сыннан қалай арылуға болады

Басқаның кемшіліктері жайында емес, іс-әрекеті, өз сезімдеріңіз бен қажеттіліктеріңіз туралы айтыңыз. «Сен мені мүлдем тыңдамайсың» деудің орнына былай деп айтқан жөн: «Сенің мені соңына дейін тыңдап алғаның маңызды. Қазір менің пікірім еленбейтін секілді көрінеді». Өзгертуге болатын нәрсені талқылаңыз және адамға оның «шын мәнісінде» қандай екендігін түсіндірудің керегі жоқ.

Пассивті агрессия

Пассивті агрессия – бұл ашудың немесе шамданудың тікелей емес көрінісі болып келеді. Адам қандай да бір түйткіл туралы ашық айтпайды, оның орнына шағып сөйлейді, әлденені тұспалдайды, әңгімелесушіні көзге ілмейді. Айналадағы адамдарға не болып жатқанын тек болжау ғана қалып отыр.

Әдеттегі мысал: «Сен ренжіп қалдың ба?» деген сұраққа «Жоқ, бәрі тамаша» деп жауап береді, алайда салқын сөйлеу мен әңгімелесушіні елемеуді жалғастырады. Екінші нұсқа: әлдебір өтінішке келісіп, ал содан кейін уақытты созбалақтау немесе қалай болса солай істей салу. Себептер алуан түрлі болады. Біреулер дау-жанжалдан қорқады, біреулер іштегі сезімі жайында айта алмайды, ал енді біреулер ашық наразылық білдіру оны әлсіз етеді деп санайды.

Пассивті агрессиядан қалай арылуға болады

Өз ашуыңызды байқай білуді, әрі оны кекесіннің артында жасырмауды үйреніңіз. «Несі бұрыс екенін өзің түсінесің» деудің орнына былай айтқан абзал: «Мен мына жағдайға байланысты ренжіп тұрмын және оны өзіңмен талқылап алғым келеді».

Жаза ретінде сөйлеспей қою

Сөйлеспей қоюмен жазалағанда, бұл нағыз мәселеге айналады: кінәлік сезімді тудыру немесе қажетті мінез-құлыққа қол жеткізу. Ұрыс-керістен кейін адам хабарламаларға жауап бермейді, сұрақтарды елемейді және мүлдем ештеңе түсіндірмейді. Екінші адамға мұның себебін өз бетінше іздеуге, кешірім сұрау және, тіпті, не жазығы бар екенін түсінбесе де, қарым-қатынасты түзеуге мәжбүр болады. Бұл мазасыздықты, аластатылу сезімі мен қарым-қатынастағы сенімсіздікті күшейтеді.

Жаза ретінде сөйлеспеуден қалай арылуға болады

Егер сіз әңгімені жалғастыруға дайын болмасаңыз, бұл туралы ашық айтыңыз: «Мен қазір өте ашулымын және жағдайды сабырмен талқылай алмаймын. Маған тынышталу үшін уақыт керек. Бұл әңгімеге кешкісін қайта оралайық».

Жаза ретінде сөйлеспей қоюға қарағанда салауатты үзілістің екі айырмашылығы бар: сіз не болып жатқанын түсіндірдіңіз және әңгімеге қайта оралуға дайынсыз. Егер әңгімелесуші үзіліс алуды сұраса, одан дереу жауап беруді талап етпеңіз.

Қарым-қатынастағы әдеттерді біртіндеп өзгертудің жолы

Жалпы қарым-қатынас мәнерін бір күнде қайта құру мүмкін емес, әсіресе, реакциялар жылдар бойына қалыптасып, автоматты жайтқа айналған болса. Дегенмен қарапайым қадамдардан бастауға болады.

  • Өз реакцияларыңызды байқай біліңіз. Жағымсыз әңгімеден кейін не айтқаныңызды, нені сезінгеніңізді және не нәрсеге қол жеткізгіңіз келгенін еске түсіріңіз. Сынның артында көбіне-көп назар аударуға деген қажеттілік, ал мысқылдың артында реніш немесе көңілдің қалуы жасырынып жатады.
  • Жауап бермес бұрын кідіре тұрыңыз. Егер эмоцияларыңыз шектен асса, бірден әрекет етудің қажеті жоқ. Өзіңізге тынышталуға уақыт беріңіз, алайда үзілісті адамды айқын түрде елемеу үшін пайдаланбаңыз.
  • Сезіміңіз жайлы ашық айтыңыз. Айып тағу мен әлденені тұспалдаудың орнына «мен-хабарламаларды» қолданыңыз: «Менің көңілім қалды», «Маған ұнамайды», «Мен … қалайтын едім». Осылайша сіз өз уайымыңызды көрсетесіз және кінәліні іздемейсіз.
  • Қателіктерді мойындаңыз. Егер сіз ашуға берілсеңіз, адамды ренжітіп алсаңыз немесе оны әдейі елемесеңіз, көңіл-күйіңіз нашар деп ақталмаңыз. Одан да былай деңіз: «Мен дұрыс істемегенімді түсінемін. Мені ренжіткен не нәрсе екендігін бірден айтуым керек еді».
  • Өзгелердің эмоцияларын басқаруға тырыспаңыз. Салауатты қарым-қатынастың мақсаты — әңгімелесушінің әрдайым келісіп, ренжімеуінде емес. Өзіңізді де, басқаны да құрметтей отырып, келіспеушіліктерді талқылай білген маңызды.

Қорытынды

Айтылған бір ғана ащы сөз немесе сәтсіз реакция адамды «уытты» етпейді. Бұл жерде қайталанатын мінез-құлық үлгілерін байқау, олардың басқаларға қалай әсер ететінін ұғыну және оларды өзгерту үшін жауапкершілік алу әлдеқайда маңыздырақ.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.