Кардиохирургпен сұхбат: жүректі зиянды әдеттерден қорғаудың жолы

Темекі тарту жүрегіңізге қалай әсер етеді?

Кардиохирургпен сұхбат

Қандай жаман әдеттер жүрекке зиян келтіреді? Оның денсаулығын сақтап қалу үшін не істеу керек? Кардиохирургтар кімдерге темекі тартуға рұқсат береді? Дүниежүзіндегі ең көп таралған аурудан аулақ болудың жолы қандай? Осы және басқа да «жүрек тақырыптары» жөнінде «Лайқос» жобасы жоғары санатты дәрігер-кардиохирург Жеңіс Қозыбаевпен әңгімелесті.


ТЕМЕКІ ТАРТУ ЖҮРЕКТІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕТІНІ ТУРАЛЫ АЙТЫП БЕРІҢІЗШІ. БІЗДЕР БӘРІМІЗ ДЕ ШЫЛЫМ ШЕГУ, ЕҢ АЛДЫМЕН, ӨКПЕГЕ ЗИЯН ТИГІЗЕДІ ДЕП ОЙЛАУҒА ҮЙРЕНГЕНБІЗ. ӨЙТКЕНІ, БҰЛ ЖАМАН ӘДЕТ ТЫНЫС АЛУМЕН, ӘРІ «ШЫЛЫМҚҰМАРДЫҢ ЕНТІКПЕСІ» ДЕГЕН ҰҒЫМЫМЕН БАЙЛАНЫСТЫ. АЛ ТЕМЕКІ ТАРТУДЫҢ ДӘЛ ЖҮРЕККЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕТІНІ ТУРАЛЫ АДАМДАРДЫҢ КӨБІСІ БІЛЕ БЕРМЕЙДІ.

Бірден айта алатыным, бұл жүрекке теріс әсер етеді. Темекі тарту жүрекке зиян келтіретін тікелей фактор болмаса да, дегенмен, бұл тамыр қабырғасының зақымдалуына әкеліп соқтыратын каскадтық механизмді тудырады. Артериялар өз созылмалылығын, жиырылғыштығын және т.б. қасиеттерін жоғалтады. Бұл патологиялық үдерістің дамуына негіз әзірлейді. Адам темекі тарту барысында никотинді ғана емес, сондай-ақ алуан түрлі шайырларды да тұтынады. Мәселен, этилфторид. Олардың әрқайсысы жүрекке де, жүрек бұлшықетіне де, сол секілді жүрек тамырларына да теріс ықпалын тигізеді. Темекі тарту жүректің ишемиялық ауруына әкелетін фактор екендігі дәлелденген, бұл қазіргі уақытта адам өлімінің жиі кездесетін себебі болып саналатын әлем бойынша кеңінен таралған диагноз. Демек, темекі тарту өкпені, асқазан-ішек жолы және теріні зақымдап қана қоймай, сондай-ақ ең бірінші кезекте жүрекке әсер етеді екен.

 

Біздер әрдайым ота жасатуға дайындалып жүрген науқастарға міндетті түрде темекі тастауды ұсынамыз. Иә, егер адам 40–50 жыл бойы немесе одан да көп уақыт шылым шеккен болса, әрине, ол үшін темекіден біржолата бас тарту қиынға соғатынын түсінеміз. Никотин, никотин қышқылы бұл жағдайда зат алмасу үдерістеріне әбден еніп кеткен. «Болдырмау нышанаты» – осындай бір түсінік бар. Сондықтан кейде ота жасатудың алдында пациенттерімізге темекі тартуға рұқсат береміз. Мен рұқсат беремін. Себебі темекіні кенеттен тастағаннан кейін адам жөтеле бастайды. Ал кеудеде ота жарасы болған кезде адам жөтелу арқылы өз-өзіне зақым келтіруі мүмкін. Сондықтан ота жасап болғаннан кейін кей кездерде аздап темекі тартуға рұқсат береміз, дегенмен, бұл тек кеудедегі жара бітіп кеткенше дейін ғана жалғасады. Ал жара жазылғаннан кейін міндетті түрде шылымнан біржолата бас тартуға кеңес береміз. Өйткені, егер адам темекіні тастамаса, ертеңгі күні біздер тіккен тамырларымыз қайтадан бітеліп қалады. Бұл бір тоқтамайтын шексіз үдеріс. Менің білуімше, Еуропаның кейбір елдерінде науқас темекі тартуды жалғастыра берсе, дәрігерлер оған ота жасаудан бас тартуы мүмкін. Науқасқа былай деп айтылады: «Егер сіз темекі тартсаңыз, әрі темекі тартуды жалғастыра берсеңіз, біздер жасайтын ота нәтиже бермейді». Әрі біздер барлық пациенттерге шылымнан арылу қажеттігі туралы айтамыз. Басқаша болу мүмкін емес.

