Неліктен адамдар эндокринолог дәрігерлерге сенбейді?
«Эндокринологияда спекуляциялау оңай»
Жақсы эндокринолог қандай болуға тиіс? Неліктен елімізде қант диабетіне шалдыққандар саны артып келеді? Неге адамдардың көпшілігі қант диабетімен ауыратындығын білмейді? Остеопорозды қалай анықтауға болады? Осы және басқа да өмірлік маңызы бар көптеген сұрақтардың жауабын дәрігер-эндокринолог Камила Бұрбаевадан алған сұхбатымыздың екінші бөлімінен оқи отырыңыздар. Гипотиреоз, диабет алды жағдай және диабет тақырыптары қозғалған сұхбатымыздың бірінші бөлімін сіздер осыдан бір апта бұрын оқыған едіңіздер.
Сұхбаттың бірінші бөлімін мына жерден оқи аласыздар.
Эндокринолог дәрігерлер – бұл бір ең көп талқыға салынатын дәрігерлер болар, өйткені адамдардың оларға деген сұрақтары тым көп-ақ. Елімізде жақсы эндокринолог маманын табу қиын деседі. Алдыңда жақсы эндокринолог екендігін қалай түсінуге болады, әрі науқас мәселесінің мәнін ашу үшін ол бірінші кезекте нені тағайындауы тиіс?
– Эндокринология – өте күрделі ғылым. Әрі гормондар арасындағы барлық кері байланыстарын, сондай-ақ олардың негізгі мүшелерге қалай әсер ететіндігін түсіну оңай емес. Бұл жерде бәрі де күрделі, өте қиын және соңына дейін зерттелмеген болып отыр. Эндокринология басқа ғылымдармен салыстырғанда біршама жас ғылым болып саналады. Мәселен, кардиология ғылымы бірнеше жүздеген жылдар бұрын пайда болған. Ал эндокринология ғылым ретінде «кішкентай қыз» іспетті, оның жасы небәрі бір ғасырға жуықтап келеді. Оның соншалықты күрделі және түсініксіз болуына байланысты бұл салада спекуляциялау өте оңай. Қандай да бір мәселені «ой, бұл сізде гормондарға байланысты ғой» деп белгілей өтіп, соның арасында белгілі бір дәрі-дәрмектерді тағайындай салуға болады. Сондай-ақ кейбір тұстарда зертханалық нормалармен келіспеу мүмкіндіктерін ескерсек, шын мәнінде сау адамды емдей отырып, оның бойына қорқыныш пен үрей сезімдерін терең ұялатуға болады. Осы қорқыныштар арқылы айла-шарғы жасай отырып, оңай ақша табу әбден мүмкін. Сондықтан жақсы эндокринолог маманын тапқыңыз келсе, оның алған білімі қандай екендігін, жалпы сол білімнің өзі бар-жоғын ұғынған жөн. Өйткені қазіргі таңда әркім эндокринолог болғысы келеді: нутрициологтар да, сол секілді фитнес-жаттықтырушылар да – бір сөзбен айтқанда барлығы. Дегенмен білімін тексеріп алып, тек қана маман дәрігерге сенгеніңіз дұрыс. Мәселен, Қазақстанда эндокринолог болу үшін кем дегенде 9 жыл білім алу қажет. Бұл дегеніміз үш диплом: бакалавр, интернатура және мамандық бойынша резидентура. Барлық үш диплом міндетті түрде болуы тиіс.
