
Залды ұнатпайтындарға арналған күштік жаттығулар: қараша айында үйдегі минимум
Сыртта суық болып, қараңғы ерте түссе, жаттығуды кейінге қалдыра салу оңай. Алайда абонементсіз, жаттығуға арналған құралдарсыз және күрделі жабдықтарсыз үйде де қозғалуға болады. Әуел баста аптасына бірнеше рет 15-20 минуттан қысқа жаттығулар жасағанның өзі жеткілікті. Лайқоспен бірге қозғаламыз!
Күштік жаттығулар не үшін керек
Күштік жаттығулар тек бұлшықеттерді күшейткісі келетіндерге ғана керек деп кім айтты. Олар бұлшықет массасын сақтауға көмектеседі, сүйектер мен буындарды нығайтады, дене мүсінін сақтайды және күнделікті қозғалыстарды жеңілдетеді. Сонымен бірге тұрақты күштік жаттығулар адам ағзасына қантты әлдеқайда жақсы сіңіруге септеседі және дұрыс зат алмасуды қолдайды. Олар кардио жаттығуларымен бірге ересектерге арналған физикалық белсенділік бойынша ұсыныстарға кіреді.
Үйдегі минимум: 8 жаттығу
Бастамас бұрын 3-5 минут бойы сергіту жаттығуларын орындаңыз: бір орында тұрып жүріңіз, иық пен жамбасты айналдырыңыз, бірнеше рет үстіртін отырып-тұрыңыз.
- Үзіліс жасап жүрелеу

Тік тұрыңыз, аяқты иық деңгейінде қойыңыз. Жамбасты артқа қарай тартып, тізеңізді бүгіңіз, әрі ыңғайлы тереңдікке дейін түсіңіз. Төменде 2-3 секунд тоқтап тұрып, бастапқы қалыпқа оралыңыз.
12 қайталаудан 3 рет орындау
- Артқа аттау

Тік тұрыңыз, артқа бір қадам жасап, тізеңізді еденге дейін түсіріңіз. Алдыңғы табан толықтай еденде тұрады, арқаны түзу ұстаңыз. Бастапқы қалыпқа оралып, екінші аяқпен қайталаңыз.
Әр аяққа 10 қайталаудан 3 рет орындау
- Бөксе көпірі

Шалқаңыздан жатып, тізеңізді бүгіңіз, табаныңызды еденге қойыңыз. Жамбасты көтеріп, бөксе бұлшықетін ширатып, бір-екі секунд кідіріңіз де, баяу төмен түсіріңіз. Беліңізді бүкпеңіз.
15 қайталаудан 3 рет орындау
- Еңкейіп керілу

Екі шыны су немесе гантельді алыңыз. Тізеңізді сәл бүгіп, арқаңызды тік ұстап тұрып, алға қарай еңкейіңіз. Қолыңызды белге қарай тартып, жауырынды барынша жақындатыңыз, содан кейін баяу түсіріңіз.
12 қайталаудан 3 рет орындау
- Сүйеніштен итерілу

Қолыңызды тұрақты сүйенішке, мәселен, диванның немесе үстелдің шетіне қойыңыз. Шынтағыңызды бүгіп, кеудеңізді тірекке қарай түсіріңіз, содан кейін одан итеріліп, бастапқы қалыпқа оралыңыз. Сүйеніш неғұрлым биік болса, жаттығу да соғұрлым жеңіл болады.
10-12 қайталаудан 3 рет орындау
- Бастан асыра сығымдап көтеру

Екі бөтелке су немесе гантельдерді алып, қолыңызды иыққа дейін көтеріңіз. Иықты құлаққа қарай апармай, қолды жоғары көтеріңіз, содан кейін жайлап түсіріңіз.
12 қайталаудан 3 рет орындау
- «Құс-ит»

Төрт аяқтап тұрыңыз. Бір уақытта оң қолыңызды алға, сол аяғыңызды артқа созыңыз. Жамбасыңызды бұрмауға тырысып, 2-3 секунд кідіріңіз. Орнына қайтарып, екінші жағыңызбен қайталаңыз.
Екі жаққа 10 қайталаудан 3 рет орындау
- «Өлі қоңыз»

Шалқаңыздан жатып, қолыңызды жоғары қарай созыңыз, ал аяғыңызды көтеріп, тік бұрышпен бүгіңіз. Қарама-қарсы қол мен аяқты баяу түсіріңіз, беліңізді еденнен көтермеңіз. Бастапқы қалыпқа оралып, екінші жағыңызбен қайталаңыз.
Екі жаққа 10 қайталаудан 3 рет орындау
Бір аптадан кейін жаттығуларды тастамаудың жолы
Әрбір жаттыққан сайын толық бағдарламаны орындау міндетті емес. Жүктемеңіз көп болатын күнде 10 минуттың ішінде бір-екі ғана жаттығуды орындауға болады – бұл ештеңе жасамағаннан гөрі аздап болса да жасаған артық. Жаттығуды үйреншікті бір іспен байланыстырыңыз: мәселен, жұмыстан кейін немесе душқа дейін жаттығыңыз. Жиналуға күш жұмсамау үшін кілемше мен киімді алдын ала дайындап қойыңыз.
Егер сізде созылмалы аурулар, жарақаттар немесе жүктемеге байланысты шектеулер болса, жаттығуларды маманмен бірге таңдаңыз. Ауырсыну, бас айналу немесе әдеттен тыс ентігу болғанда жаттығуды тоқтату керек.