 

Кейде адам былай дейді: «Мен шылым тартуды азайттым. Бұрындары күніне бір қорап, тіпті, екі қораптан шегетінмін, ал енді 10 темекі, 5 темекі ғана тартамын». Шыны керек, бұл маңызды емес. Темекінің бір қорабын шексең де, бір данасын тартсаң да, каскадтық механизм кез келген жағдайда да іске қосылады. Бұл – нағыз қар көшкіні іспетті: кейде қар көшкінінің жүріп, бәрін басып қалуы үшін бір ғана кішкентай тасты лақтырудың өзі жеткілікті. Сол секілді бір темекі де – жақсы нәрсеге әкелмейтіні хақ. Темекі тартудың жүрекке деген біржақты теріс әсер бар екендігі сөзсіз. Шылым шегу өкпенің қатерлі ісігін тудырып қана қоймай, сондай-ақ жүрекке зиян тигізеді деген тақырыпта көптеген зерттеулер баршылық.

 

ТЕМЕКІ ТАРТУ ҚАН ҚЫСЫМЫН ЖОҒАРЫЛАТАДЫ ДА, СОЛ СЕБЕПТЕН ЖҮРЕК СОҒЫСЫНЫҢ ЖИІЛІГІ ҰЛҒАЯ ТҮСЕДІ ДЕГЕН ПІКІР БАР. СОНДА ЖҮРЕККЕ ЕКІ-ҮШ ЕСЕ ЖЫЛДАМДЫҚПЕН ЖҰМЫС ІСТЕУІНЕ ТУРА КЕЛЕДІ ДЕ, ОСЫЛАЙША, ИНСУЛЬТ АЛУ ҚАУПІ АРТАДЫ… ШЫН МӘНІСІНДЕ ОСЫЛАЙ БОЛУЫ МҮМКІН БЕ?

Иә, шылымқұмарлардың қаны анағұрлым қою келеді, ол қоюланады. Бұл қалай болады? Адам темекі тартқан кезде оның өкпесіндегі альвеолалар зақымданады да, шайырларға толып, сәйкесінше, өкпе тініне оттегі жеткізілімі зардап шегеді. Бірінші кезекте – бұл жүрекке жеткізілетін оттегіге қатысты нәрсе. Осыған жауап ретінде адамның ағзасы орнын толтыру мақсатында гемоглобин және эритроциттерді еселеп шығара бастайды. Шылымқорларда гемоглобин мөлшері кейде бір литріне 160–170 грамнан асып түседі де, тіпті, бұдан да жоғары болады. Қан қоюланып, тұтқыр сұйық болып келеді. Осылайша, тромбоздар қаупі артады. Кішкентай тамырлар бітеліп қалған жағдайда жүректің орын толтыру механизмі қысымды жоғарылата бастайды. Оның артынан гипертония орын алады. Темекі тарту жүректің ишемиялық ауруына, атеросклерозға, гипертонилық ауруға әкеліп соқтырады. Ал жүрек қанды жеткілікті түрде айдау үшін орын толтыру механизмін қосады. Өзіңіз дұрыс айтқаныңыздай, тахикардия пайда болуы әбден мүмкін. Біреусі екіншісіне жабысып, бұл жақсы нәтижеге әкелмейтіні хақ. Барлығы да бір-біріне байланысты болып отыр. Өкпе бір бөлек, жүрек бір бөлек, тағысын тағы секілді жұмыс істеуі мүмкін емес.