Содан кейін мен дәрігердің нақты дәлелді медицинаның қағидаттарын ұстанатындығына көз жеткізуге кеңес беремін. Қарапайым адамдар, яғни, дәрігер мамандары емес, медицинаның алуан түрлері бар екендігін біле бермейді, соның ішінде: баламалы, дәстүрлі, халықтық. Сонымен бірге дәлелді медицина да баршылық. Дәлелді медицина зерттеулерге сүйенеді. Яғни, дәрігер науқасқа диагнозды қойған кезде хаттамаларға негізделеді. Егер ол сізге белгілі бір дәрі-дәрмекті жазып берсе, демек бұл препарат тиімділік пен қауіпсіздік бойынша зерттеулерден өткізілді деген сөз. Ал нутрициолог, мәселен, сізге мұндай дәрі-дәрмекті белгілей алмайды, өйткені оның заң бойынша дәрілік препараттарды жазып беруге құқығы жоқ. Дәрігеріңіздің дәлелді медицинаны ұстанатындығын қалай білуге болады? Қазіргі таңда дәрігерді оңай таңдап алуға мүмкіндік беретін әлеуметтік желілер баршылық. Оның дипломдарын көруге, тікелей сұрақ қоюға әбден мүмкін – менің ойымша, дәрігер әрдайым жауап беруге тырысады, осындай сауалдардан қашқалақтамауы тиіс. Егер де бұл мемлекеттік клиника болса, онда дәрігер жұмысқа орналасар кезде оның дипломдары міндетті түрде тексеріледі, дәрігер еместерді қабылдамайтыны шүбәсіз. Бұл ең кемінде осылай болмақ.
Дәрі-дәрмектерді жазып беру мәселесіне келер болсақ, мына бір жайтты бірден жеткізуді жөн көремін: кез келген дәрігер қабылдаудан бұрын анализдерді тапсыруды тағайындамауға тырысады. Менен былай деп жиі сұрап жатады: «Қабылдауға дейін қандай талдауларды тапсырып келейін?» Менің баршаға да түсіндіретінім, әрине, талдаулардың негізгі тізімі бар, дегенмен бұл тұста сіз кейбір артық анализдерді тапсыру ықтималдылығына тап болуыңыз мүмкін, сонымен қатар қажетті талдауларды соңына дейін тапсырмау ықтималдылығы да кездеседі. Барлық жайттар дәрігердің қабылдауы барысындағы пациенттің шағымдарына байланысты, оны қарап-тексеруден кейін, әрі сыртартқыға қатысты анықталады – тек осыдан кейін ғана дәрігер бұл адамға нақты қандай талдауларды тапсыру қажет екендігі туралы шешім қабылдайды. Сондықтан өз басым қабылдауға дейін ешқандай да анализдерді тағайындамауды қолдаймын. Уақытты үнемдеу мақсатында талдауларды алдын ала тапсыруды сұрайтын дәрігерлер де болады. Алайда, менің пайымымша, бәрін де жеке тәртіпте қарастыру керек. Осыған дейін науқасқа диагноз қойылса ғана – бұл бірыңғай жағдай ретінде бола алады.
Сонымен қатар тағы да бір мәселе бар, эндокринологияда кейбір талдауларды, мәселен, әйелдерге циклдің белгілі бір күндерінде тапсыру керек. Кейбір гормондар анализді тапсыру үшін белгілі бір дайындықты қажет етсе, кейбіреулері белгілі бір уақытты керек етеді және т.с.с. Анализдердің жалған нәтижелері де жиі кездеседі, сол себептен пациентте қатты үрей басталып кетуі бек мүмкін. Сондықтан әртүрлі диагноздар турасында ғаламтордан оқып алып, тағы да уайымдап жүрмес үшін, алаңдамас үшін, дәрігердің қабылдауына дейін горимондарды артық тапсырмаған абзал.
Сіз диабет алды жағдайға шалдыққан адам ешнәрсені де сезінбейтіндігін айтқан едіңіз. Остеопорозға келер болсақ, бұл жерде де дәл осындай жағдай болып тұр ғой: осы дертке тап болған кезде қандай да бір үдерістің жүріп жатқандығына нұсқайтын сипатты белгілер жоқтың қасы. Алайда белгілі бір тәуекел факторларын біле тұра және профилактикалық шараларды ұстана отырып, бұл аурудың алдын алуға және ағымын жеңілдетуге әбден болады. Бұл қандай факторлар? Бәлкім, темекі тарту, кальций қабылдаудың жеткіліксіздігі, Д дәруменінің тапшылығы, алкогольді шамадан тыс тұтыну шығар?
