Түр келбетті үнемі жақсарта беруді қалай тоқтатуға болады?
Шектен тыс әдемілік жайлы сөз қозғайық
Эстетикалық медицина индустриясының өз-өзімізді қабылдауға қалай әсер етеді? Неліктен беттің пластикасы мінсіздікке деген қажеттілікті әрдайым қанағаттандыра бермейді? Бұл мәселеге қалайша анағұрлым саналы түрде қарау керек және шексіз процедуралардың зиянын қалай азайтуға болады? Бұны психолог Анастасия Стеблянко және дерматокосметолог Әйгерім Ринатқызымен бірге анықтаймыз.
ПЛАСТИКА: МҰНЫҢ БАРЛЫҒЫ ҚАЛАЙ БАСТАЛЫП ЕДІ?
Бет жарақаттарын түзету бойынша процедуралар туралы алғашқы ескертулер осыдан 4000 жылдан астам уақыт бұрын болған, әрі ол жерде ежелгі Үндістан туралы айтылады. Дегенмен ағзаның әртүрлі тіндері мен мүшелерін қалпына келтіру мамандығы 20 ғасырдың басында Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан болатын. 2030 жылға қарай бұл индустрия 332,1 млрд. АҚШ доллары көлемінде бағаланатын болады деп болжанып отыр. Пластикалық оталардың жаппай танымалдылығы 1970-80-ші жылдары басталып, әрі 1990-шы жылдары өзінің шарықтау шегіне жетеді. Американдық косметологиялық хирургия академиясы пластикаға деген сәнді АҚШ-тың мықты экономикасымен байланыстырады, бұл американдықтардың қосымша шығындарға деген бюджеттерін кеңейткен еді, сонымен қатар бұл жас көрінгісі келген бэби-бумерлер буынының қартаюымен де байланыстырылып отыр. Сонымен бірге супермодельдер мен «it-girls» дәуірі болатын. Аттары аңызға айналған Синди Кроуфорд, Кейт Мосс, Жизель Бюндхен және Клаудия Шиффер сән мен әдімілік стандарттарына қатты әсер еткен. Стандарттарға сай болу талпыныстарында көптеген адамдар пластикалық хирургтарға жүгінетін. Ең танымал процедуралар арасында кеудені үлкейту, липосакция, бет терісін тегістеу және ринопластика (мұрын пластикасы) секілді оталар болған.
ЗАМАНАУИ ИНДУСТРИЯҒА КӨЗҚАРАС
Қазіргі уақытта эстетикалық медицина бұрынғыдан да қолжетімді болып отыр. 1998 жылдан бері АҚШ-та эстетикалық процедураларға деген бағалар инфляциядан гөрі баяуырақ өсіп, осылайша көпшілікке айтарлықтай қолжетімді бола түскен. Сонымен бірге батыс мамандарында нағыз бәсекелестер пайда болған. Оңтүстік Корея сұлулыққа табынушылық пен жоғары технологиялық дамудың арқасында пластикалық хирургия саласында әлемдік көшбасшыға айналады. Тиісінше, Оңтүстік Кореяның эстетикалық медицинасы өзінің қолжетімділігімен ғана емес, сондай-ақ сапасымен де ерекшеленеді. Қазақстан да қалыс қалмауда – пластикалық хирургия нарығы әлі де дамып жатқандығымен, мамандарға деген талаптар өте жоғары, әрі сапалы процедураны айтарлықтай бәсекелестік бағаға жасауға әбден болады.
Әлеуметтік-мәдени жағдай да өзгеріп кетті. Супермодельдердің орнына инфлюенсерлер келді. Әлеуметтік желілердегі жеткілікті оқырмандар саны бар кез келген адам бұқараға ықпал ете алады. Осылайша, мінсіз бет-әлпеттер мен дене бітімдерінің суреттері журнал беттерінен әлеуметтік желілерге көшіп, күнделікті өмірге сіңіп кеткен. Біз сұлулық эталондарына үнемі онлайн түрде бақылап қана қоймай, сондай-ақ бұл бейнелерді фильтрлер мен AR-қосымшалары арқылы өзімізге де шақтап көре аламыз.
