Ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі рөлі: ана мен әке

Анасына қарап, немесе Уэнсдейден cұраңыз

Ата-ананың бала тәрбиесіне деген үлесі туралы

Неліктен балалардың сәтсіздіктері үшін анаға жиірек сөз тиеді де, ал әке, әдетте, бұған еш қатысы жоқтай мейірімді қонжық болып қала береді – «Лайқос» психолог Юлия Белянинамен бірге Тим Бертон хикаясындағы кейіпкер қыздың әйгілі биіне қарап, осыны анықтауға тырысты.


Шын мәнісінде жауапкершілік ата-ананың екеуіне де артылады. Психологияда бұл жайлы бұрыннан әрі нақты анықталып қойылғаны белгілі: анамен арасындағы үйлесімділігі болмаған қарым-қатынас адамға жеке өмірін ұйымдастыруға мүмкіндік бермесе, әкемен арасындағы үйлесімділігі болмаған қарым-қатынас табысты мансап құру және қоғамдағы орныңды табуға тосқауыл болады екен.

 

АДДАМС ӘУЛЕТІ

Әйгілі «Адамс әулеті» фильмінің жалғасы болып саналатын «Уэнсдей» хикаясының бірінші маусымы бұл отбасының сәл есейіп қалған қызына арналған. Қызықты сюжеттен бөлек, мұнда дәл осы ересектер әлемі мен пубертат әлемінің бір-біріне қарсы тұру идеясы, нақтырақ айтқанда, жеке шекаралар мен ата-анадан бөліну тақырыбы жасөспірім (және басқа да) көрермендердің жүректерінен орын тауып отыр. Әсіресе – ананың бақылауы мен қамқорлығынан шығып кету тақырыбы.

 

Сонымен біз экранда не көріп отырмыз? Бір жағынан, Дженна Ортега сомдаған жабырқаңқы, эмоционалды емес, жабық, эмпатикалық емес және, тіпті, кішкене қатыгез әрі сыртқы дүниемен қарым-қатынасқа деген нашар бейімделген кейіпкер. Ал екінші жағынан, бақылау мен қамқорлық танытуға тым салынып кеткен ата-анасы Мортиша (Кэтрин Зета-Джонс) және Гомес Аддамс (Луис Гусман). Уэнсдейдің жеке шекараларын белсенді түрде ата-ананысының екеуі де бұзып отыратынына қарамастан, ол негізінен анасына жауап қайтаратын көрінеді.

 

Осының себебі қандай? Неліктен әлемдегі ең мейірімді, ең нәзік және жаныңа жақын болуға тиіс, отбасының алтын діңгегі саналатын жан Дженна Ортега кейіпкерінің мойындалмау нысанына, әрі қазіргі жастардың психолог кабинетіне барған кездерінде сөз етілетін ұйымдаспаған өмірлеріне деген сұраныстар тізіміндегі бірінші орында тұрған адамға айналып отыр?

 

ТАРИХИ ЗАҢДЫЛЫҚ

Осы дүниенің есігін ашқан күннен бастап баланың қасында ең көп уақыт өткізетін адам – анасы, сондықтан ол баланың барлық бақытсыздықтарына «кінәлі» болып шығады. Әуелі бала кезінде: ойыншық сатып алмады, кездесуге жібермеді. Содан кейін үйреншікті түрде ересек өмірде де солай жалғаса береді. Жұмыс жоқ – анам кінәлі: ол менің бар белсенділіктерімді толығымен шектеп отырды. Күйеуіммен ажырастым – анам кінәлі: ол маған жақсы үлгі боларлық мысал көрсетпеді. Өзімнің балаларыммен қарым-қатынасым нашар – анам кінәлі: мен отбасылық сценарийді қайталап отырмын.

 

Әке, әдетте, өзінің мұрагерінің қасында жиі бола бермейді, сондықтан ол, жалпы жұрт мойындаған пікірге сәйкес, баласының психикасы мен тағдырына тиісінше зиян келтіріп үлгермегендіктен жаудырылатын наразылықтардың астында қалмайды.

