Темекі шегудің зиянын азайту әдістері: Рабиға Қадырбаеваның кеңестері

Неліктен өкпе обыры темекі тартпайтындарда да кездеседі?

Дәрігер-онколог Рабиға Қадырбаева айтып береді

Әлем бойынша жыл сайын 19 млн-ға жуық адам қатерлі ісікке алғаш рет тап болады, ал 10 млн-ға жуығы қайтыс болады. Барлық шылымқұмарлар үшін темекіден мүлдем бас тарту мінсіз шешім болар еді, алайда баршамыз білетіндей, сол темекі тартушылардың басым бөлігі шылымнан бас тартқысы келмейді, не болмаса көптеген талпыныстарына қарамастан, олар мұны істей алмайды. Осындай адамдар үшін темекі тұтынудың денсаулық үшін жағымсыз салдарын азайтуға бағытталған сан алуан тәсілдер баршылық. Химиотерапевт Рабиға Қадырбаева қауіпсіз темекі тартудың бар-жоғы туралы, темекіден бас тарту ешқашан да кеш еместігі жайлы, шылымқұмарлардың ағзаларында қандай генетикалық өзгерістер болатыны және көптеген басқа да жайттар турасында әңгімелейді.

 

ТАБЫС ДЕҢГЕЙІНІҢ ТӨМЕНДІГІ ЖӘНЕ ӨКПЕНІҢ ҚАТЕРЛІ ІСІГІ

Қазақстанда жыл сайын 35 мың адамға қатерлі ісік диагнозы қойылады (Қазақ онкология институтының мәліметтері бойынша), ал 21 мыңға жуығы қайтыс болады екен. Дүниежүзі және біздің еліміз бойынша аурулар арасында бірінші орынға сүт безінің қатерлі ісігі ие болып тұр. Ұзақ жылдар бойы сырқаттанушылық бойынша екінші орын және өлім-жітім бойынша сенімді бірінші орын өкпенің қатерлі ісігіне тиесілі – обырдың бұл түрінің пайда болуына негізінен темекі тарту септігін тигізеді.

 

Халықаралық зерттеулердің мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылдың өзінде дәл осы өкпенің қатерлі ісігі ауруы 93 елдегі ер адамдардың және 25 мемлекеттегі әйел адамдардың обырдан қайтыс болуының себебі болып саналады. Қатерлі ісік ауруына тап болғандар арасында кем дегенде 10 адамның 7-уі шылымқұмарлар немесе «өтілі» жоғары темекі тартушылар болып келеді.

 

Сонымен бірге АҚШ-тың Ұлттық онокология институтының мағлұматынша, темекіні тұтыну өкпенің қатерлі ісігін қоздырып қана қоймай, темекі тартудың салдарынан кеңірдек, ауыз қуысы, өңеш, қуық, бүйрек, бауырдың қатерлі ісігі және т.б. онкологиялық аурулардың 15-ке жуық түріне шалдығу ықтималдылығын арттырады.

 

Темекі тартудың жағымсыз салдары жайында баршамыз дерлік біліп отырғанымызға қарамастан, 2022 жылы әлем бойынша шылымқұмарлар саны 1,3 млрд жетіп отыр. Айта кетерлік бір жайт, темекі тартушылардың 80%-нан астамы табыс деңгейі төмен және орташа елдерде өмір сүреді, бұл өз кезегінде қазіргі заманғы медицинаға қолжетімділік түйткілі кесірінен қауіп-қатердің негізгі факторы ретінде темекі тарту болып келетін аурулардан болатын анағұрлым жоғары өлім-жітімге әкеліп соқтырады.

 

«ҚАУІПСІЗ ТЕМЕКІ ТАРТУ» ДЕГЕН БАР МА ӨЗІ?

Темекі түтіні 70-тен астам канцерогенді бөліп шығарады, соның ішінде келесі екі түрін ажыратады: ДНҚ-ны тікелей зақымдайтын канцерогендер, және де ДНҚ-ны зақымдау үшін метаболикалық белсендіруді қажет ететін проканцерогендер. Темекідегі химиялық заттектер жасушалардың кез келген зақымдануын, соның ішінде қатерлі ісік ауруынан қорғайтын ДНҚ аймақтарын қалпына келтіруді қиындата түседі. Уақыт өте келе бір жасушадағы ДНҚ зақымдалуының жинақталуы онкологиялық аурулардың пайда болуына, бірінші кезекте өкпенің қатерлі ісігіне әкеліп соқтырады. Сондықтан сіз темекіні неғұрлым көп шегетін болсаңыз, қатерлі ісікке шалдығу қауіп-қатері соғұрлым жоғары болмақ, алайда сіздің қанша уақыт темекі тартып жүргеніңіз бұдан да маңызды фактор болып саналады.