– Остеопороздың «жауыздығы» оның өте баяу ағымы мен, әрі сіз айтқандай, мүлдем сипмтомсыз өтетіндігінде жатыр. Ал сынық жағдайына тап болған кезімізде (остеопороз – бұл сүйектің сынғыштығы), шыны керек, ем-дом шараларының барлығы да сүйек массасының ұлғайтылуына емес, осы үдерістің тежелуіне бағытталады. Біздер ешнәрсені де қалпына келтіре алмаймыз, яғни, тек қана үдерісті баяулатуға болады. Сондықтан сүйектің шаңға дерлік айналуын күтпестен-ақ, алдын алу шараларынан бастаған дұрыс. Ең алдымен өзіңіздің тәуекел аймағында бар-жоғыңызды бір тексеріп алған жөн.
Гипотиреоз жағдайындағыдай, әйелдер остеопороз ауруына әлдеқайда шалдыққыш келеді, бұл оларда етеккір үзілісінің бар екендігіне байланысты болып отыр. Егер сізде немесе туысқаныңызда, мысалы, анаңыз, әжеңіз, апаңыз, жеңгеңізде етеккір үзілісі болса, онда міндетті түрде, белгілері болмаған күннің өзінде де, эндокринолог маманы өткізетін скринингке бару керек. Әсіресе жасыңыз 65 жоғары болған жағдайда. Әйел адамда эстрогендер бар болса, етеккір келеді – эстрогендер сүйекті сынудан қорғайды. Ал етеккір болмай қалған бойдан эстрогендер де жоғалады – сүйек бірден қорғаусыз қалып, өзінің құрылымын жоғалта бастайды.
Әлбетте, шылымқұмарлар тәуекел аймағына жатады. Никотин сүйекке теріс әсер етеді, әдетте бұл көптеген адамдар үшін нағыз «тосын сый».
Әрине, бұл Д дәруменінің тапшылығы. Баршамыз білетіндей, Д дәруменінсіз кальций ағзаға сіңбейді. Тіпті, күннің сәулесі түсіп тұрса да, біздер Д дәруменінің тәуліктік нормасын толтыра бермейміз. Сондықтан бұл жағдайда да скрининг қажет.
Тамақтану рационындағы кальцийдің жетіспеушілігі. Бұл әсіресе қазіргі таңда аса өзекті мәселе, өйткені лактозасыз диеталар кеңінен таралып отыр. Барлық адамдарға дерлік лактозалық жетіспеушілік диагнозы қойылып, тіпті, ірімшік, сүт, йогурт пен сүзбеге дейін барлық сүт өнімдері демонизациялап көрсетіледі. Әрине, егер адам ағзасы белгілі бір нәрсені қабылдай алмаса, оны әрдайым басқа нәрсемен алмастыруға болады. Әдетте пациентті қабылдау кезінде осы туралы әңгімелесуге тырысамын.
Алкогольді тұтыну, егер ішімдікке салыну әдеті бар болса, бұл тәуекелді арттыра түседі.
3 айдан артық уақыт бойы стероидтерді қабылдау тәуекелді арттырады. Бұл массаны ұлғайту мақсатында стероидтерді қабылдауды қатты ұнататын спортшыларға да қатысты, сол секілді, мәселен, демікпе, не болмаса құздамалық артрит секілді дерттерді емдеу барысында стероидтерді қабылдайтын науқастарға да қатысты болып отыр. Олар дәрігердің қарауында болуға тиіс.
Сонымен бірге спортпен шұғылданбайтын адамдар да тәуекел тобына жатады. Өйткені бұлшықет қаншалықты мықты болса, сүйегіміз де соншалықты мықты болмақ. Менің көптеген пациенттерім өздері қалыпты салмақта болғандықтан, спортпен айналысудың мүлдем қажеті жоқ деген пікірді ұстанады. Шартты түрде айтар болсақ: «Мен толық емеспін ғой, маған спорттың керегі не?» Бұл болашақта сүйектің мықтылығы үшін керек нәрсе.