Бұл эстетикалық медицина саласында жаңа, тез ауысып отыратын трендтер үшін шарттарды тудырды. Дерматокосметолог Әйгерім Ринатқызының айтуынша, қазіргі уақытта ерін аугментациясы, ботулинотерапия, биоревитализация кеңінен таралған, сонымен қатар осымен екі жылдай уақыт бойы «Джоли бұрыштарын» қалыптастыру процедурасы да үлкен сұранысқа ие. Селебрити есімдерімен басқа да процедуралар байланыстырылған. Белла Хадид «түлкінің көзі» (жіптің көмегін қасты көтеру) деген үрдісті танымал етті. Сондай-ақ ол және басқа да көптеген Голливудтық жұлдыздар (Лея Мишель, Зои Кравиц, Аня Тейлор-Джой және басқалар) Биша түйірлерін (бет сүйегі жанындағы майлы денелер) алып тастаса, осылайша екі ұрты батыңқы, ал жақ сүйектері биік болып көрінеді екен. Осы және басқа да көптеген процедуралардың (ботокс, филлерлер) үйреншікті болғандары соншалықты, тіпті, оларды «tweakments» санатына жатқызып қойған – бұл кішігірім инвазивті процедура, яғни, сырт келбетті «түзету» дегенді білдіреді.
ИДЕАЛҒА ҰМТЫЛУДЫҢ БАҒАСЫ ҚАНДАЙ?
Әрбір процедураның өзіндік көрсетілімдері мен тәуекелдері болады, алайда кейбіреулерін жасауды, тіпті, мамандардың өздері де сирек ұсынады. Мәселен, сол Белланың «түлкі көзін» жасау үшін еріп кететін тері астындағы жіптерді қолданады, ал оларды көп қолдану тіннің ішінде фиброзды қоздырады. Бұл процедураның қысқа мерзімге ғана жарамдылығының салдарынан (шамамен 6 ай) оны бәрібір қайталау қажет болып тұрады. Биша түйірлерін алып тастау да қайтарымсыз нәтижелерге әкеліп соқтыруы ықтимал. Жас ұлғайған сайын тері астындағы майлы қабат жұқара түседі. Алып тасталғаннан кейін қалпына келтіруге болмайтын майлы денелерсіз адамның беті жүдеу болып көрінеді, шаршаған сияқты болады.
Бұл қауіптердің барлығы туралы өзін құрметтейтін кез келген маман пациенттеріне алдын ала ескертеді. Дегенмен пластикаға деген сәннің психологиялық салдары туралы сирек айтылады.
ШЫНАЙЫ ЖӘНЕ ОЙДАН ШЫҒАРЫЛҒАН КЕМШІЛІКТЕР АРАСЫНДА ШЕКАРА БАР МА?
«Сірт келбеттің дефектісі туралы түсінік – әртүрлі түсінілетін ұғым, сол секілді нормалар түсінігі де түрліше түсініледі. Адам ойдан шығарылған кемшілікті асырып айтуы және соған байланып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда пластикалық ота адамды қанағаттандырмайды да, сөйтіп ол кемшіліктерді ары қарай іздеп, сыртқы түрін «түзете» беруді жалғастыра беріп, ақауды дұрыстауға емес, қол жетпейтін идеалға ұмтылатын болады, – деп түсіндіреді психолог Анастасия Стеблянко. Атап айтқанда, дисморфофобия деген ұғым баршылық. Бұл психикалық ауытқушылық адамның өзінің сыртқы келбетіне байланысты мазасыздығымен сипатталады. Осыған байланысты адам тек өзіне ғана көрінетін кемшіліктерін үнемі түзетіп отыру мақсатында пластикалық хирургиямен әуестене береді». Мамандар пайымдап отырғандай, пластикалық хирургия пациенттерінің шамамен 15%-ға жуығы осы аутқушылыққа тап болады. Олардың 10%-нан кемі ғана ота нәтижесіне риза болады.
Әйгерім Ринатқызы кез келген процедураның алдында пациенттің дайын екендігін (соның ішінде психологиялық тұрғыдан) анықтап алу керек деп түсіндіреді. «Пациентті жүргізудің қалыпты қағидаттары болады. Дәрігер өзінің кәсіпқой қызметін қай жерде жүргізетіні маңызды емес, ол әуелі шағымдарды, аурудың анамнезі, өмір анамнезін жинау мен тексеруден бастайды. Демек, 95% жағдайда пациентпен жұмыс бастар алдында дәрігер өзі үшін ары қарай қандай бағытта қозғалу керектігі туралы нақты ұғынуы тиіс.
