Алкогольдің әлегі: ішімдікке салыну белгілерінен қалай танып-білуге болады?
Отыздар шамасындағы әйел – ажырасу алдында тұрған оқырманымыздың қойған сауалы осы мақаланың жазылуына түрткі болды. Ол арақ-шарапты қою керек екенін қалай түсінуге болады деп сұраған еді. Шынымен-ақ, түскі ас кезінде бір бокал шарап артық етпейді деген бәлендей зияны жоқ ой немесе демалыстың кешін барда өткізетін әдет ішімдікке тәуелді екеніңді білдіре ме, жоқ па?
«АЛҚАШ ЕМЕС, ӨМІРГЕ ҒАШЫҚ МАСКҮНЕМ»
Ресейлік актер Михаил Ефремов берген сұхбатының бірінде осылай деген болатын. Алайда бұдан не шыққанын сіз бен біз жаңалықтан жақсы білеміз.
Әрине, аузына алкоголь тамған әр адам міндетті түрде араққа байланып қалмайды. Бір жанның ішімдіктен бас көтере алмай қалуының, екінші біреудің мұндай азаптан азат болуының себебі көп-ақ. Негізінен бұған түрлі фактордың тоғысуы алып келеді.
Дегенмен, мына симптомдар байқалса, алаңдап, шара қолдану керек-ақ:
- Жалғыз отырып, «жақсылап» ішу жиілеп кетсе.
- Дос-туыстан жасырып ішу пайда болса.
- Қанша ішкеніңді бақылауда ұстау қиынға соқса.
- Ішімдікті тығып қою, «керек болар» деп жасырып жүру әдеті пайда болса.
- Ішу үшін «себеп» табу керек болса.
- Сүйікті іспен айналысуға деген қызығушылық жоғалса.
- «Керемет» отырыс болған күннің ертесіне бас жазғың келіп тұрса.
- Тәуелді екеніңді мойындамасаң.
- Ерте білінетін белгілердің бірі: спиртті сусын ішу әлдебір ғұрыпқа айналады. Мәселен, тәбет ашу үшін түскі ас кезінде «тартып» жіберу, демалыс сайын тойлату, теледидар алдында «босаңсу» үшін шараптан көру. Және бұл ғұрып орындалмай қалса немесе біреу жайлап ескертсе, адам ашуланып шыға келеді.
- Ішімдік құйылса, адам одан бас тарта алмаса.
Алкоголь тұтыну және басқа бір іспен айналысу екеуі қатар келсе, алғашқысын қаншалық жиі таңдайсыз – осыны бақылап көріңіз.
Көп адам мән бере бермейтін, ертең байқалатын тағы бір симптом бар: адам әдетте ызақор немесе мұңайып жүруі мүмкін, алайда аздап «ұрттап» алса, көңіл-күйі бірден өзгеріп шыға келеді.
Ал алкогольмен бірге басқа есірткі тұтынылса, тәуелдік әлдеқайда жылдам қалыптасады. Сол себепті шылымқорлар қатерлі топқа кіреді.
Нейропсихофармакология профессоры, психиатр, «Ішсем бе, ішпесем бе? Алкоголь және сіздің денсаулық туралы жаңа ілім» кітабының авторы Дэвид Натт ішімдікке толерант болу туралы айтып келіп, оның қаупі жайлы ескертеді. Уақыт өткен сайын ішкен алкоголіңіздің көлемі артып бара жатса, ал масаюыңыз қиындай түссе, осы толеранттық пайда болуы әбден мүмкін. Ал ол тәуелдіктің қалыптаса бастағанынан белгі береді.
Өз бойыңыздан немесе жақындарыңыздан осы симптомдардың ең болмаса бірін көрсеңіз, сақтанып, шара қолдана бастау керек-ақ.
ЖАУДЫ ТҮСТЕП ТАНУ
Кез келген тәуелдіктің елеусіз дамитынын түсіну керек. Көп жағдайда адам әлдебір дүниенің «құшағында» қалғанын жағдай асқынғанда және өз бетімен мәселені шеше алмайтын күйге жеткенде барып түсінеді. Бұл процесс бірнеше кезеңнен тұрады:
1-кезең
Барлық тәуелдік эмоция деңгейінде қалыптаса бастайды. Тек жаман емес, жақсы сезімдерге негізделген, есте қалатын сәттер – тәуелді болудың бастапқы нүктесі.
