Movember: ерлерге қашан және қандай тексерулер қажет

Movember: неліктен ерлерге денсаулықты күту маңызды және қандай тексеруден өту керек

Көптеген ер адамдар дәрігерге «тұйыққа тірелгенде» ғана барады. Әлсіздікті шаршаумен байланыстырады, ал еш жері ауырмаса, тексерілуге баруды қажетсіз деп санайды. Алайда денсаулыққа симптомдар пайда болған кезде емес, алдын ала қамқорлық жасау керек. Лайқос Movember науқанының қайдан шыққанын, қандай ауруларды өткізіп алмау маңызды екендігін және ер адам өзіне тұрақты қамқорлықты қалайша таныта алатынын айтып береді.

Movember дегеніміз не және мұрттың бұған қатысы қандай

Movember атауы екі сөзден құралған: аустралиялық сленг сөзі mo («мұрт», moustache сөзінің қысқартылған нұсқасы) және November («қараша»). Науқан Аустралияда 2003 жылы пайда болды: Мельбурндағы достар әзіл ретінде мұртқа деген сәнді қайтаруға шешім қабылдайды, содан кейін бұл бастаманы ерлердің денсаулығын қолдау науқанына айналдырады. Бүгінде бұл бірнеше бағытты қамтитын халықаралық қозғалыс: қуық асты безі мен аталық безінің қатерлі ісігінің алдын алу және ерте анықтау, психикалық денсаулықты қолдау және ер адамдар арасындағы өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу.

Ер адамдарға қандай тексерулер қажет

  1. Қуықасты безінің денсаулығын тексеру

Қуықасты безінің қатерлі ісігі – Movember қозғалысының басты тақырыптарының бірі. Ерте кезеңдерде дерт өзін танытпауы бек мүмкін, сондықтан жас пен жеке қауіп факторларын ескеру маңызды.

Қауіпті бағалау үшін қуық асты безіне тән антигенге (PSA) қан талдауын тапсырады. Дегенмен оны бәріне бірдей тапсырудың қажеті жоқ: тесттің шектеулері бар, ал жоғары PSA әрдайым қатерлі ісіктің бар екендігін білдірмейді. Тексеру туралы шешімді дәрігермен бірге, әрі пайдасы мен ықтимал тәуекелдерін талқылай отырып қабылдаған дұрыс.

Әсіресе егде жастағы ерлермен және жақын туыстары қуықасты безінің қатерлі ісігімен ауырған адамдармен PSA жайында сөйлескен маңызды. Мәселен, Еуропалық урологтар қауымдастығы ер адамдармен ерте тестілеуді 50 жастан бастап, ал отбасылық тарихта ауру болса, 45 жастан бастап талқылауға кеңес береді.

  1. Атабездегі өзгерістерді қадағалау

Аталық бездің қатерлі ісігі көбінесе жас ер адамдарда кездеседі, сондықтан не нәрсеге назар аудару керектігін білген маңызды:

  • тығыздалу немесе ісіну;
  • бір аталық бездің ұлғаюы;
  • ауырлық сезімі;
  • сыздап тұратын ауырсыну;
  • пішінінің өзгеруі.

Егер қалыпты жағдайда аталық бездердің қалай көрінетінін және сезілетінін білсеңіз, әдеттен тыс өзгерістерді байқау оңайырақ болады. Сонымен бірге симптом болмаған жағдайда ерлер үшін аталық бездің қатерлі ісігінің скринингі жоқ. Егер тығыздалу, ісіну немесе басқа да өзгерістер пайда болса, ешнәрсені күтпей, дәрігерге көрініңіз.

  1. Қан қысымын, холестерин мен қантты бақылау

Жүрек және қан тамырларының аурулары, сондай-ақ қант диабеті жылдар бойы көзге көрінерлік симптомдарсыз дамуы әбден мүмкін. Сондықтан анда-санда қан қысымын өлшеп, дәрігердің ұсынысы бойынша қандағы холестерин мен глюкоза деңгейін тексеріп тұрған маңызды.

Қазақстанда гипертония, жүректің ишемиялық ауруы және қант диабетіне тегін профилактикалық скринингтер бар. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша 40 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет, жұп туған жылдары бойынша өтеді. Өзіңіздің емханаңызда жазылуға болады.

  1. Психикалық денсаулық жайында ұмытпау

Көмекке жүгінуге келесі жайттар себеп болуы мүмкін:

  • тұрақты шаршағандық;
  • ұйқыға байланысты түйткілдер;
  • үйреншікті істерге қызығушылықтың жоғалуы;
  • ашушаңдық;
  • мазасыздық пен жабырқаңқылық.

Ер адамдар көбіне-көп психологиялық түйткілдерді жасырып, маманға баруды кейінге қалдырып отырады: бәрін де өз бетімен шешу керек секілді көрінеді. Бұл ретте уытты маскулиндік те өз рөлін атқарады – осалдықты көрсету әлсіз болу дегенді білдіреді. Алайда психологқа немесе дәрігерге бару – бұл әлсіздік емес, өзіңізге деген қамқорлық. Егер өзіңізді өлтіру немесе өзіңізге зиян келтіру туралы ойлар туындаса, бірден көмекке жүгініңіз.

Неліктен симптомдарды күтпеген абзал

Көптеген аурулар ерте кезеңінде ауырсынуды тудырмайды және денсаулыққа әсер етпейді деуге болады. Сондықтан профилактикалық тексерулер мен скринингтер өзін саумын деп санайтындарға да қажет.

Дегенмен басқа шекке шығуға да болмайды: өзіңізге ондаған талдауды тағайындау, онкомаркерлерді тапсыру немесе «керек болып қалар» деп барлық мүшелерге УДЗ жасау қажет емес. Артық тексерулер жалған дүрлігу мен керексіз процедураларға әкелуі мүмкін. Бұдан да терапевтпен жас шамасын, тұқым қуалаушылықты, әдеттер мен жеке тәуекелдерді талқылап, содан кейін алдын алу жоспарын бірге құрған дұрыс.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.