Рождество алдындағы сұмдық
Қысқы мерекелер қарсаңында ақылдан адаспай аман қалудың жолы қандай?
Шексіз кептелісте шырмалып, Жаңа жыл алдындағы шаруалардың шексіз тізімін қысқартумен әлек болып жатқанда, осы мақала авторында осындай сауал туындады.
Сыйлық іздеп табудан бөлек, пәтерді тап-тұйнақтай жинастырып, азық-түлік сатып алып, химтазалаудан киімді алып келу керек екен. Сұлулық салонындағы әдеттегі процедураға да үлгеру керек, бірақ бір қызығы олар сұраныстың артуына байланысты Жаңа жыл қарсаңында ерекше дәрежеге ие болады да қалады. Бұған қоса жылдық есепті тапсырып, балансты келтіріп, жаңа бюджеттерді қарастырып, бекіту қажет. Сондай-ақ «сол күні» дастархан жайнап тұру үшін, жаңа жылдық мәзір әзірлеу керек. Және де бір әріптес үшін жасырын Санта болу міндеті бар, бұл аз болғандай, басшылық корпоративте әр адам айрықша өнер көрсетсін депті, содан номер дайындап, корпоративке арнайы костюм ойлап табу – тағы бір масыл, және… Бір сәтте Рождество мен Жаңа жыл қарсаңында әлемде өз-өзіне қол жұмсау неліктен жиілегенін түсінгендей боласың.
Анығында, Scientific American Рождество алдында өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары азаятынын, бұл өтірік сөз – суицидтер одан кейін көптеп болатынын хабарлаған болатын. Атап айтқанда, Жаңа жыл кешінде және қаңтардың алғашқы күндері жиілейді екен. Мұның себептері ретінде жоғарыда көрсетілгендерден бөлек, басқа жағдайлар айтылады.
Бірақ мұны білгеннен көңіл жайланбайды-ау. Осы сәтте, қашып құтыла алмайтын кезекті мейрам жақындап келе жатқанда, қайтадан сол бір сұрақ мазаңды алады.
ЖАҢА ЖЫЛ АЛЫНДАҒЫ МАРАФОННАН БОЛАТЫН ЗИЯНДЫ ҚАЛАЙ АЗАЙТУҒА БОЛАДЫ?
Ең алдымен нақты сізге қай мәселе ауыртпалық түсіретінін анықтап алу керек. Біреулерді қаржы мәселесі қыспаққа алады, біреулерге шұғыл шаруалар шамына тиеді, тағы біреулері бір нәрсені ойлап табудан, асығып-үсігуден, әрдайым бір шараларға қатысудан және тағысын тағыдан шаршайды.
Әр адамның өз триггерлері бар, бірақ жалпы алғанда олар көпшілік үшін ортақ сипатқа ие. Және олардың саны аз емес:
- Ақшаның жетіспеуі (немесе тым көп жұмсау қажеттігі).
- Үйді жинау, мерекелік дастархан, жайлылық пен мерекелік орта қалыптастыру.
- Осы күні түр-келбетіңнің мінсіз болу қажеттігі.
- Корпоративтерге, басқа да іс-шараларға қатысу қажеттігі.
- Бұл мейрамдарды «ерекше» атап өту қажеттігі.
- Міндетті түрде туғандармен бірге болу, отбасындағы татулық пен жарасым.
- Өткен жылды қорытындылап, келер жылға жаңа уәделеріңді жазу.
- Қуану, «ғажайып күту», «таңғажайып нәрселер жасау» және «Жаңа жылдық көңіл-күй» сезіну қажеттігі.
- Ешқашан ақталмайтын үміттер мен сенім артулар.
Әр тармаққа үңіліп қарасақ, бұл тізім – бір қоғамдық келісім іспеттес екенін байқаймыз, және бұл келісімді міндетті түрде орындаудың қажеті жоқ. Біздің осы тізімнің кез келген тармағын немесе оны толығымен орындаудан бас тартуға хақымыз бар.
Бас тартуды қаламасаңыз, осы мәселелерді шешудің өзіңіз үшін ең қолайлы жолын таңдасаңыз болады. Мұндағы ең маңызды көрсеткіш – өзіңіздің рахат алуыңыз және өзіңізді қалай сезінетініңіз. Сізге қуаныш сыйлайтынның барлығы энергияны сақтауға және арттыруға көмектеседі, ал өзіңіз жасағанды қаламайтын, бірақ жасау керек деген әрекеттерге көп күш жұмсалады. Бұл кеңес әрқашан өз-өзіңді құптай беру керек дегенді білдірмейді, өмірде қалауыңнан тыс нәрселерді жасауға тура келетін кездер болады. Бірақ күйзеліс кезеңінде мұндай тәсіл энергияны үнемдеп қалуға көмектеседі. Жоғары өнімділікті сақтау үшін, күн тәртібін сақтап, ұйқыңызды қандырып жүрген маңызды.