2-кезең
Тұрақты паттерн қалыптасады. Яғни бірізділік, белгілі бір жиілік байқалады, адам тәуелді дүниесіне оралып отырады. Махаббат жолындағы қайбір оқиғаны достарыңмен талқылағанда ішімдік ішу, сәтті келіссөзді атап өту, отбасыдағы жанжалдан соң стрестен құтылу үшін бөтелкеге жүгіру, жақсы ұйықтаймын деп жатар алдында аздап көру – байқағаныңыздай, барлық дерлік оқиғада алкоголь жүреді. Дэвид Натт та кітабында жағдайға көп дүние тәуелді екенін атап өтеді – белгілі бір ортада, жайт кезінде адамдар ішімдік ішуді әдет қылады.
3-кезең
Паттерн стереотип, басқаша айтқанда өмірде болған оқиғаларға реакция білдірудің қалыпты әдісі саналады. Бұл кезеңде тәуелдік тұлғаның бір бөлігіне айналады. Дәл осы себепті ұрыс-керіс, сын, алкогольдің зияны туралы нотация, үгіт-насихат нәтиже бермейді, керісінше, ашу-ыза тудырады.
4-кезең
Адам ішімдікке толық тәуелді болады. Бұл кезеңде ол асоциалға айналады. Және алкоголь тұтыну оған ешқандай қуаныш не ләззат сыйламайды. Алайда бас тартуға амалы да, күші де жоқ, себебі жеке тұлғалық қасиеттерінен ештеңе қалған жоқ десе де болады.
5-кезең
Бұл кезеңде адамның психикасы ғана емес, ағза мүшелері де күрт нашарлайды, тәндегі аса маңызды процестер зақымдалады. Тәуелді адам тек психика тұрғысынан ғана емес, биологиялық тұрғыдан да бұзыла бастайды.
Бұдан шығар қорытынды: тәуелдікті алғашқы екі кезеңде жеңуге болады. Үшінші кезеңнен аман шығу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Тіпті алғашқы екеуінде де саналы түрде қажыр-қайрат жұмсауға тура келеді. Жалғыз ерік-жігер жеткіліксіз. Алайда бірінші кезекте тәуелдік бар екенін мойындау маңызға ие.
ҚИЫНДЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ
Ең бастысы – ерік-жігерге сеніп, кез келген уақытта тәуелдіктен арыламын деп ойламау. Біздің жігер – шегі бар ресурс. Стэнфорд профессоры, «Ерік күшін қалай дамытып, нығайтуға болады?» кітабының авторы Келли Макгонигал ағзамыздағы бұл «бұлшық еттің» қалай жұмыс істейтінін тәппіштеп түсіндіреді. Тәуелдікті тікелей жеңемін деп тыраштану – тым сәтсіз әдіс. Кез келген тәуелдікпен күресті мынадай екі жолмен сипаттауға болады: алғашқы кезеңдерде себеп болатын дүниелерді құрту және назарды басқаға аудару, кейінгі кезеңдерде мамандардың көмегіне жүгіну.
Мынадай жағдай кез келген адамның басынан өткен болар: үйде жанжал шықты, сіз нашар күймен жұмысқа барып, тапсырмаларды орындай бастайсыз. Нәтижесінде таңертең болған оқиға кешке есіңізге бір-ақ түседі және оның болмашы нәрсе екенін түсінесіз, тіпті өз-өзінен шешілетін мәселедей көрінеді. Тағы бір мысал: қарныңыз қатты ашып тұр, бірақ басқа бір жағдайға назарыңыз ауып, қобалжып кеттіңіз. Салдарынан аш екеніңіз бірнеше сағат өткенде барып ойыңызға оралады. Бұл айтылған екі жайт назарды басқа жаққа бұрсаң, ағзаның негізгі қажеттіліктер ығысып, жол беретінін көрсетеді.
