«Пациенттерге көз жасымыз емес, кәсіпқойлығымыз қажет»
Онколог дәрігер мамандықтың қиындықтары мен осы сәтте өмір сүруге деген ұмтылыс турасында
Біз әртүрлі мамандық иелеріне маңызды және кейде ыңғайсыз сұрақтарды қоя отырып, олармен мақала-әңгімелер топтамасын бастайды. Алғашқы материалдың кейіпкері – Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының химиотерапевті Рабиға Қадырбаева.
МАМАНДЫҒЫҢЫЗ НЕСІМЕН ҰНАЙДЫ?
Мен медицинада, соның ішінде, тіпті, онкологияда жұмыс істеймін деп ешқашан ойламағанмын. Бұл мамандық кездейсоқ таңдау болып шықты, дегенмен қазіргі таңда жұмысым – менің ең үлкен махаббатым.
Өмірлерінің әрбір күні үшін дерлік күресіп жүрген пациенттерім де, мамандығымның өзі де бұл өмірді қадірлеуге, дәл осы сәтте өмір сүруге ұдайы үйретіп отырады.
Менің 2019 жылдан бері жүргізіп келе жатқан төртінші сатыдағы өкпенің қатерлі ісігінің агрессивті түріне шалдыққан бір емделушім бар. Былтырғы жылы ол рецидивке ұшыраған, әрі бұл бірінші рет болған жоқ, ал біздер болсақ сол уақытқа дейін емдеу сызбасының барлық түрлерін қолданып көрген едік. Ол кезде көмектесейін деген ниетпен хаттама аясынан тыс шығып кетіппін, сол үшін әкімшілік пен өзімнен үлкен әріптестерімнің қатты сынына алындым. Әліге дейін есімде: жазғы жаңбыр, ауыр жұмыс күнінен кейін шаршаған мен, алматылық көшелер бойынша қолшатырсыз әрі реніштен жылап келе жатырмын. Алайда бір кезде осындай бір ой келді: «Мен келесі жылы да жаз бен жаңбырды көре аламын, ал бұл науқас көрмей кетуі де әбден мүмкін». Бұл маған біршама саябырсуға көмектесіп, әрі миым емдеудің басқа нұсақаларын іздестіре бастады.
Мамандық тағы да несімен қызықтырады дейсіз бе? Онкология – қазіргі заманғы медицинаның ең қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі, мұндағы хаттамалар әрбір 3–4 ай сайын жаңартылып отырады, әрі жүздеген маңызды клиникалық зерттеулер жүргізіледі.
ҚАТЕРЛІ ІСІКТІҢ ПАЙДА БОЛУЫНЫҢ ҮШ БАСТЫ СЕБЕБІ ҚАНДАЙ?
Бұл жерде келесі жалпы тұстар жайлы айтуға болады: нашар экология, дұрыс тамақтанбау, салауатты өмір салтын ұстанбау, радиация, тұқым қуалау факторлары. Немесе қатерлі ісіктің белгілі бір түріне тән себептерді атай аламыз. Мәселен, жатыр мойны обырының пайда болуының негізгі себебі – адам паппилома вирусы, сүт безінің қатерлі ісігінде тұқым қуалау факторлары үлкен рөл атқарады, ал асқазан мен өңештің қатерлі ісігін дұрыс тамақтанбау, ащы тағамдар қоздырады екен.
АЛ ТЕМЕКІ ТАРТУ ЖӘНЕ АЛКОГОЛЬДІ ТҰТЫНУ СЕКІЛДІ ЗИЯНДЫ ӘДЕТТЕР АУРУДЫҢ ПАЙДА БОЛУЫН ҚОЗДЫРУЫ МҮМКІН БЕ?
Иә, темекі тарту және алкогольді тұтыну қатерлі ісіктердің пайда болуын қоздыруы әбден мүмкін.
