Етеккір үзілісі туралы дақпырттарды жоққа шығару: Шолпан Әлиевамен сұхбат

«45-тен жақсы жас бар ма?»: климакстан кейінгі өмір

«Марста өмір бар ма?» немесе «Біз бұл ғаламда жалғызбыз ба?» секілді сауалдарға қарағанда «климакстан кейін өмір бар ма?» деген сұрағымыз риторикалық сипатқа ие. Әрі оның жауабы да айқын: «Әрине, бар! Әрі өзі бір ғанибет!» Қырықтан асқан әйелдер әлдеқайда сұлу, тартымды, баурап алатын қасиеті бар деседі. Осы мақалада біз ҚР ПІБ МО «Ұлттық ауруханасының» гинекология бөлімінің меңгерушісі, акушер-гинеколог, медицина ғылымдарының кандидаты Шолпан Әлиевамен бірге климакс, жас туралы дақпырттарды сейілтіп, зиянды қалай төмендетуге болатыны мен бұл тақырып бойынша жаңылыс пікірлерді ажырата білу жолдары туралы әңгімелесеміз.

КЛИМАКС ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

 

Климактерийлік кезең – бұл жыныстық гормондар деңгейінің төмендеуіне байланысты ағзадағы физиологиялық үдерістерінің қайта құрылуы. Ол үш кезеңнен тұрады: перименопауза, менопауза және постменопауза. Әдетте перименопауза кезеңі бірнеше жылға дейін созылады. Осы кезең барысында әйелдердің ағзасында жыныстық гормондар – эстрогендердің бөлінуі бірте-бірте азаяды. Етеккір тұрақтылығы құбылып тұрады, әрі оның сипаты да өзгеруі әбден мүмкін (етеккір мол келуі ықтимал, не болмаса, керісінше, сирек болады). Етеккір үзілісі – бұл әйелдің бала көтеруге қабілетті жасының аяқталуы деген сөз. Бұл жыныстық гормондар – эстроген мен прогестерон бөлінуінің толықтай дерлік тоқтауы. Сонымен бірге бұл әйел ағзасындағы аналық жасуша қорының таусылғаны мен оның жүкті бола алмайтындығын білдіреді. Дәл осы кезеңде етеккір тоқтайды. Дегенмен мұны әйелдің етеккірсіз кем дегенде бір жылдай уақыт бойы жүргеннен кейін ғана нақты айтуға болады. Әрі нақ осы перименопоузадан бастап етеккір үзілісінің басталауына дейінгі кезең климакс деп аталады. Постменопауза етеккір үзілісінен бір жыл өткеннен кейін басталады да, әйел өмірінің соңына дейін жалғасады.

 

Статистикаға сәйкес, әйелдердің шамамен 85%-ы ағзадағы гормоналды өзгерістерге 45-50 жасында тап болады екен. Ал біздің аймағымыздағы әйелдерде етеккір үзілісінің басталуының орташа жасы – 49-51 жас. Дегенмен бұл тұста кейбір нюанстар кездеседі. Етеккір үзілісі ертерек басталуы да мүмкін, бұл, мәселен, хирургиялық әрекет, генетикалық ауытқулар, аутоиммундық аурулар салдарынан болып жатады. Ал кейде, керісінше, «жолда кідіріп қалуы» да ықтимал. Климакспен бірге жүретін негізгі белгілер арасында әйелдердің өздері «құйылу», ұйқысыздық, мазасыздық (тіпті, депрессиялық жағдайларға дейін), терінің семуі секілді жайттарды атап көрсетеді. Дәрігерлер болса, жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары мен остеопороз үшін көбірек алаңдайды екен. Ал енді климаксқа қатысты дақпырттарға көшсек.

 

№1 дақпырт. Климакс кезінде мінез бұзылады (ұмытшақтық, күйгелектік), «құйылу», ұйқысыздық, мазасыздық және депрессиялық жағдайлар да жиі кездеседі.

 

Бұл ішінара ғана дұрыс. Дәлірек айтқанда, осылардың ішінен климакспен байланыстыруға келетін жалғыз нәрсе – бұл «құйылу». Осының дамуының нақты механизмі белгісіз болып келеді, алайда мынадай бір гепотеза бойынша ағзадағы эстрогендер деңгейінің төмендеуіне байланысты гипоталамустағы нейрондар тобында өзгерістер пайда болады екен. Осының нәтижесінде сонда орналасқан жылуды реттеу орталығының үйреншікті «баптаулары» жоғалады да, әрі ол температураның кез келген, тіпті, шамалы өзгерістердің өзіне де реакция бере бастайды, осылайша, өз иесін, тіпті, қажет болмаған жағдайда да салқындатуға тырысады.