 

ЕРЕКШЕ БАЙЛАНЫС

Өмірімізде болатын күйініштер, сәтсіздіктер мен уайымдарымыз үшін ананы кінәлауымыздың тағы бір себебі баршылық. Негізінен, ана баласы үшін әуел бастан қарама-қайшы, даулы тұлға болып келеді. Бір жағынан, біз анадан туылғанымызды және онымен ерекше психологиялық байланыстың бар екендігі, әрі бұның ана құрсағында жатқан тоғыз ай тоғыз күн бойы біріктіріп келген физикалық байланысқа жалғасып келгені туралы ойдан ешқайда кете алмаймыз. Анамыз бізді мәпелеп, жылулық сыйлайды және қоршаған әлемді тануға көмектеседі. Оның жанында, оның қамқорлығында болу біз үшін қажеттілік іспетті. Әрқашан да анамыздың қасына барғымыз келіп тұрады, өмірге деген шағымдарымызды жеткізіп, оның әрдайым бізді қолдайтынына сенімді болғымыз келеді. Қандай жағдай болмасын.

Екінші жағынан, белгілі бір уақытта тура қарама-қарсы нәрселерді қалай бастаймыз – бөлек шығу, тәуелсіз болу, өз жолыңмен жүру. Осы тұста бөліну туралы мәселе туындағанда, ол әрдайым бала (кейде, тіпті, ересек адам) үшін де, сол секілді анасы үшін де экологиялық және қауіпсіз түрде өте бермейді. Пікірлер мен көзқарастардың қарама-қайшылығы пайда болып, бұл өз кезегінде қақтығыстар мен қызу реакциялар тудырады. Біз осы дилемманы өзіміз үшін шешу жолында ананың фигурасына (ана, тіпті, «уытты» болмаса да) қайта-қайта шабуыл жасаймыз.

 

ҚАЛАЙ БОЛҒАНЫ ДҰРЫС?

Бүгінгі таңда бүкіл әлем бойынша психолог мамандары адамдардың жеке өмірі үшін жауапкершілікті түгелдей қабылдауымен жұмыс істеп келеді. Яғни, олар ата-ананың, соның ішінде, әсіресе, ананың баласының тұлға ретінде қалыптасуында мықты рөл атқаратынын мойындайды, дегенмен өзіңнің барлық қайғы-қасіреттеріңді, уайымдар мен сәтсіздіктеріңді ата-ананың кесірінен болды деп ойлау – алысқа апармайды.

 

Қазіргі кезде абьюзивті, гиперқамқорлық немесе шектен тыс бақылаушы мінез-құлықтың белгілерін танытады деген секілді сәнге айналған сөздерді ата-анаға қатысты қолдануға болатын болса, онда адам анасының етегінен ажырауы үшін бар күшін жинап, нақты шекараларды айқындап қойып, өз-өзімен деген қарым-қатынастарды орнатуы керек. Басқа сөзбен айтқанда, өзіңнің кім екендігіңді, не екендігіңді, неге және не үшін екендігіңді түсіну қажет. Есте сақтауға міндетті бір жайт: барлық жағдайда ата-ананы үнемі кінәлап отыру – бұл негізінен өз өміріңізге байланысты ешқандай шара қолданбау үшін жай ғана «сылтау» болып саналады.

 

Ата-анаңыз сізге барын берді, өз тәжірибесінің ең үздігін ұсынды (бұл жерде клиникалық жағдайларды сөз етіп отырған жоқпыз). Себебі олар басқаша нұсқаны білмеді, оларды үйретпеді, оларға қалай болу керектігі айтылмады. Мұнда енді не істеуге болады – оны өзіңіз анықтауыңыз қажет, әрі жақын адамдарыңыздың іс-әрекеттерінде кінәні емес, бізбен не болып жатқанның себебін іздеуіңіз керек.

 

Ал ата-аналар мынаны ұғынуы керек: баланы тәрбиелеу ісінде анаға да, әкеге де бірдей жауапкершілік артылған. Әрі бұл екеуінің қасиетті міндеті – дүниеге бала әкеліп, оны үйлесімді тұлға ретінде өсіру және тәрбиелеу (осы тұста мамандар және бейінді әдебиет көмекке келеді), бұдан кейін жай ғана өмір жолына шығарып салып, өзінің жеке бақытты әлемін құруға мүмкіндік беру.

 

Аударған Рита Сәрсенова

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]