Сұлулық – бұл салыстырмалы үғым. Әрбір адам бұл ұғымға маңызды деп санайтын қасиеттерді енгізеді. Сондықтан пациент саған көмек үшін келген кезде, оған ненің, не үшін және неліктен керектігін, ал ең бастысы – бұл оның денсаулығына зиян келтірмейтіндігін, әрі анағұрлым залалсыз жолдар арқылы зиянды төмендетуге болады ма екендігін түсінген маңызды. Яғни, шағын әңгіме-дүкен құру – науқастың физиологиялық және психологиялық дайындығын, сонымен қатар бұл дәрігерлік араласудың шынайы қажеттілігін анықтаудың негізгі тәсілі болып келеді».
БІЛІКТІ МАМАННЫҢ РӨЛІ
Көрсетілімдердің жоқтығына қарамастан, кей кездерде адамның өзін-өзі қабылдаудың дұрыс еместігіне байланысты пациент процедураны бәрібір өткізуді талап етуі мүмкін. Мұндайда пациент жүгініп отырған дәрігер не істеуі керек?
Әйгерім Ринатқызының пікірінше, бұл эстетикалвқ дерматологияның ең күрделі сұрақтарының бірі: «Қазіргі уақытта анық немесе жарнаманың жасырын формасы болып келетін ақпарат көптеп кездеседі және ол тұтынуға бағыталады. Бұқара ішіне мұндай ақпаратты тастау адамдардың өмірінде өз ізін қалдырады. Дерматокосметология саласында бақылап отырғанымдай, осы мамандықтың дәрігерлері өздерінің кім екендіктерін және осында не үшін келгендерін ұмытып қалған секілді көрінеді. Науқаспен жұмыс істеу хаттамасын сақтау жоққа шығарылған деуге болады. Бұл әрекеттер нарық қағидаттарына сай жүргізіліп жатыр: пациент (клиент) келді, белгілі бір процедураны жасатуды сұрады, «дәрігер» оны орындады, оған қоса, тағы бір нәрсені сала салды, асханадағы дәмдеуішті салғандай секілді «бонус ретінде бетпердені жағып берді». Бұл дәрігерлік мінез-құлық емес. Өкінішке қарай, бұл маманның дәрігер болуға емес, ақша табуға келгендігін көрсетіп отыр».
Әйгерім Ринатқызының паймынша, мұндай жағдайларда осындай процедураны неге өткізуге болмайтындығы мен оның салдары қандай болатындығын дұрыс түсіндіру маңызды. «Бұл жерде эмоцияларды көрсету мен ұрысудың орнына, тиісті дәлелдерді сауатты түрде келтірген өте маңызды. Бұл кезеңде менің пациенттерімнің 98%-ы ұсыныстарыма құлақ асады. Жалпы алғанда егер пациент кәмелет жасқа толса, әрі дәрігер оның денсаулығына деген физиологиялық залал келтірілмейтіндігін анықтаған болса, онда ол процедураны өткізуге қақылы. Әлбетте, пациенттің өтініші заңнамалық тұрғыдан бекітілуі тиіс. Мен мұндай мәселелерде өте принципшілмін. Егер белгілі бір процедурада қажеттілік болмай жатса, мен оны өткізбеймін».
ТЕПЕ-ТЕҢДІКТІ ТАБУ НЕМЕСЕ ӨЗ БОЙЫҢДА БІР НӘРСЕЛЕРДІ ҮНЕМІ «ЖАҚСАРТА БЕРУГЕ» ДЕГЕН ШЕКСІЗ ҰМТЫЛЫСТЫҢ ЗИЯНЫН ҚАЛАЙША АЗАЙТАМЫЗ?
Мамандар пациенттерінің өз сырт келбеттеріне деген қарым-қатынастарының позитивті болуына қалайша ықпал ете алады? «Мұндайда әрдайым әңгіме-дүкен құру қажет, – деп бөліседі Әйгерім Ринатқызы, Пациенттермен сөйлескен кезде мен әрқашан мына бір ойды жеткізуге тырысамын: адам өзінің физиологиялық және сыртқы мүмкіндіктерінің аясында ғана сырт келбетін жақсарту бойынша әрекеттерді жүргізуі тиіс, ал «штамптық сырт келбет» – бұл сұлулық емес. Дербес әдемілікті көрсету және сыртқы келбеттің мықты тұстарын паш етуге әбден болады. Өйткені әркімнің әдемілігі өзінше бөлек болып келеді!».
Аударған: Рита Сәрсенова