 

«Әйелдердің барлығы да гормондарға тәуелді болып келеді. Сынып қалған бізөкше, машина үстіңізге балшық шашыратты делік, артық килограмм қосып алу, ауа райының қолайсыздығы – осының бәрі де әйелдің мінезіне ықпал етуі мүмкін. Біздің көңіл-күйіміз көбінесе етеккір цикліне байланысты болады – қандай да бір симптомдар оның белгілі бір кезеңінде пайда болып отырады. Ал күйгелектік, ұмытшақтық секілді жайттар – бұл «кемелденген» әйелдердің ерекшелігі емес, олар жас қыздарда да жиі кездеседі. Бұл қалқанша безі жұмысы немесе әйел гормондары жұмысының бұзылуына қатысты болуы ықтимал. Мұның климакспен байланысы жоқ дегенге көрсетіп отыратын себептер өте көп. Бұдан да артық айта аламын: әйелдердің көбі осы кезеңге айтарлықтай жеңіл кіреді және, тіпті, өздерінде климакстың басталғанын байқамауы да әбден мүмкін», – дейді Шолпан Әлиева.

 

№2 дақпырт. Әжімдер көбірек пайда болады, тіс бұзылады, кенет артық салмақ қосылады.

 

Бұл да олай емес. Әжімдер саны бірқатар факторларға байналысты: сіздің бет қимылыңыздың көрінімі, сіздің тұрып жатқан аймағыңыздағы экологиялық жағдай, сіздің әдетте күннің астында қанша уақыт өткізетініңіз және, ең ақыры, салауатты өмір салтын қаншалықты ұстанатыныңызға қатысты болып келеді. Әлбетте, эстрогендер деңгейінің төмендеуі терінің семуі секілді үдерісті жылдамдата түсетіні рас, дегенмен адамдардың көбі ойлағандай, соншалықты айқын емес. Содан кейін әртүрлі косметикалық құралдар мен процедураларға да ешкім тыйым салып жатқан жоқ.

 

Артық салмақ қосқаныңыз үшін гормондарды ғана кінәлауға болмайды. Иә, олардың мөлшері азайған кезде бұлшықет массасының пайызы да төмендей бастайды. Бұл өз кезегінде зат алмасу үдерісін баяулата түседі. Ал осы тұста ұйқымыздың қанбауы, ұдайы болатын стрестер, дұрыс тамақтанбау мен қимыл-қозғалысы аз өмір салтымыздың салдары біліне бастайды (негізінен бұл салдар мықын секілді жерлерде қордаланып, жинала бастайды). Бұл жағдайдан шығу жолы – көбірек қимылдау, жақсы ұйықтау, тамақтанудың тәуліктік калориялар мөлшерін төмендету.

 

Ал тістің бұзылуы секілді жайтқа келсек, әдетте бұл үдеріс ағзаның қартаюы және сіздің тамақтану мәселеңізге байланысты болып келеді, әрі олар климаксқа мүлдем қатыссыз екен.

 

№3 дақпырт. Климакс басталған кезде жыныстық қатынасқа деген қызығушылық жоғалады. Секстің өзі, тіпті, жағымсыз болуы мүмкін.

 

Бір үлкен американдық зерттеуге сәйкес, климактерийлік кезеңдегі әйелдердің 39%-ы қынаптағы табиғи майланудың жеткіліксіздігіне шағымданған, 34%-ы оргазмды сезінуге деген қабілетсіздігін атап көрсеткен, 23%-ы жыныстық қатынастан ләззат алмағандарын айтады, ал 17%-ы жыныстық қатынас кезінде ауырсынуды сезінген екен. Алайда дабыл қағуға асықпаңыздар – жоғарыда көрсетілген жағдаяттардың барлығын да реттеуге болады. Табиғи майлану жетіспей жатыр ма – көмекке лубриканттар келеді. Оргазмға жету мүмкін емес пе – қиялыңызға ерік беріп, жаңа дене қалыптарын сынап көріңіз. Ал либидоны терапия көтере алады. Айта кетерлігі, жалпы оған гормондардан гөрі күнделікті стрестік жағдайларымыз көбірек әсер етеді.

 

«Менің тәжірибемде осы кезең барысында әйелдердің, керісінше, өздерін әлдеқайда еркінірек және қысылмайтындай сезінгенін атап өткен жағдайлар көптеп кездескен. Сонымен бірге қазіргі уақытта климакс кезінде пайда болатын белгілерді, соның ішінде қынаптағы құрғақтық сезімі, либидоның төмендеуі секілді симптомдарды жеңілдетуге септігін тигізетін көптеген көмекші құралдар бар. Мұның бәріне де гормондарымыздың әсер ететіні түсінікті, дегенмен олардың барлығын да қосымша құралдар – өсімдіктен жасалған немесе гормоналдық препараттар көмегімен туралау және реттеуге болады», – деп көрсетті гинеколог Әлиева.

 

№4 дақпырт. Етеккір неғұрлым ерте басталса, етеккір үзілісі соғұрлым ерте болады/Жыныстық қатынасқа түсуді неғұрлым ерте бастасаң, климакс соғұрлым ерте басталады.

