Тағамдық қоспалардың денсаулыққа әсері: салмақ жинаудан бастап обыр қаупіне дейін

Химия сабағы

Тамақ құрамындағы жасанды қоспалар және олардың қаупі жайлы

Біз қазіргі тамақтың құрамында шектен тыс көлемде кездесетін эмульгаторлар, бояғыштар, антижентектегіштер және басқа химикаттардың өміріміз бен саулығымызды қалай өзгертетінін анықтауға тырысты.

ТАМАҚ ҚОСПАСЫ ДЕГЕН НЕ?

Бұл – азық-түлік өнімдерін әзірлеу, қаптау немесе тасымалдау барысында оның сыртқы түрін, текстурасын, дәмін жақсарту және жаңа қалпын сақтап тұрғандай ету үшін өнім құрамына қосылатын арнайы компоненттер. Адам оны жекелей жеп-ішпейді. Қазіргі кезде тамақ өнімдерінде консерванттар, дәм күшейткіштер бен хош иістендіргіштер, бояғыштар, тотықсыздандырғыштар, тұрақтандырғыштар, эмульгаторлар, жылтыратқыштар, қоюлағыштар, көбік басқыштар, пропелленттер, қышқылды реттегіштер, антижентектегіштер секілді неше түрлі қоспа кездеседі. Оның кейбірі зиян, енді бірі қауіпті.

 

ҚОСПАНЫ ҚАЙДАН ІЗДЕУ КЕРЕК

Шын мәнінде кез келген дерлік өнім, яғни йогурт пен наннан бастап протеин батончиктері мен құрғақ таңғы асқа дейінгі дүниенің бәрі мұндай қоспаға «бай». Тамақ қоспаларын біз тұтынатын барлық тамақтан табуға болады дей аламыз. Оларды жаңғақ дәмі шығып тұру үшін шоколадға, сөлді болсын деп бургер етіне, түсі тартымды болғанын қалап, кәмпиттерге, қоюлату мақсатында тәтті нанға қосады. Кейде дәруменнің «арзан» көзі саналатын лимон немесе фолий қышқылын да тамаққа салып жатады. Мұндай қоспалардан толық құтылу мүмкін емес дерлік, алайда ең қауіпті дегендерін есте сақтап алып, мүмкігінше қолданбауға тырысуға болады.

 

Адамға қауіпті қоспалардың үздік тізімі

ҚОСПА АДАМҒА НЕСІМЕН ҚАУІПТІ?

Салмақ қосу

Натрий глутаматы (Е250), мәселен, тамақтың татымын жақсартады, салдарынан біз көп жей бастаймыз. Зерттеулер көрсеткендей, бұл салмақ қосуға және метаболизм синдромына, яғни гормондардың қалыпты түрде бөлінуін бұзатын, семіздік мен екінші типті диабет қатерін арттыратын ауруға алып келеді.

 

Тамақ қоспалары бұдан бөлек тою сезіміне жауап беретін лептин гормонының бөлінуін бұзады. Соның кесірінен адам йогурт пен батончик, сыра басытқыларын қанша жесе де, қарны ашып тұрғандай күйде болады. Сондықтан салмақ мәселесі күн тәртібінде тұрса, абай болған жөн.

 

Неден қашу керек: тәтті десерт, сыра сенектері, чипс пен қытырлақ нан, боялған ет (мысалы, сөредегі ет пен бургер котлеттері тәбет шақыру үшін арнайы боялады).

 

Мутациялар мен асқазан-ішек жолдары аурулары

Қоспасы көп тамаққа деген махаббат Крон ауруын, ішек тітіркенуі синдромын және асқазан микрофлорасының бұзылуын тудыруы мүмкін. Асқазан-ішек жолдарындағы бактериялар бояғыштар мен тәттілендіргіштерден кәдімгідей зардап шегеді. Сусындар мен тәттілерге қосылатын тамақ бояғыштары мен жүгері сиробы асқазан мен өңештің қалыпты экожүйесін бұзады. Бір бактериялар тым көп болып, екіншілері қатты азайып кетеді, осыдан келіп түрлі проблема туындайды.

 

Неден қашу керек: газды сусындар, тәтті йогурттар, тәтті батончиктер, дайын десерттер, құрғақ таңғы астар.

 

Онкологиялық аурулар

 

Нитрит пен нитратқа бай тамақ колоректал обырдың пайда болу қатерін арттыруы мүмкін. Осы екеуінің «кесірінен» қызыл ет қауіпті азық деген атаққа ие болып шыға келеді, себебі сапа мен сипатты сақтау үшін дәл осы етке консерванттарды қосады, ал олар өз кещегінде қатерлі ісікке, асқазан-ішек жолдары ауруларына алып келуі ықтимал.

 

Тамақ қаптамасын әзірлеу барысында кеңінен қолданылатын бисфенол А химиялық заты да обыр немесе эндокринді ауытқу пайда болуының артында тұруы мүмкін. Неден қашу керек: қызыл етті (әсіресе ескі етті немесе дүкендегіні) азырақ жеу және пластикке оралған тамақтан қашу.

 

ЗИЯНДЫ ҚАЛАЙ АЗАЙТУҒА БОЛАДЫ?

Мамандандырылған халықаралық комитет тіркеуге алынған барлық тамақ қоспасының тұтынуға рұқсат етілетін тәуліктік дозасын анықтап, олардың тамақ құрамында қандай көлемде болатынын белгілейді. Алайда бір күнде біз эмульгатор немесе тәттілегіш қосылған тек бір тамақпен шектеліп қалмаймыз. Ал өмір биігінен қарасақ, бұл қатарға кіретін азық-түліктің өте көп екенін байқауға болады. Сондықтан:

 

 

  • Сатып алатын затыңыздың құрамын әрқашан тексеріп отырыңыз. Әсіресе аллергияңыз, асқазан-ішек жолдары проблемасы болса немесе табиғатыңыздан аса мықты денсаулығыңыз болмаса, мән беріңіз.

 

  • Рационыңыздың басым бөлігі табиғи бүтін азық-түліктен жасалған үй тамағынан тұруын қадағалаңыз. Қоспа тұтынуды азайтудың ең үздік әдісі – жеміс-жидек, көкөніс, жаңғақ, дән және майсыз ет жеу. Сонымен қатар газды сусын мен өндірістік шырынның орнына су ішу. Бұл әдетте мұндай өнімнің құрамында кездесетін тәттілегіштің ағзаға сирегірек түсуіне көмектеседі.

 

Аударған Димаш Зиядин

Фотоколлаж yanlaurentxo

 

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]