Жеңілдетілген темекінің зияны және денсаулыққа арналған нақты баламалар

Жеңілірек болмайды

Неліктен зиянды азайтуда жеңіл темекі – жақсы әдіс ретінде саналмайды

«Пайдалырақ» темекі бола ма өзі? Неге жанбайтын темекі – ең зиянсыз болып саналады? Мұндағы балама неде?

Темекі тарту – нағыз зұлымдық. Бұның салдарынан адамдар, тіпті, көз жұмады. Жылына шамамен жер бетінің сегіз миллиондай тұрғыны. Ойланып қарасақ, бұл еліміздегі халықтың жартысы екен! Алайда адамзат оңайлықпен беріле қоймас, сондықтан темекі тұтату әдетінен болатын қауіпті азайтудың жолдарын әрдайым іздеп отырады. Бүгін кеңінен танымал жолдарының бірі – жеңіл деп аталатын темекіге өту туралы сөз қозғаймыз.

 

ЖЕҢІЛ ТЕМЕКІ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Халықаралық жіктелім бойынша бір шылымның құрамында никотиннің мөлшері 0,65-0,85 мг, ал шайыр – 8,5-10,0 мг аспаса, онда ол жеңіл темекі болып саналады. Өте жеңіл темекінің құрамында 0,35-0,50 мг никотин және 3,5-5,0 мг шайыр кездеседі. Ең ақыры, аса жеңіл темекінің құрамындағы никотиннің мөлшері 0,15-0,20 мг, ал шайырдың мөлшері – 0,15-0,20 мг болады.

 

Сонымен қатар өндірушілердің айтуы бойынша жеңіл темекіні қарапайым шылыммен салыстырсақ, оның ерекшелігі сол – ішіндегі сүзгісінде түтінді зиянды заттектерден тазартуға көмектесетін тесіктер бар. Осындай темекіні жасап шығарған адамдардың ойынша, желдетілетін сүзгі арқылы темекі түтініне таза ауа кіреді де, оның құрамын «сұйылта» түседі және әлдеқайда қауіпсіз етеді.

 

МҰНДАЙ ТЕМЕКІ ШЫНЫМЕН ДЕ, ӘДЕТТЕГІСІНЕН ГӨРІ АҒЗАҒА ЗИЯНДЫ АЗДАУ КЕЛТІРЕ МЕ?

Жеңіл темекі адам ағзасына зиянды аздау тигізетіні туралы дәлелді зерттеулер жоқ. Алайда миллионға жуық адам қатысқан онкологиялық аурулардың алдын алу түйткілдері бойынша зерттеуде анықталғандай, өкпенің қатерлі ісігі дертіне шалдығу қаупі құрамындағы шайырдың мөлшері орташа, төмен және өте төмен темекіні шегетін адамдарда бірдей екен.

 

Сонымен бірге, Огайо университетінің зерттеушілері атап көрсеткендей, дәл осы жеңіл темекінің пайда болуымен қатар шылымқұмарларда өкпенің кіші тыныс алу жолдарын зақымдайтын қатерлі ісіктің агрессивті түрі – аденокарцинома диагнозы жиі қойыла бастады

 

2001 жылы АҚШ-тың Ұлттық обыр институты жеңіл темекіні шегу шылымқұмардың денсаулығына деген зиянды төмендетуге көмектеспейтіні туралы ресми түрде хабарлаған болатын. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдегендей, темекінің «жеңіл» және «құрамында шайыр аз» секілді санаттары негізінен маркетингтік амал болып саналады екен.

 

НЕЛІКТЕН СОЛАЙ БОЛДЫ?

Мамандар бірнеше ықтимал себептерді келтіріп отыр. Қандағы никотиннің әдеттегі концентрациясына қол жеткізу үшін жеңіл темекінің жақтаушылары көбінесе шылым тарту үдерісін түрлендіре түседі: көбірек темекі сатып алып, оны көбірек шегеді, жиірек және тереңірек ішке тартады, темекі түтінін өкпеде әлдеқайда ұзақ ұстайды, сонымен қатар сүзгідегі аталмыш желдетілетін тесіктерді жабады.

 

Ең бастысы, кез келген дәстүрлі шылымды тарту – темекі мен папирос қағазының жану үдерісін жоққа шығармайды, әрі бұл темекі шегуге байланысты пайда болатын аурулардың негізгі себебі ретінде танылып отыр. Шайыр, цианид, сынап, бензол, кадмий, күшәла және, тіпті, радиоактивті полоний-210 – бұл шылымқордың темекі түтінімен бірге ішке тартатын залалды заттектердің әлі де толық тізімі емес.

 

Тағы бір мәселе бар.

 

«Желдетілетін сүзгісі бар шылымдағы темекі басқаша жанып, канцерогендерді көбірек шығарады, ал түтін өкпеге тереңірек енеді де, осы жерде аденокарцинома пайда болады», – деп түсіндіреді Огайо университетінің зерттеу авторларының бірі Питер Шилдс.

ҚҰРАМЫНДА ЗАРАРЛЫ ШАЙЫР МҮЛДЕМ ЖОҚ ТЕМЕКІ БАР МА?

Мұндай темекі жоқ. Өйткені, шайыр – бұл темекі және шылымның басқа да құрамдастарының жану өнімі. Мәселен, хош иістендіргіш ретінде жиі қолданылатын шоколад пен қалампыр да жану барысында шайырды бөліп шығарады. Тіпті, темекі бықсығанда да шайыр бөлініп отырады.

 

ДЕГЕНМЕН БАЛАМАСЫ БАРШЫЛЫҚ

Мамандар балама ретінде никотинді тұтынудың түтінсіз жүйелерін: электронды темекі және темекіні қыздыруға арналған жүйелерді атайды. Ғылыми мәліметтерге сәйкес, қарапайым темекі түтініне қарағанда, балама нұсқаларды қолданған кезде бөлініп шығатын темекі аэрозолінің құрамында уытты заттар 90–95% төмен болады. Бұл осындай жүйелерде жану үдерісі жоқтығының нәтижесінде мүмкін болды. Мұндай жүйелерде темекі тек қауіпсіз температураларға дейін қыздыралады.

 

 

Аударған Рита Сәрсенова

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]