 

Бұл таза дақпырттың өзі. Етеккірдің өміріңіздегі басталу уақыты да, сол секілді жыныстық қатынасқа түскен жасыңыз да климакстың басталу кезеңіне ешқандай ықпал етпейді. Бүгінгі таңда ғалымдарға барлық жағынан дені сау әйелде климакстың басталуын нақты жылдамдата алатын бір ғана фактор белгілі болып отыр, әрі бұл – темекі тарту және ішімдікке салыну болып келеді. Сонымен қатар етеккір үзілісін хирургиялық әрекеттер (аналық безге жасалған оталар) және онкологиялық ауруларды емдеу (сәулемен емдеу және химиотерапия) жақындата алады.

 

№5 дақпырт. Кеш жүктілік пен босану етеккір үзілісін шегіндіреді. Ал неғұрлым көп босансаң, етеккір үзілісі соғұрлым ертерек басталады.

 

Олай емес. Босану әйел ағзасын жасартады деген пікір – бұл тағы да кеңінен таралған дақпырттардың бірі ғана. Жалпы жүктілік әйел ағзасы үшін кез келген жасында да айтарлықтай күрделі сынақ болып келеді. Дегенмен көптеген дәрігерлердің пайымынша, босану шынымен де климакстың басталуын кейінге ығыстырады. Әрі осы тұста босанған әйелдің жасы маңызды емес. Әрбір жүктілік климаксты 1-2 жылға шегіндіреді, өйткені жүктілік пен баланы емізу кезінде аналық бездегі резервтік фолликулалар шығындалмайды.

 

«Етеккір үзілісінің басталу үдерісі әрбір әйелде жекеше өтеді. Физиологиялық тұрғыдан айтарлықтай ерте есейетін қыздар болады. Тиісінше, бұл 40 жаста да, сол секілді 50 жаста да басталуы бек мүмкін. Осыған алуан түрлі себептер септігін тигізеді. Қазіргі уақытта, мәселен, ЭКҰ және басқа да көмекші репродуктивті технологиялардың серпілісі жүріп жатыр. Бұған байланысты кейбіреулерде, мысалы, көптен күткен жүктілікке қол жеткізу үшін әжептәуір ұзақ уақытқа созылатын гормоналды қолдау болуы ықтимал. Ал гормондар етеккір үзілісін шегіндіре де, сол секілді жақындата да алады», – деп атап өтті Шолпан Әлиева.

 

№6 дақпырт. Климакс «жасарып келеді».

 

Ал мынау нағыз шындық. Соңғы жылдардың ішінде гинеколог мамандары көрсетіп отырғандай, аталмыш үдерістердің айтарлықтай өзгергені байқалады, шамамен 10 жылға «жасарып» отыр. Бұрындары ерте климакс ретінде саналған – 36-40 және 41-45 жас –бүгінгі таңда жиі-жиі кездесіп отырады екен. Мұның барлығы өмір сапасы мен шарттары, стрестер, дұрыс тамақтанбау, қолайсыз экология салдарынан болып жатыр.

 

№7 дақпырт. Климаксты кейінге жылжытуға болады. Соның ішінде ББҚ және йоганың арқасында ығыстыру.

 

Әлбетте, спортпен шұғылдану, соның ішінде йогамен айналысу өзіңіздің ағзаңызды тонуста ұстауға көмектесетіні айқын. Дегенмен етеккір үзілісінің симптомдарын емдеу бойынша берілетін ұсыныстарға міндетті түрде гормоналды емес препараттар кіруі керек. Бұл құрамында өсімдік компоненттері немесе «табиғи» гормондары ЖОҚ дәрілік құралдар болуы тиіс. ББҚ-ның негізгі қауіптілігі олардың дәрі-дәрмектер секілді қатаң бақылаудан өтпейтіндігінде жатыр, сондықтан олардың ішінде не бар екені – тіптен белгісіз.

 

«Сонымен бірге ББҚ да, йога да емдеудің бір бөлігі ретінде бола алады, өйткені бәрі де біздің өмір салтымыздан, ойлау мәнерімізден, физикалық жүктеме мен, тіпті, сенің не жеп, не ішетініңнен басталады. Яғни, осы кезең барысында, ал бұл айта кетсем, сондай бір қызықты, нағыз кербез жас, өзіңіздің тамақтану мінез-құлқыңыз бен физикалық жүктемеңізді ретке келтіріп алғаныңыз жөн. Ал егер белгілі бір қажеттілік туындаған жағдайда, не болмаса сіз қалап тұрсаңыз, онда дәрігер әрі теріңіздің күйін сақтап қалуға көмектесетін және де Альцгеймер ауруы, инсульт, инфаркттың алдын алуға септігін тигізетін дәрі-дәрмектерді тағайындай алады. Демек дұрыс іріктеліп алынған препараттар мен кешенді әдіс-тәсілдердің арқасында «қартаю кезеңін», ал ханымдарымыздың бұдан айтарлықтай қорқатыны рас, барынша «тегістеуге» және кейінге қалдыруға дерлік болады. Шын мәнісінде климакс кезеңі басталып кетуі мүмкін, дегенмен бұл сізге жас және әдемі қалпыңызда қала беруге мүлдем кедергі етпейді» – деп көрсетті Шолпан Әлиева.

 

 

Аударған: Рита Сәрсенова

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]