Мәселен, өкпенің қатерлі ісігі дертіне шалдығатын он науқастың ішіндегі алты-жеті адам – «өтілі» көп шылымқұмар. Егер таныстарыңыздың біреуі былай деп айтса: «Міне, менің атам бар, 40 жыл бойы күн сайын темекінің екі қорабын тартса да, қатерлі ісікке шалдықпаған», онда есіңізде болсын, демек ол сирек кездесетін бақытты адамдардың қатарына жатады деген сөз. Әрине, шылымқорлардың әрқайсысы қатерлі ісікпен ауыра бермейді, сол секілді фастфуд әуесқойларының кез келгені семіздікке шалдықпайтыны да рас. Күні бүгінге дейін жүргізілген көптеген зерттеулер көрсетіп отырғандай, темекі тарту – бұл лотерея билетін сатып алғанмен тең, мұндағы ұтып алудың ықтималдығы тым төмен. Статистика бойынша Қазақстанда өкпенің қатерлі ісігі онкологиялық аурулар құрылымы көшбасшыларының үштігіне кіреді екен.
ҚАТЕРЛІ ІСІКТЕН ЕШКІМ ДЕ САҚТАНДЫРЫЛМАҒАН, ДЕГЕНМЕН ОНЫҢ ПАЙДА БОЛУ ҚАУПІН ҚАЛАЙ ТӨМЕНДЕТУГЕ БОЛАДЫ?
Егер сізде қатерлі ісік алды аурулары, мысалы, ішек түймешігі бар болса, үнемі тексеріліп отырғаныңыз абзал, ал қажет болған жағдайда ота жасатқаныңыз дұрыс. Мұндай нәрселерді қараусыз қалдыруға болмайды.
Егер отбасыңызда қатерлі ісікпен ауру жағдайлары болса, яғни, генетикалық бейімділік орын алса, мамандарға ұдайы барып тұру керек. Осылайша, тұқым қуалау арқылы берілетін мутацияларға байланысты 5–10% жағдайларда сүт безінің қатерлі ісігі пайда болады.
Ең негізгісі – бұл дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану, күйзелісті халге берілмеу, ішімдік пен темекіден бас тарту. Егер бұл қолыңыздан келмесе, онда, ең болмағанда, өзіңіздің жаман әдеттеріңіздің жағымсыз салдарын төмендетуге тырысқаныңыз жөн.
Редакция атынан: Егер жаман әдеттерден арылу – сіз үшін қандай да бір себептермен мүмкін болмаса, ондай жағдайда залалды төмендету тұжырымдамасын еске түсіріп, зияны әлдеқайда азырақ баламалы нұсқаларға ауысып көріңіз: алкогольсіз сусындарды тұтыну, әрі темекі тартуды тастауға бел буған адамдардың қолданып жүрген әрі кеңінен танымал құралдардың бірі болып саналатын түтінсіз электронды құрылғыларға назар аударғаныңыз абзал. Ұлыбританияда қоғамдық денсаулық сақтау мамандары «жалпы алғанда, темекі – бұл зиянды нәрсе, алайда темекіден бас тартуға бел бусаңыз, дегенмен ол қолыңыздан келмеген жағдайда, электронды темекінің, әсіресе, қысқа мерзімді келешекте, зияны анағұрлым аздау» деген болжалды белсенді түрде зерттеп келеді. Екінші жағынан келер болсақ, мысалы, АҚШ-та шылым шегуден бас тартқан кезде көмекші құрал ретінде темекінің орнына FDA (Тамақ өнімдері және дәрі-дәрмектердің сапасын санитарлық бақылау жөніндегі басқарма) мақұлдаған препараттарды ұсынады. Кейбір зерттеулердің ұстамды әрі үміттендіретін нәтижелеріне қарамастан, электронды темекіні қолданудың басты түйткілі – жастар арасында, соның ішінде көбінесе мектеп оқушылары арасында кеңінен танымалдылығы болып саналады. Кейбір зерттеулер көрсеткендей, қазіргі заманғы жастардың дені электронды темекіні тартып бастайды да, бұл өз кезегінде кейбір балалар немесе жасөспірімдердің басқа, бұдан да зиянды темекі бұйымдарын тұтынғысы келетіндігіне әкеліп соқтыруы мүмкін.
НЕГЕ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ АУРУЛАРДЫ ЕМДЕУ СОНШАЛЫҚТЫ ҚЫМБАТ?
Қазіргі заманғы онкологияда пациенттерді емдеу барған сайын дербестендірілген терапияға бет бұрып келеді, бұл дегеніміз молекулярлық генетика, иммунотерапияның дамуы арқасында әрбір науқасты жекелей емдеуге тырысып келеміз.