 

ҚАЗІРГІ УАҚЫТТА ЖАМАН ӘДЕТТЕРІ БАР АДАМДАР ҮШІН КӨПТЕГЕН БАЛАМАЛАР БАРШЫЛЫҚ. МӘСЕЛЕН, ТӘТТІНІ ЖАҚСЫ КӨРЕТІН ЖАНДАР ҮШІН ҚАНТ АЛМАСТЫРҒЫШТАР, НЕ БОЛМАСА ҚАНТСЫЗ ТӘТТІЛЕР ҰСЫНЫЛҒАН. ІШІМДІК ТҰТЫНУДЫ АЗАЙТҚЫСЫ КЕЛЕТІНДЕР ҮШІН АЛКОГОЛЬСІЗ, НЕМЕСЕ АЛКОГОЛІ АЗ СУСЫНДАР ТҮРЛЕРІ ОЙЛАП ТАБЫЛДЫ. ШЫЛЫМҚҰМАРЛАР ҮШІН ТЕМЕКІНІ ҚЫЗДЫРУҒА АРНАЛҒАН ЖҮЙЕЛЕР ОЙЛАП ТАБЫЛҒАН. СІЗДІҢ ОЙЫҢЫЗША, ЖҮРЕККЕ ДЕГЕН ЗИЯНДЫ АЗАЙТУДЫҢ ЖОЛЫ БАР МА?

Темекіні қыздыруға арналған жүйелерге қатысты айтар болсақ, мұнда шайыр жоқ, әрі адам жай ғана өзіне қажетті никотиннің үлесін алады дейді. Сонымен қатар адамға темекі шегуден бас тарту үдерісін жеңілдете түсетін никотиндік жапсырмалар да болады. Дегенмен, менің ойымша, біздер алуан түрлі алмастырғыштардың көмегімен зиянды төмендете алмаймыз. Жүрекке шайыр онша ықпал етпейді (бұл негізінен өкпеге әсер етеді), ал зат алмасу үдерісіне енетін нақ осы никотиндік қышқылдың әсер зор. Сондықтан мүлдем зиянсыз алмастырғыштар кездеседі деп ойламаймын. Бұл, әрине, өте жаман әдет екені сөзсіз. Бәрімізге белгілі болып отырғандай, темекі тартуды ақтайтын белгілі бір сылтауды табу қиынның қиыны. Тіпті, шегуге тыйым салынған марихуананың өзін кейбір елдерде медициналық мақсатта қолданады екен. Мәселен, оны Паркинсон ауруын, сол секілді орталық жүйке жүйесіне байланысты кейбір мазасыздық ауытқуларды емдеу мақсатында пайдаланады. Ал темекі үшін қандай да бір медициналық қолданысты табу мүмкін емес. Адамдар көбінесе өздерінің осы жаман әдеттерін олардың атасы немесе көршісі 90 жасқа дейін темекі шеккенін, әрі онда бәрі де жақсы екендігімен ақтағанды ұнатады. Шыны керек, мұндай жағдайлар кездеседі. Алайда бұл миллионның ішіндегі бір ғана жағдай, яғни, ережеден тыс жайт болып саналады. Бұл жерде көптеген факторлар – генетикадан бастап, өмір салты секілді жайттарға дейін әсер етіп отырады.

 

АЛ НӘТИЖЕСІНДЕ НЕ ЗИЯНДЫРАҚ – ТЕМЕКІНІҢ ЖАНУЫ МА, ӘЛДЕ ҚЫЗДЫРЫЛУЫ МА?

