
Күзгі торығу ма, әлде маусымдық депрессия ма: екеуін ажырата білу және дәрігерге қашан жүгіну керек
Күз келісімен адамдардың көбі көңіл-күйдің бұзылып, энергияның азайып, үйреншікті істердің қиынға соғатынын байқайды. Үйде жиірек қалып, жоспарларды кейінге қалдырып, ұзағырақ ұйықтағанды қалайтының рас. Мұндай жай-күйді әдетте күзгі торығу деп атайды. Алайда бұл әрдайым маусымның өзгеруіне деген әшейін реакция ғана ма? Лайқос маусымдық көңілсіздікті маусымдық депрессиядан айырып танудың жолы мен қандай симптомдарға шалдыққанда дәрігерге қаралу керектігін айтып береді.
Неліктен күзде көңіл-күй бұзылады
Күзде жарық күн қысқарады, біз табиғи күн сәулесін аз аламыз, ал өмірдің үйреншікті тәртібі өзгереді. Бұл циркадты ырғақтарға, яғни, ұйқы мен сергектікті реттейтін ішкі биологиялық сағатқа өзінің ықпалын тигізеді. Ол үшін басты белгі – жарық: соңғысы азаятын болса, адам ағзасы ұйқышылдықты тудыратын мелатонин гормонын көбірек өндіреді екен. Сол себептен күз маусымында адамдардың көбі өзін ұйқышыл, шаршаңқы және белсенділіктің біршама төмендейтінін сезінеді.
Сондай-ақ көңіл-күйге физикалық белсенділіктің төмендеуі, сирек серуендеу, үйреншікті бос уақытты өткізу жолдарындағы өзгерістер және жаздан кейін жұмыс немесе оқу жүктемесіне оралу да әсер етеді. Нәтижесінде шаршау сезімі пайда болады, мотивация төмендейді, әрі үйде көбірек уақыт өткізгіңіз келеді.
Күзгі торығудың маусымдық депрессиядан айырмашылығы неде
Маусымдық аффективті бұзылыс (МАБ) – бұл депрессияның бір түрі, оның симптомдары жылдың белгілі бір мезгілінде тұрақты түрде пайда болады: көбіне-көп күздің соңында және қыста, ал көктем мен жазда әлсірейді. Әдетте мұндай кезең жылына шамамен төрт-бес айға дейін созылады. Уақытша көңілсіздікпен салыстыратын болсақ, МАБ күнделікті өмірге, жұмысқа, оқуға және жақын адамдармен қарым-қатынасқа айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
Маусымдық депрессияға тән белгілер:
- күннің басым бөлігінде сақталатын жабырқаңқы көңіл-күй;
- бұрын қызықтырған істерге деген қызығушылықтың жоғалуы;
- үнемі шаршау және әлсіздік;
- ұйқышылдықтың жоғарылауы және оянудың қиындауы;
- тәбеттің өзгеруі, соның ішінде көмірсулы тамаққа деген әуестіктің күшеюі;
- зейін қоюдағы қиындықтар;
- өзгелермен араласу және үйреншікті істерден қашқақтау.
Маусымдық депрессияда белгілер шамамен жылдың бір мезгілінде қайталанып отырады – әдетте қатарынан, кем дегенде, екі жыл болады. Дегенмен әрбір күзгі көңіл-күйдің нашарлауы бұзылыстың бар екендігін білдірмейді: диагноз қою үшін симптомдардың ұзақтығы, олардың айқындылығы және өмір сүруге қаншалықты кедергі келтіретіні маңызды.
Дәрігерге қашан барған жөн
Егер жабырқаңқы көңіл-күй, әдеттегі іс-әрекеттерге қызығушылықтың жоғалуы, шаршағандық және басқа да белгілер екі апта бойы күннің басым бөлігінде және күн сайын дерлік сақталса, әрі күнделікті өмірге кедергі келтірсе, маманның көмегіне жүгінген абзал.
Психиатр немесе психотерапевтке барудан бастауға болады. Дәрігер жай-күйді бағалайды, симптомдардың қашан пайда болғанын нақтылайды және қажет болған жағдайда нашар хал-жайдың басқа себептерін жоққа шығарады. Мәселен, әлсіреп қалу, шаршау және көңілсіздік қалқанша безінің қызметі төмендегенде (гипотиреоз) және қандай да бір заттың жетіспеушілігі жағдайында, атап айтқанда, теміртапшылықты анемияға шалдыққанда болады. Маусымдық депрессия емделеді: жай-күйге байланысты дәрігер психотерапия, жарықпен емдеу немесе дәрі-дәрмек қабылдауды ұсынуы мүмкін.
Егер өлім немесе өз-өзіңізге зиян келтіру туралы ойлар пайда болса, көмекке жүгінуді кейінге қалдырмау өте маңызды. Мұндай жағдайда шұғыл кәсіби көмек қажет.
Көмек дәл қазір керек болса, 111 – «111 – Amanat» мемлекеттік байланыс орталығына (тәулік бойы, тегін) немесе 150 – балалар мен жастарға арналған бірыңғай ұлттық сенім желісіне (WhatsApp +7 708 106 08 10) қоңырау шалыңыз. Өмірге қауіп төніп тұрғанда – 103 немесе 112 нөмірлеріне хабарласыңыз.
Өз бетінше не істеуге болады
Күн ашық болмаса да, күннің жарық уақытында сыртқа мүмкіндігінше жиірек шыққан жөн. Денсаулықты нығайтуға тұрақты физикалық белсенділік, ұйқы мен сергектіктің тұрақты тәртібі, толыққанды тамақтану және жақын адамдармен араласу көмектеседі.
Өзіңізді ұдайы өнімді еңбектенуге мәжбүрлемеңіз немесе күшіңіздің азайғаны үшін өзіңізді кінәламаңыз. Кей кездері жүктемені қайта қарастырып, демалуға уақыт қалдырып, әдеттегі істерге бірте-бірте оралу әлдеқайда пайдалырақ.