Мәселен, егер емделушіде өкпе қатерлі ісігінің жайылған сатысы анықталса, онда біз драйверлік мутацияларды анықтау үшін ісік материалын генетикалық талдауға жібереміз. Егер олар бар болса, емделушіге қатерлі ісікке генетикалық деңгейде әсер ететін тиімділігі жоғары нысаналы дәрі-дәрмектерді беру көрсетіледі. Мұндай мутацияға ұшырайтын пациенттер саны көп емес, өкпенің қатерлі ісігімен ауыратындардың арасында шамамен 15%, яғни, емделушілер қабылдайтын осы дәрі-дәрмектердің мөлшері аз. Ал осындай инновациялық препаратты әзірлеу – кем дегенде, 15-20 жылды алады: аурудың өзіне, оның молекулярлық ерекшеліктеріне егжей-тегжейлі зерделеу жүргізіледі, жануарларға жүрізілетін зерттеулер, содан соң адамдарға клиникалық сынақтар жүзеге асырылады. Тек осындай көпсатылы және күрделі зерттеулерден кейін ғана дәрі-дәрмек нарыққа шығады. Осыған байланысты баға да жоғары болып тұр, өйткені зерттеу жұмыстары бойынша көпжылдық еңбек пен өндірістік шығындарды өтеу керек.
НАУҚАСҚА «ҚАТЕРЛІ ІСІК» ДИАГНОЗЫ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАУ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚИЫН?
Онкология – күрделі мамандық, ең алдымен нақ осы психологиялық тұрғыдан алғанда күрделі. Елімізде, Назарбаев университетінен басқа, медициналық жоғары оқу орындарында осы маңызды жайтты тиісті дәрежеде оқытпайтыны хақ. Мансап жолымның алғашқы айларында мен күн сайын дерлік жылайтын едім. Әсіресе жас пациенттермен жұмыс істеу қатты қиынға соғатын. Жағдайды жеңуге менің тәлімгерім көмектесті. Оның айтқан сөзін ешқашан ұмытпаспын: «Пациенттерге көз жасымыз емес, кәсіпқойлығымыз қажет». Емделушіге онкологиялық диагнозы туралы бірінші болып айтқан дәрігерге, әрі оның бұл ақпаратты қаншалықты сыпайы және дұрыс жеткізе алғандығына көп нәрсе байланысты болады.
Жуырда төртінші сатыдағы өкпенің қатерлі ісігіне шалдыққан жас емделуші қызды қабылдадым, былтырғы жылдың жазында дәрігерлер бұл диагнозы бар деп күдіктенген еді. Ол онкологтың қабылдауына келді де, кейіннен ғайып болып кетті, өйткені оны ештеңе мазалаған жоқ. Ал сырқат лезде күшейе түскен кезде дәрігерлерге оралды. Менің «Неге?» деген сұрағыма – бір жыл бұрын жағдайдың соншалықты күрделі екендігін түсінбедім деп жауап берді.
Сондықтан мұндай ақпаратты байсалды және салмақты түрде, әрі жасырын және барынша сыпайы хабарлаған маңызды болып отыр. Дегенмен, ең бастысы – науқастан ештеңені де жасырмаған абзал. Ол адам дұрыс хабардар болған кезде ғана дұрыс «қаруланады», ал егер сіз емделудің нақты жоспарын ұсынсаңыз, онда жағымсыз жаңалықтарды есту ол үшін әлдеқайда оңайырақ болмақ.
НЕЛІКТЕН АДАМДАР ОНКОЛОГИЯЛЫҚ АУРУЛАРҒА ҮНЕМІ ТЕКСЕРІЛІП ОТЫРУҒА НЕМҚҰРАЙЛЫ ҚАРАЙДЫ ДЕП ОЙЛАЙСЫЗ?
Бірінші кезекте, «мұндай нәрсе менімен болу мүмкін емес» деген секілді ойлардың болуы. Сондай-ақ қорқыныш сезімі, әлбетте. Адамдар дәрігер қабылдауына бармау үшін ондаған себептерді тауып отырады, негізінен уақыт тапшылығы деген сылтауды алға тартады, дегенмен косметологиялық процедуралар, шаш қию, шопинг сияқты жайттарға уақыт табыла қояды. Ақшасын да аяйтындар бар. Ал Қазақстанда мемлекеттік скринингтік бағдарламалар да баршылық:
· Сүт безінің қатерлі ісігі – 40 жастан бастап 70 жасқа дейінгі әйелдер, әрбір 2 жыл сайын.