Темекі қыздырылған кезде адам тек қана өзінің никотиндік үлесін алады да, ал көптеген залалды факторлар (шайыр, уытты газ) болмайды. Алайда бәрібір өз-өзіне зиян келтіретіні хақ. Никотин қышқылы кез келген жағдайда жүрек қабырғасының бұзылуына әкеліп соқтыратын үдерісті іске қосады. Пайдалы темекі болмайды. ТҚЖ-ға ауысқаннан кейін өздерін жақсы сезіне бастағандарын алға тартатын адамдар кездеседі. Дегенмен, бұл бар болғаны қарапайым психология және өзін-өзі сендіру болып саналады. Себебі олар басқа зиянды факторларды, никотиннен басқа қоспаларды алып тастайды. Әрине, мұндай кезде олар өздерін жақсы сезінуі мүмкін. Никотин де зиянды, бірақ шайыр одан бетер зиянды болады. Сондықтан адам өз өмірінен жану үдересімен байланысты барлық нәрселерді жойғанда өзін жақсы сезінеді. Дегенмен, бұл бір ойлануға тұрарлық жайт: егер адам осыны ғана алып тастағанның өзінде жақсы сезіне бастады, ал егер никотинді алып тастаса, өзін бұдан да жақсырақ сезінеді емес пе? Әлбетте, уақыт өте келе. Адамның темекіден біржолата бас тартып, содан соң, мәселен, бір жылдан кейін өзін қалай сезіне бастағаны деген тақырыпта көптеген дәлелденген ақпараттар, зерттеулер баршылық. Адамдар расында да жасара түседі! Терісі жақсарады, сыртқы келбеті де жасарады. Темекі тартудан арылыңыздар, спортпен шұғылданыңыздар, бір жылдан кейін айырмашылықты өзеріңіз байқайтын боласыздар – бұл рас. Егер спортпен айналысуға жалқаулансаңыздар, не болмаса уақыт мүлдем тапшы болса, онда кем дегенде жаяу жүріңіздер. Мысалы, ДДСҰ ұсынған күніне 10 000 қадамды жасағандарыңыз абзал. Бұл өте тиімді және мұның еш қиындығы жоқ.

 

Біздер темекіден бас тартқан әрі ота жасалған пациенттерімізді динамикада бақылап отырамыз. Олар біздерге бір жылдан кейін тексерілуге келіп отырады, үш жылдан кейін – темекіден арылғандардың барлығы да хал-ахуалдарының жақсарғанын сезеді. Тіпті, кейде отадан кейін көптеген әртүрлі дәрі-дәрмектерді тағайындайтын жағдайларымыз да болады: қан қысымын түзету үшін, холестерин мөлшерін азайту үшін және т.б. Ал темекіні тастаған пациенттер белгілі бір уақыттан кейін анализдерді тапсыруға келеді де, біздер талдау нәтижелерінің жақсарғанын көріп отырамыз. Мұндайда, тіпті, терапияның үлесін азайтамыз. Кейбіреулер, тіпті, бір ғана дәрі-дәрмекті қабылдап жатады, мәселен, жалғыз ғана ацетилсалицил қышқылын ішеді. Енді қан қысымы немесе холестеринді түзетіп отырудың қажеті болмайды – осының барлығы да қалыпқа келді. Дегенмен, атеросклероз – бұл, өкінішке қарай, басталып кеткен болса, оны толықтай емдеп шығуға болмайтын бір үдеріс.

 

СІЗ ЖОҒАРЫДА ДҮНИЕЖҮЗІНДЕГІ ЕҢ КӨП ТАРАЛҒАН ДИАОГНОЗ – ЖҮРЕКТІҢ ИШЕМИЯЛЫҚ АУРУЫ ЖАЙЛЫ АЙТҚАН БОЛАТЫНСЫЗ. ҚАЗАҚСТАНДА ОСЫ ДЕРТ БОЙЫНША СТАТИСТИКА ҚАНДАЙ? ҚАЗІРГІ ТАҢДА БҰЛ АУРУ ҚАТТЫ «ЖАСАРДЫ» ДЕП АЙТЫП ЖАТАДЫ. ЕГЕР БҰРЫНДАРЫ ЖАСЫ «60 АСҚАН» АДАМДАРДА КЕЗДЕССЕ, БҮГІНДЕ ЖАСТАРДА ДА КЕЗДЕСІП ОТЫРАДЫ.

Дәл қазір сізге нақты сандарды айта алмаймын, дегенмен, бұл ауру ешқашан екінші орыннан төмен түспеген емес. Кей кездерде бірінші орынға қатерлі ісік аурулары шығатыны рас. Алайда жүректің ишемиялық ауруы әдетте көшбасшы орындарға ие болып тұрады. Ал «аурудың жасарып бара жатқаны» турасында сөз қозғайтын болсақ, бұл да, өкінішке қарай, шындыққа сай келеді. Егер бұрын біздерге ота жасатуға келетін адамдардың контингенті 60 жастан асқандар болса, бүгінгі таңда 50 жас шамасындағы пациенттер келіп жатады. Кейде, тіпті, 40-тан енді ғана асқандар да кездеседі. Қазіргі таңдағы негізгі контингент 50–60 жастағылар болса, ал бұрындары «60 асқан» және «70 асқан» адамдар болатын.