Содан кейін дене салмағы төмен адамдарды айтуға болады. Менің дәрігерлік қабылдауыма өте арық қыздар немесе ұлдар келген кезде оларға әрдайым келесі жайтты түсіндіруге талпынамын: «Сіз болашақта остеопороз бойынша қауіп-қатер тобына ілігуіңіз бек мүмкін». Сондықтан спортпен айналысу – керемет шешім болар еді.
Егер алдын алу шаралары туралы сөз қозғайтын болсақ, жыл сайын скринингтерден өткен абзал, эндокринологтың қабылдауынан қалмай, тіпті, ауру симптомдары болмаса да, кемінде жылына бір рет дәрігерге барған дұрыс. Сондай-ақ спорт – ол неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы екені анық. Сонымен қатар темекі шегу, және де, әрине, алкогольді тұтынудан бас тарту керек. Егер ішімдік пен темекі тарту туралы айтар болсақ, темекі шегу остеопороздың дамуына көбірек ықпал етеді.
Осы аурулардың Қазақстанда қаншалықты жиі кездесетіндігі туралы айтып беріңізші. Әрі осыған байланысты қандай болжам бар?
– Ұлттық тіркелімнің мәліметтеріне сүйенер болсақ, қазіргі таңда Қазақстанда 500 мыңға жуық адам қант диабетіне шалдыққан екен. Бұл санның күмәнді екендігі айқын, өйткені қант диабетімен ауыратын науқастар өздерінің диагнозы туралы, тіпті, біле бермейді. Менің ойымша, бұл шамамен екі есе артық көрсеткіш болу керек. Алайда мен еліміздің медицинасына сенемін және ауруды анықтап, оны емдей аламыз деп санаймын. Дегенмен бұл сан жыл өткен сайын артып келеді. Қант диабетін XXI ғасырдың жұқпалы емес пандемиясы деп атайды. Яғни, осы сандар жыл сайын екі еселеніп жатыр, әрі еш кемімейді. Сондықтан статистика онша жақсы емес, әсіресе Қазақстандағы қант диабетіне қатысты жағдай. Тағы бір айтуға тұрарлық жайт, елімізде диабетке шалдыққан адамдарды емдеу мүлдем тегін. Тіпті, адам медициналық сақтандыру үшін төлем жасамаса да, ол бәрібір барлық қажетті дәрі-дәрмектерді тегін ала алады. Ал егер гипотиреоз турасында айтар болсақ, бұл жерде нақты мәліметтер жоқтың қасы, себебі елімізде осы дерт бойынша ұлттық тіркелім жоқ. Алайда Жер шарындағы халықтың шамамен 5% гипотиреозға шалдыққандығы – нақты екендігі хақ. Бәлкім, бұл сан бұдан да үлкен шығар. Әсіресе әйелдер арасында көптеп кездеседі. Бір өкініштісі, елімізде остеопороз бойынша да белгілі бір тіркелім жоқ. Бірақ бұл да кеңінен таралған ауру. Анықталу тұрғысынан көрсеткіштер төмен болғандықтан, мұндағы сандар да күмәнді болып тұр. Көбінесе біздер дерттің бар екендігін сынықтар пайда болған кезде анықтап отырамыз. Кейде, мәселен, адамның түшкіргеннен-ақ қабырғасы сынуы мүмкін. Менің бір пациентімде жай ғана төсегін жинап жатқан кезінде көрпені қатты серпіп тастағаннан білезік сүйегі сынып кеткен жағдайы болған. Айта кетсем, бұл өте жиі кездесетін жайт. Барлық адамдарға арналған басты кеңес – әрдайым тексерілуден өтіп тұру керек. Симптомдардың болмауы аурудың жоқ екендігін білдірмейді.
Аударған: Рита Сәрсенова