Жалғыздық: себептері, әсері және заманауи шешімдер

Өзіңмен-өзің қалсаң

Жалғыздық адамның басты проблемасы ретінде

2019 жылы Британия жалғыздықпен күресуге бүтіндей бір министрлік арнаған әлемдегі алғашқы мемлекет атанды. Екі жыл өткен соң Жапонияда бұл бағытқа бет бұрды. Себебі қазіргі кезде қаладағы қарбаластың, қаптаған елдің ортасында қалған адамның өзі өзін жалғыз сезінеді. Мұның себебі неде және аталған проблеманы қалай шешуге болады?

ЖАҒДАЙ СОНШАЛЫҚ ЖАМАН БА?

Жалғыздық – айтарлықтай маңызды мәселе. Қайғы-жүгі де көп. Психоген фактор ретінде жалғыздық психикамызға әсер етіп, ауыр эмоционал реакция, мазасыздық, депрессия, алаң көңіл, тұлғалықтан айрылу, галлюцинация тудырады, салдарынан адамның санасы, тұлға ретіндегі ерекшеліктері өзгереді және өмір сапасы күрт төмендеп кетеді.

 

Бұл – әлем деңгейіндегі күйіп тұрған проблема. Мәселен, АҚШ-та әр оныншы тұрғын өзін оқшауланып қалғандай сезінеді. Еуропа жалғыз қалған жандар саны бойынша рекорд жаңартып отырған ел – Швеция. Азияды жалғыздық тіпті бұқаралық мәдениеттің бір бөлігіне айналды.

 

Мысалы, Оңтүстік Кореяда дос пен отбасыны жалға алу сервисі сәнге айналды. Одан бөлек мукбанг та сұранысқа ие. Мукбанг – видеоблогингтің бір түрі: мұнда біреу камера алдында тамақтың түр-түрін көптеп жейді, қалғаны оған қарап отырады. Әрине, біртүрлі көрінуі мүмкін, әлдекімнің акула жүзбеқанатынан әзірленген сорпаны ішіп, артынан ащы-тәтті соустағы етті асап, литрлеп кола ішкені кімге қызық? Кезекті тренд деп қабылдауымыз да кәдік. Алайда іс жүзінде мұның себебі тереңде жатыр. Оңтүстік Корея тұрғындарының көпшілігі жалғыз өмір сүреді. Ал тамақты басқа жандармен бірге отырып ішу – кәріс мәдениетінің аса маңызды бөлігі. Белгілі бір себептерге байланысты көп азамат мұндай мүмкіндіктен айрылған. Сол себепті мукбанг-блогердің эфирге шығып, қолданушылармен әңгіме-дүкен құруы – достармен, жақындармен дастархан басында отыруды алмастыратын дүниеге айналды.

НЕГЕ БҰЛАЙ?

Заманауи қала – тас джунгли. Орталықтағы алып-алып сәнді үйлерге қараған адам өзін кішкентай, әлсіз сезінеді, ал қала сыртындағы жыпырлаған тұрғыны көп аудандар өркениеттен тыс қалғандай көрінеді. Мынадай қарама-қайшылық бар: белгілі бір аймақтағы адам саны неғұрлым көп болса, онда өмір сүретін жан өзін соғұрлым жалғыз және оқшауда қалғандай сезінеді. Оның үстіне жаһандану мен урбандаудың нәтижесінде қалаларда түрлі мәдени құндылықтарға ие, шыққан тегі мен қаржылық жағдайы да әрқалай азаматтар топтасады. Бұл да әлеуметтік ара қашықтықтың ұлғаюына және адамдардың бір-бірінен алыстауына әсерін тигізбей қоймайды.

 

Сондай-ақ қазіргі адам әлеуметтік бір бөлігі атану үшін гаджеттер қолдануға үйреніп қалған, алайда экран арқылы қарым-қатынас орнату біреуге жақын болуға деген табиғи психологиялық қажеттілікті толық өтей алмайды.

 

БҰЛ ҚАЛАЙ ЕМДЕЛЕДІ?

Адаммен бетпе-бет отырып әңгіме-дүкен құруға тырысыңыз, алайда әлеуметтік желіден толық шығып та кетпеңіз, себебі бұл құрал қолданыстағы әлеуметтік байланыстарды нығайтуға және жаңа таныстар табуға көмектесе алады. Үйлесім іздеңіз.

 

Танысудың дәстүрлі жолдары жайлы ұмытпаңыз. Үлкен қалада адам көп, яғни өмірге сіз секілді қарап, сіздікіндей қызығушылығы бар жанды табу ықтималдығы өте жоғары.

 

Кей қалада жергілікті тұрғындарды әлеуметтендіру үшін қоғамдық орындарда шаралар өткізіледі. Оларды кейде «үшінші орын» деп те атайды. Оған, мысалы, кітапханаларды, жәрмеңкелерді, ойын алаңдары, саябақтар мен бақтарды жатқызады. Сондай-ақ қонақтарға жеке-дара қызмет ұсынатын жұмыскерлері бар шағын локал бизнесті де (мысалы, кофехана) атауға болады. Сіздің ауданда осындай жер болса, ұялмай барып, қатысып тұрыңыз.

 

Басқаларға пайдалы болуға тырысыңыз. Бәлкім, түрлі қайырымдылық қоры мен еріктілердің жобасы сіздің көмегіңізге зәру шығар. Ал жағдайы сізден нашар адамдарға көмектесу үлкен пайда әкеледі.

 

Ең бастысы, ештеңе істемесек, жалғыздықтың күшейе беретіні есіңізде болсын. Сондықтан құры отырмаудан қашыңыз. Өзіңізді дамытыңыз, марафонға қатысыңыз, сурет салыңыз, жұмыртқа қабығын ойып, әлденені бейнелеуді үйреніңіз, тіпіт ит қырқуды меңгеріңіз. Мұныңыз ақталмай қоймайды, тіпті бір күні жалғыздықпен күрес жөніндегі министрлік басшысы атануыңыз да әбден мүмкін.

 

 

Аударған Димаш Зиядин

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]