 

Сонымен қатар, тағы бір өкінішті жайт, егер бұрын біздер жүректің ишемиялық ауруын тек ерлер дерті деп санасақ, бүгінде пропорцияның теңестірілгенін көрсетіп отырған тенденцияны байқап отырмыз. Егер бөлімше бойынша жүріп өтсек, әрі отаға дайындалып жатқан науқастарымызға қарасақ, – олардың тең жартысы әйелдер екенін көреміз. Тағы да, бұл неге байланысты деп ойлайсыз? Біздерге келетін әйелдердің көбісі темекі тартады. Қант диабеті, темекі тарту, атеросклероз – бұл жүректің ишемиялық ауруына әкелетін аурулар жиынтығы. Егер осыған дейін әйелдердің гормондық жүйесі оларды осы аурудан сақтап отырады деп есептеген болсақ, әрі ер адамдар 5–6 есе жиі ауыратындарын ескерсек, қазіргі таңдағы тенденция бойынша әйелдердің гормондық жүйесінің бұл жағдайға төтеп бере алмайтындығын байқап келеміз. Әрине, жоғарыда айтқанымдай, бұл көпфакторлы үдеріс. Дегенмен, сауалнамамызға қатысқан көптеген әйелдердің анамнезінде темекі тарту орын алып жатады. Сондай-ақ олар бір жыл, екі жыл емес, 10, 15, 20 жыл бойына темекі тартатындары анықталады.

 

ЖҮРЕКТІҢ ИШЕМИЯЛЫҚ АУРУЫ ХОЛЕСТЕРИНДІ ТҮЙІНШЕКТЕРДІҢ ПАЙДА БОЛУЫНАН ТУЫНДАЙТЫНЫ БЕЛГІЛІ. БҰЛ, БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ, ТАМАҚТАНУҒА, АРТЫҚ САЛМАҚҚА, ҚОЗҒАЛЫСЫ АЗ ӨМІР САЛТЫНА БАЙЛАНЫСТЫ БОЛАДЫ…

…және де экологиялық факторларға, күйзелістік жағдайлар мен жаман әдеттерге байланысты. Ең алдымен, әлбетте, темекі тарту ішімдікке қарағанда көбірек әсер етеді. Дегенмен, алкогольді жиі тұтыну да тамырлардың қабырғаларын қатты зақымдай түседі. Осы факторлардың барлығы бірін-бірі толықтыра отырып, жағдайды нашарлатады.

 

Иә, адамның белсенділігі бұрынғы уақытпен салыстырғанда, физикалық тұрғыдан әлдеқайда төмендеп кеткені өкінішті. Осыдан болар қазіргі таңда «70-тен асқан» науқастар саны азайып, олар, тіпті, өздерінен жас ұрпақтан да анағұрлым сау сезінеді. Бұрын физикалық жүктемесі бар жұмыс көп еді, әрі ұжымдық спорт түрлері болатын. Бүгінгі таңда ересек адамдардың футбол, баскетбол ойнап жүргендерін сирек көресің…

 

Жүгіру – бұл ең оңтайлы жүктеме. Біздер айтпақшы: «инфаркттан жүгіре құтыласың, инсульттен жаяу жүріп құтыласың». Жүгірумен айналысатын адамдарда инфаркт қаупі шынымен де төмендейді.

 

Жүгіруді, әрине, жаттықтырушының көмегімен бастаған дұрысырақ. Мысалы, мен өзім де жүгіремін, әрі керемет нәтижені көріп отырмын.

 

ЖҮРЕКТІ ҚАНШАЛЫҚТЫ ЖИІ ТЕКСЕРТУ КЕРЕКТІГІН АЙТЫП БЕРІҢІЗШІ. ҚАНДАЙ АНАЛИЗДЕРДІ ТАПСЫРЫП ОТЫРУ ҚАЖЕТ?