 

Темекі тартудың қауіпсіз деңгейі жоқ екендігін түсінген абзал, дегенмен кейбір зерттеушілердің пікірінше, егер адам өмірінде 100-ден кем темекі тартқан болса, онда сол адамды ешқашан темекі шекпегендер тобына қосуға әбден болады.

 

Темекіден бас тартып, әрі өкпенің қатерлі ісігі және обырдың басқа да түрлерінің даму қауіп-қатерін азайту ешқашан да кеш емес. Зерттеулердің арқасында мына бір нәрсені сенімді айтуға болады: кез келген жасыңызда және темекі тартудың кез келген «өтіліңізде» де шылымнан бас тарту тек оң нәтиже беретіні сөзсіз. Мәселен, адам 50 жасында шылымнан біржолата бас тартты делік, яғни, оның өкпенің қатерлі ісігіне шалдығу қаупі, 60–70 жасқа дейін темекі тартқан адамдарға қарағанда, айтарлықтай төмен болмақ.

 

ТЕМЕКІДЕН БАС ТАРТУ ЕШҚАШАН ДА КЕШ ЕМЕС

Ұлыбритания ғалымдарының зерттеуі көрсеткендей, кез келген жаста да темекіден мүлдем бас тартудың артықшылықтары зор. Олар темекі тартушылардың, бұрынғы шылымқұмарлар және өмірінде ешқашан темекі шекпеген адамдардың өкпе биоптатын (биопсия жолымен алынған материал) алған. Олар қатерлі ісік жасушалары болмағанымен де, қазіргі шылымқұмарлардың әрбір 10 өкпе жасушасының тоғыздан астамында, темекі тартпайтын адамдардың жасушаларымен салыстырғанда, 10 000 дейін қосымша генетикалық мутациялар бар болып шықты, әрі осы мутациялар тікелей темекі түтініндегі химиялық заттектердің салдарынан туындаған болатын.

 

Ал темекі тастаған адамдарда тыныс алу жолдарын қаптайтын және бұрынғы кездері темекі тарту нәтижесінде генетикалық зақымдану қаупінен құтылған жасушалар тобы анықталаған екен. Бұл жасушалар ешқашан да темекі шекпеген адамдардан алынған жасушаларға ұқсас болып келеді: олардың темекі тарту салдарынан кездесетін генетикалық зақымдалу айтарлықтай аз болады, ал осы адамдарда, темекі тартуды жалғастырып жатқандармен салыстырғанда, өкпенің қатерлі ісігінің даму қаупі төмен болып шықты.

 

Зерттеушілер анықтап алғандай, әлі де темекі шегуді жалғастырып жүрген адамдарға қарағанда, бұрынғы шылымқұмарларда сау жасушаларының мөлшері төрт есе көбірек болады екен, әрі бұл бұрынғы темекі тартушы адамдардағы өкпе жасушаларының жалпы санының шамамен 40%-ын құрайды.

 

Бұл жерде темекінің басқа түрлерін атап өткім келеді, солардың арасында жыл өткен сайын кеңінен таралып келе жатқан шайнайтын темекі деп аталатын түрі айырықша орынға ие болып отыр. Сонымен қатар дүниежүзі бойынша шайнайтын темекіні қолданып жүрген 350 миллион тұтынушы баршылық, олардың 95%-дан астамы дамушы елдерде өмір сүріп жатыр. Темекі тұтынудың бұл түрін қолданған кезде канцерогендер өкпеге түспейтіні, әрі сонымен бірге өкпенің қатерлі ісігіне әкеліп соқтырмайтыны турасындағы аргументтің айтарлықтай кемшілігі бар. Өйткені шайнайтын темекі адамдарда ауыз қуысы, өңеш және ұйқы безінің қатерлі ісігін тудырады. Ең көп тұтынушылар (шамамен 230 млн) кездесетін Үндістан еліндегі ауыз қуысының қатерлі ісік ауруының әрбір екінші жағдайы шайнайтын темекіні ұзақ уақыт бойы қолдануға байланысты болады екен.

 

ЗИЯНДЫ АЗАЙТУДЫҢ ТӘСІЛДЕРІ

Қауіп-қатерді азайтудың ең жақсы тәсілі – темекіден біржолата бас тарту екендігін тағы да қайталап өтемін. Дегенмен егер де бұл сіздің қолыңыздан келмей жатса, онда түтін шығармайтын электронды құрылғылар немесе темекіні қыздыруға арналған жүйелер (ТҚЖ) секілді зияны анағұрлым азырақ балама нұсқаларға ауысып көрген абзал. Мәселен, британдық шенеуніктер темекі шегуден бас тартқандары үшін шылымқұмарларға күштілігі мен дәмдері алуан түрлі өнімдері бар вейпингке арналған жиынтықтарды ұсынады, осылайша әркім өзіне қолайлы нұсқаларды таңдай алады, сонымен қатар ақшалай сыйақы да ұсынылып отыр.