СТРЕСС КЕЗІНДЕ ІШПЕУ
Сіздің міндет – алкогольге қатысты жеке паттерндеріңізді бақылап, оларды бұзуды бастап кету. Ол үшін бірінші кезекте назарыңызды басқаға бұрасыз және ойыңыз түскен дүниеге шынымен басыбүтін мән бересіз. Жеке өміріңізде әлдебір жайсыз оқиға бола қалса, бірде басқа қатынас іздеуді және осының бәрін ішімдік ішіп отырып, достармен талқылауды әдет етсеңіз, тоқтатуға тура келеді. Себебі сіздің паттерн осы болуы мүмкін, яғни кез келген стресте автоматты түрде күшті сусын іздей бастайсыз. Жалпы, жеке өмірді әзірге қоя тұрған жөн. Одан да денсаулығыңызға, жаттығуларға, сабаққа және жұмысқа, ата-анаңыз бен балаларыңызға қамқорлық көрсетуге баса мән беріңіз. Орындалмай қалған үміт жайлы әңгіме мен ішімдік туралы ой ойлауға бір минутта қалмайтындай етіп қарбалас жүріңіз.
Маңызды ереже: стресс кезінде ішпеу! Бұл жағдайда тәуелдік санаулы аптаның ішінде сізді «жеп» қоюы мүмкін. Оған мысал да көп. Әлдебір қайғыға душар болған немесе өмірінде жайсыз жағдай орын алған (мысалы, жұмыстан шығып қалды делік) адам алкогольге жүгіреді. Алдымен «әшейін стрестен құтылу үшін» дейді, алайда аз уақытта құрдымға кетеді. Алайда дәл осы стресс кезінде сіз бар күш-жігеріңізді өзіңізді қолдауға жұмсау керексіз. Дұрыс тамақтаныңыз, зиян ештеңе жемеңіз, серуендеңіз, ұйқы қандырыңыз, күн режимін сақтаңыз. Шын мәнінде, тәртіп пен режим адам психикасына стресті жеңуге көмектеседі. Мұны концлагерде отырып шыққан психиатр Виктор Франкл дәлелдеген болатын. Басындағы барынан айрылған адамның өзі (ал тәуелді болу тұтқында болумен бірдей) жаны мен тәнін күтіп ұстап, осы жолда күнделікті қарапайым әдет-ғұрыпты орындап отырса, тұлғасын сақтап қала алады.
ҚАДАМДАР
- Зиянды азайту концепциясына сәйкес, күштілігі төмен сусындарды таңдаңыз. Текила мен вискиге үйреніп қалдыңыз ба? Сидр мен сыраға көшіңіз. Бұл сусындарды уланып қалғанша немесе өлгенше ішу әлдеқайда қиын.
- Алкогольді оңай жерге қоймаңыз, үйде немесе жұмыста ұстамаңыз.
- Есеппен жүретін адамдарға: тұрақты ішуге қанша ақша кететінін есептесеңіз, бірден есіңізді жиып алуыңыз мүмкін.
- Қымбат алкоголь зиян емес деген пікір бар. Дэвид Натт мұны былай түсіндіреді: бағасы жоғары сусындарды сіз асықпай тұтынасыз және көптеп ішпейсіз, нәтижесінде ауыра қоймайсыз. Алайда бұдан денсаулыққа ешқандай пайда жоқ. Дегенмен, мысалы, дозаны азайту үшін қымбат алкогольді таңдау кей адамға шынымен көмектесуі мүмкін.
- Ішетін адамдармен бірге жүрмеуге тырысыңыз. Есесіне жаңа таныстар табасыз.
- Қаншалық көп және жиі ішетініңізді бақылай алсаңыз, оны қаншалық қысқартатыныңызды белгілеп алыңыз. Мысалы, әр жұма күні барда жарты литр виски емес, 10 күнде бір рет үйде бір саптыаяқ сыра ішемін деп шешім қабылдауға болады.
Тағы бір маңызды дүние бар. Өмірге деген көзқарасыңызды өзгертіп, ләззаты саннан емес, сападан алуға тырысып көріңіз. Әлдебір дүние өміріңізді сирек кездессе, тіпті жоғалып кетсе, онымен қайта «кездесу» қаншалық жарқын, қаншалық қуанышты болатынын еске түсіріңіз. Сонда, бәлкім, жанында шағын ірімшігі бар бір бокал шарап айына бір келетін жақсы сезімдердің себебіне айнала алар.
Аударған Димаш Зиядин
Фотоколлаж yanlaurentxo