Ешқандай паталогиялары, шағымдары жоқ жас адамдарға жылына бір рет кардиограмманы түсіру жеткілікті. 50 жастан асқандарға скринингтен өту қажет. ЭКГ және жүректің ультрадыбыстық зерттеуінен – кем дегенде жылына бір рет өту керек, ал жарты жылда бір рет жасатсаңыз тіптен жақсы. Егер, мысалы, қант диабеті, күретамырлы қысымның көтерілуі секілді ілеспе ауруларыңыз бар болса, онда учаскелік терапевт немесе кардиологтың бақылауында болуыңыз керек. Әрі олардың ұсыныстары бойынша тұрақты түрде зерттеулерден өткеніңіз абзал.

 

Сонымен бірге, 50 жастан асқан адамдарға қатысты тағы да бір айтарым бар. Батыста әрбір ересек есті адам өзінің қан тобын, резус-факторы мен артериалдық қысымының параметрлерін біле отырып, сондай-ақ өзінің липидтік спектрін де білуі шарт. Яғни, бұл холестеринге анализ тапсыру керектігін білдіреді. Біздер холестеринді шартты түрде «жақсы» және «жаман» деп екіге бөлеміз. Тек жалпы холестеринге ғана емес, сонымен қатар холестериннің фракцияларын да талдауға тапсырған жөн.

 

Тығыздығы төмен, тығыздығы жоғары липопротеидтер, үшглицеридтер. Тағы да бір талдау бар, ол «атерогендік коэффицент» деп аталады. 50 жастан асқан адамдарға осы липидті спектрді жарты жылда бір рет тапсырып отырған абзал. Қандай көрсеткіштер нормадан аутқығандығын қадағалап отыру керек. Қарапайым жалпы қан талдауын тапсырып отырған дұрыс, құрамында қанша гемоглобин, қанша эритроциттер, тромбоциттердің бар екендігін қадағалау қажет.

 

50 жастан бастап және 60 жастан асқан кезде міндетті түрде қанды кішкене сұйылтып отырған абзал. Ацетисалицил қышқылын қабылдау керек. Айта кетсек, ацетисалицил қышқылын жасап шығарғандар осы дәрі үшін Нобель сыйлығын алған болатын.

 

Көптеген адамдар ацетисалицил қышқылын ішіп бастасаңыздар, асқазан жарасы және т.б. пайда болуы мүмкін деп қарсы шығады.Бұл дәріні дұрыс қабылдай білу қажет:

 

  • әрдайым бір уақытта ғана ішу;

 

  • тек қана тамақтан кейін, не болмаса сүтпен бірге ішу керек.

 

Сонда ғана айтылған салдардың алдын алуға болады.

 

Бізде тұрақты медициналық тексерулер жүйесі болуы тиіс. Тұрақты скринингтер өте қажет. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, ауруды «ерлікпен» емдегенше, оның алдын алған әлдеқайда дұрысырақ. Әрі дертті, мысалы, гипертензия, жүректің ишемиялық ауруын ерте кезеңдерде байқап, оны емдей бастасақ, ауыр зардапсыз қалыпқа келтіруге болады. Алайда біздерге ауруы асқынған науқастар келетіні өкінішті. Бұл жерде гипертензия да, атеросклероз да, тіпті, байқамай жүріп инфаркт алғандар да кездеседі. Кардиограммаға қараймыз да, айтамыз: «Сізде бірнеше инфаркт болған екен». Ал адам ол туралы мүлдем білмейді. Жоқ, дейді, менде инфаркт болмаған. Не болмаса УДЗ арқылы белгілі бір қабырғаның нашар жиырылатынын немесе тіптен жиырылмайтындығын көріп, бұның инфаркт салдары екендігін біліп отырамыз. Ал адам, тіпті, бұл жайында білмей жүре береді. Осыдан кейін: «Құтқаратындай не қалды» деп «ерлікпен» күресе бастаймыз.

 

Біздерде алғашқы емханалық буынымызда олқылықтар баршылық. Емхана дәрігерлерінің жүктемесі өте үлкен дегім келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесі қағазбастылық, бітпейтін жазулар, есептерге негізделген. Дәрігердің кейде, тіпті, науқасты қарапайым қарап шығуға да мұршасы болмайды. Бір пациентке бөлінген 10–15 минут ішінде дәрігер үлгермей қалады. Әсіресе, күрделі бір жағдайлар кездескенде. Ал уақыт тығыз, кезек те ашуланып бастайды.

 

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]