 

Баршамызға белгілі болып отырғандай, темекі түтініне қарағанда электронды темекі мен ТҚЖ-да канцерогенді заттектердің құрамы айтарықтай аз болып келеді, бәлкім, осының арқасында өкпенің қатерлі ісігімен ауырып қалу қауіп-қатері төмендейді. Дегенмен бірқатар ірі зерттеулердің үміт сыйлайтын ықтимал нәтижелеріне қарамастан, мәселен, вейптерді қатаң түрде реттеу қажет екендігін атап өткім келеді. Олар кәмелетке толмаған балаларға сатылмауы тиіс, әрі олардың құрамы тексерулер мен сертификатталудан өтіп тұруы керек.

 

МЕНІҢ ҰСЫНЫСТАРЫМ

 

1.    Темекі тартуды бастамаңыздарЕгер темекі тартып жүрсеңіздер, онда бұл зиянды әдеттен бас тартқандарыңыз абзал. Егер дәл қазір және осы жерде бас тарту қолыңыздан келмей жатса, зияны айтарлықтай төмендеу балама нұсқаларға ауысқандарыңыз дұрыс.

 

2.    Темекі шегуден бас тартыңыздар. Онкологиялық диагноз қойылғаннан кейін темекі шегуден бас тартыңыздар.

 

3.    Профилактикалық тексерулер, скринингтерден тұрақты түрде өтіп жүріңіздер.Темекі тарту«өтілі» жоғары шылымқұмарлар үшін жылына бір рет дозасы төмен компьютерлік томографиядан өту міндетті болып саналады. Өкпенің қатерлі ісігін бастапқы сатысында емдеу дегеніміз – радикалды ота жасату, сондай-ақ профилактикалық химиотерапия курстары өткізілуі мүмкін және одан кейін жай ғана дәрігер бақылауында болу. Өкпенің қатерлі ісігін IV сатысында емдеу – қымбат тұратын дәрілік заттармен ұзақ уақыт емдеуді білдіреді.

Әрдайым өз дәрігеріңізді бірден табу оңайға түспейді. Сіз басқа дәрігерлердің кеңесін алып, екінші, үшінші бір пікірді естуге толықтай құқылысыз.

Өкпенің қатерлі ісігінің айырықша белгілері – симптоматикалық терапиядан кейін де тоқтамайтын ұзақ уақытқа созылатын жөтел, қан қосылған қақырық, кеуде аймағындағы ауырсыну.

Өкпенің қатерлі ісігінің ерекшеленбейтін (айырықша емес) белгілері  салмақ жоғалту, тәбеттің болмауы, айқын әлсіздік.

Өкпенің қатерлі ісігіне арналған айырықша онкомаркерлер жоқ, олар аналық безі, қуықасты безі, бауыр, ұйқы безінің қатерлі ісігі кезінде белгі береді.

 

4.    Егер сізге диагноз қойылған болса, немесе дәрігерлер күдіктеніп жатса, сіздің онкологиялық диспансеріңіздегі торакалды онкологқа жүгінген жөн. Одан кейін тексеру нәтижелеріне, гистологиялық формаға, сатысына, науқастың жалпы хал-күйіне байланысты емдеу тактикасы анықталады.

 

5.    Егер сіз емделуден өтсеңіз – емделу аяқталғаннан кейін алғашқы жылы – әрбір 3 ай сайын, екінші жылы – әрбір жарты жыл сайын өзіңіздің онколог дәрігеріңіздің бақылауында болуыңыз керек, содан соң жылына бір рет бақылау тексерулерінен өтіп отыруыңыз қажет.

 

Өкпенің қатерлі ісігінің жалғыз тиімді профилактикасы – бұл темекі шегуден бас тарту екендігін есте сақтаған маңызды. Ешқандай да бір дәрумендер, ББҚ-лар темекі тарту мәртебесіне қарамастан, ауруға шалдығу қаупін төмендетпейді. Онкология – үкім емес. Қатерлі ісік, тіпті, төртінші сатысында да емделеді. Өкпенің қатерлі ісігін емдеу – молекулярлық генетика және иммунологияның қарқынды дамуымен бірге келе жатқан онкологияның ең дамыған салаларының бірі. Қазіргі заманғы қымбат дәрі-дәрмектердің арқасында науқастар диагноз қойылғаннан кейін де ұзақ жылдар бойы өмір сүру мүмкіндігіне ие болып жатады. Көптеген қымбат дәрі-дәрмектер біздің елімізде тегін беріледі. Сондықтан соңғы ақшаңызды шетелдік клиникаларға жұмсаудың қажеті жоқ, дәл сондай емді елімізде де алуға әбден болады.

Аударған: Рита Сәрсенова

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]