Отбасылық мерекелер?
Үй шаруасымен айналысқанды ұнатсаңыз – жасаңыз! Бірақ үй жинастыруды жек көрсеңіз, жеңіл жуып-тазалаңыз да қойыңыз. Немесе мүлдем клининг қызметін шақыра салыңыз, тіпті робот шаңсорғыш сатып алу да жақсы шешім. Шыршаны қоймасаңыз да болады, Аяз Ата кешіреді.
Отбасының әр мүшесіне жеке-жеке сыйлық сатып алмай, ортақ сыйлық беруге болады. Кішкентай балаларыңыз болса, оларды әлбетте таңғажайып әсерден тыс қалдыруға болмайды. Соларға арнап мереке ұйымдастыру сіздің жаңа жылдық бағдарламаңыздың өзегі болсын. Қалғандары күте тұрсын.
Бізге әуел бастан Жаңа жыл мен Рождество – отбасылық мерекелер деп құлағымызға құйылып келеді. Бірақ мінсіз отбасылар тек жаңа жылдық жарнамадан табылады. Отбасыңыздағы қарым-қатынастар нашар болып, туыс-туғанмен араласудан рахат табу қиын болуы мүмкін. Сіз жыл сайын осындай жүкті мойныңызға алып жүрсеңіз, бұл жолы үзіліс жасаңыз. Ата-анаға құрмет көрсету парыз. Қалған туысқандарға сыйлықты курьер арқылы жіберіп, телефон арқылы жылы лебіз білдіруге болады.
Жаңа жылдық жылтырақ
Бұл күндерді кәдімгідей өткізуден қорықпаңыз, Сенсеңіз болады, «Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, солай өтеді» деген бос сөз. 2020 жылды біреу «Пандемия. Жаһандық карантин» стилінде өткізгені екіталай. Алайда адамзат көп уақытын өз-өзін оқшаулаумен өткізді.
Сонымен қатар қаңтардың алғашқы онкүндігінде жүрек-қантамыр ауруларынан көп адам қаза болатынын растайтын зерттеулер бар. Дәрігерлер бұл жайтты, басқа себептерден бөлек, мерекелерге дайындық кезеңіндегі жоғары күйзеліс деңгейімен байланыстырады. Тағы бір жиі айтылатын себебі – алкоголь, адамдар мерекелеуде соны серік етіп, жинақталған стресті «жуып шаяды».
Ерсі көрінгенмен, керісінше, «жаңа жылдық көңіл-күй сыйлауы тиіс» фильмдер, инстаграм мен алуан түрлі жылтырақтардан ең үлкен зиян төніп тұрады. Кинодағыдай сиқыр-ғажайыпты, жарнама роликтеріндегі салтанатты жұптарды, бөтен адамдардың «орындалған армандарын», әлеуметтік желілердегі сыйлықтарды тамашалап отырасың. Ал шын өмірде саған бұйырып тұрғаны – ескі үйдегі шағын ғана пәтер, орташа жалақы және жеке өміріңдегі түсініксіздік.
Бұған мерекеден кейін таңертең тұрғандағы ойлар келіп қосылады: қаншама күш пен уақыт сарп етілді, қаншама үміт артылды, ал соншалықты ерекше ештеңе болған жоқ.
Бастысы мынаны түсіну керек: Жаңа жыл қарсаңында сіздің күш-жігеріңіз таусылып, қобалжу мен күйзелісіңіз күшейсе, сіз осы жағдайды ой елегінен өткізбей, мәселені шешпей жүріп, жағдайды тек ушықтырып аласыз. Басқалардың үмітін ақтамай қаламын-ау деп қорқып жүріп, өзіңізді тыңдамай, біреудің дегеніне көне беру– өз-өзіңізге деген сатқындық. Өзгеріс жасамасаңыз, мұндай жағдай жаңа күйінішке, жаңа үрейге, бұрынғыдан да қатты күйзеліске айналатыны хақ.
Аударған Алмас Өтебай
Фотоколлаж yanlaurentxo