· Жатыр мойнының қатерлі ісігі – 30 жастан бастап 70 жасқа дейінгі әйелдер, әрбір 4 жыл сайын.
· Колоректальды қатерлі ісік – 50 жастан бастап 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер, әрбір 2 жыл сайын.
Біздің дәрігерлеріміз бен медбикелеріміз кейде, тіпті, азаматтарға сол мүлдем тегін тексеруден өтулері үшін жалынып жүреді. Сонымен қатар назарларыңызды мына бір жайтқа аудартқым келіп отыр, қызметкерлердің жалақысы мен жұмыс орны сақтала отырып, скринингтен өтуге арналған үш күнге берілетін әлеуметтік демалысқа деген құқығы заңнамалық тұрғыдан бекітіліген.
Сонымен бірге, біздер, мәселен, өкпенің қатерлі ісігін ерте анықтау бойынша зерттеулерді өткізіп отырамыз, оның аясында адамдар төмен дозалы компьютерлік томографиядан өтіп, әрі қажет болған жағдайда ғылыми институтымыздың торакалды онколог дәрігерлерінің кеңесін ала алады. Өкінішке қарай, біздер тобымызды әрең дегенде жинаймыз, адамдар келмейді. Шыны керек, қысқа мерзімнің ішінде екі пациентте өкпенің қатерлі ісігін ерте сатысында анықтап алып, отаны сәтті жасап, әрі қазіргі уақытта емделушінің екеуі де онкологтың бақылауында жүр.
ҚАТЕРЛІ ІСІК ДИАГНОЗЫН ӨЗ БЕТІМЕН АНЫҚТАУҒА БОЛА МА?
Соңғы диагнозды дәрігер тек қана биопсиядан кейінгі гистологиялық қорытындының негізінде қоя алады, дегенмен пациент ағзасындағы онкологиялық аурудың алғашқы белгілерін өзі байқай алады.
Әрдайым назар аударуды қажет ететін жайттар:
● Салмақтың жоғалуы, әрі бұл өмір салтының өзгеруіне байланысты емес, мәселен, сіз соңғы үш айдың ішінде күтпеген жерден 10 килограмды жоғалттыңыз.
● Тәбеттің жоғалуы, тіпті, белгілі бір тағам түрінен толықтай бас тарту және одан жиіркену, мәселен, кенеттен қызыл еттен жүрегіңіз айниды.
● Тамақтың өтпеуі, әуелі тамақтың қатты түрі, одан кейін сұйық түрінің де өтпеуі.
● Жөтел, терапевт белгілеген емдеу шараларынан кейін де кетпейтін жөтел.
● Қалдың түсі, мөлшері, формасы өзгерді.
● Сүт бездері терісінің өзгеруі, қызаруы, емшек бөліністері.
ОҚЫРМАНДАРЫМЫЗҒА ТАҒЫ НЕ ТУРАЛЫ ЕСКЕ САЛУДЫ ЖӨН КӨРІП ОТЫРСЫЗ?
Профилактикалық тексерулерден, скринингтерден үнемі өтіп тұрыңыздар.
Егер ағзаңыздан күдікті симптомдарды байқасаңыздар, уақытты зая кетірмей, дәрігерге жүгініңіздер.
Онкология – үкім емес, қатерлі ісік, тіпті, төртінші сатысында да емеделеді.
Бірден өз дәрігеріңізді табу мүмкін бола бермейді, сіздер басқа дәрігерлерден кеңес алуға, екінші, үшінші пікірді естуге толық құқылысыздар.
Қазақстанда онкологиялық ауруларды емдеуге маманданған, әрі ең заманауи халықаралық стандарттарға сәйкес емдейтін керемет дәрігерлеріміз бар. ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) аясында біздің емделушілерімізге қымбат тұратын көптеген дәрі-дәрмектер мүлдем тегін беріледі. Сол себепті соңғы ақшаңызды шетелдік клиникаларға жұмсаудың қажеті жоқ, өйткені біздің елімізде дәл осындай ем алуға болады.