Артық дым жоқ
Zero Waste экофилософиясы туралы толыққанды ақпаратты жеңіл тілмен ұсынамыз
Қоқыссыз өмір сүру мүмкін екен. Мұны АҚШ азаматы Беа Джонсон дәлелдеді. Төрт адамнан тұратын Беаның отбасы «шығаратын» ждылдық қоқыс көлемі бір литрлік банкіге сыйып кетеді. «Қалдықсыз үй: өмірді оңайлатып, қоқыс сатып алмаудың жолы қандай» атты кітабында Беа мұндай істің қалай мүмкін болғанын сипаттап берген болатын. Нәтижесінде бұл туынды Zero Waste қозғалысының пайда болып, бүкіл әлемге тарауына себепші атанды.
Зеровейстерлердің, яғни планетамыздағы ресурсты үнемдеп жұмсауға тырысатын жандардың қатары артып келеді. Олар өмір сүрудің экологиялық салтын, нақты айтқанда, қалдықсыз тұрмысты дәріптейді және кез келген адам әлемді тазарақ, қауіпсіздеу етуге үлесін қосып, жағдайды түбегейлі өзгертуге қауқарлы деп санайды.
Алғаш рет Zero Waste концепциясын (тура аударғанда «қалдықсыз» немесе «қалдық жоқ») Беа Джонсон өз отбасында жүзеге асырып көрмек болады.
«Шашты сусабынсыз жууға болады деген шешімге келген мен интернеттен алған мына бір тәсілді қолданып көрдім: кәдімгі соданы пайдаланасыз, артынан оны алма сіркесуымен және сумен шәйіп жібересіз. Ерінді үлкейтіп көрсететін бальзамның орнына қалақай жарайды екен. Дәретхана қағазын мүкпен алмастыруға болады-мыс. Бірақ бұл кеңестің бірде-бірін қолдана алмадым. Ақыры балама ретінде қажет заттар мен құралдарды өз бетімше іздеуге тура келді».
Бірден айта кетейік, Беа күнделікті өмірде қажет болатын заттың бәріне экологиялық балама дүние таба алды.
2009 жылы Беа Zero Waste Home блогы арқылы насихатын бастайды, 2010 жылы мәртебелі БАҚ-та мақала жариялауға көшеді, үш жыл өткен соң қозғалыстың бес басты қағидатын (қажетсіз дүниеден бас тарт, қысқарт, қайталап қолдан, өңдеп көр, қалдықты қордала) әйгілеген кітап шығарады. Салдарынан қазір Zero Waste көп адам үшін жәй ғана сәнді экотренд емес, нағыз өмір салтына айналды.
ҚАЖЕТСІЗ ДҮНИЕДЕН БАС ТАРТ
Осы күнгі әр экокүрескердің ең жақтырмайтын дүниесі, сірә, пластик қаптама болар. Бұл зат планетаға айтарлықтай зиян тигізіп отыр. Алайда одан жеңіл жолмен бас тартуға болады. Мәселен, еліміздегі «Hello eco» атты қалдықсыз алғашқы дүкенге баруға болады. Мұнда этиканы «білетін» брендтер өнімінің басым көпшілігі таразыда өлшеніп, сатып алушының ыдысына салынады, ал ыдысыңызды немесе сөмкеңізді үйде тастап кетсеңіз, дүкеннен қайта өңдеуге болатын немесе көп рет қолдануға жарайтын арнайы қаптама сатып ала аласыз.
Дегенмен, экологияның жағдайын кәдімгі дүкенге барғанда да қарастыруға болады. Қазақстандық маркеттердің көбінде арпа-бидай-жарманы, кәмпитті, көкөніс пен жемісті өз бетіңше алып, өлшеуге мүмкіндік беретін станциялар тұр. Ең бастысы, елемей өтіп кетпеңіз және ыдысыңызды ала жүріңіз.
Сабын секілді тамаққа жатпайтын өнімді де қаптамасыз сатып алуға болады. Ал сусабын және басқа дүниені «ЭКОмикс» секілді экодүкендерден өлшеп ала аласыз. Немесе тіпті өзіңіз жасап көрсеңіз де болады. Бұған керек рецептілер, айтпақшы, миссис Джонсонның кітабында жарияланған.
Байқап көру үшін алынатын кішкентай қаптамадағы өнімдер (пробниктер), таратпа қағаздар, жарнама буклеттері өмірімізден біржолата жоғалуға тиіс. Көшеде немесе супермаркетке кірер кезде қолыңызға қағаз тықпаласа, оны ала кететін әдеттен арылуға тырысыңыз. Бұл – қажетсіз дағды.
Үйді бықсытып жіберетін тағы бір дүние – ешкімге керегі жоқ сыйлықтар. Сондықтан біреуге сыйлық жасағанда немесе өзіңіз біреуден сыйлық күткенде, зат емес, әсер беруге (алуға) ұмтылыңыз. Мәселен, театрға, киноға, концертке билет немесе әлдебір курсқа ақылы жазылым, қызық оқиғаға шақыру, керамика жасауды, аспаз болуды үйрететін орынның яки шаштараздың, спаның және косметологтың сертификаты – мұның бәрінен бас тартатын адам некен-саяқ.
Ол аз десеңіз, қазір сыйлық сертификатын ірі азық-түлік дүкенінің немесе дәріхананың атынан да беруге болады. Мысалы, Алматыда мұндай қызметті бір кездері қаладағы дәрі-дәрмек сататын ең көне орынның бірі Назарбаев даңғылындағы №2 дәріхана ұсынған еді. «Аптекаплюс» желісі де түрлі номиналдағы сыйлық сертификаттарын сатып алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, мұндай сыйдың алушыға ұнайтынына сенімді болыңыз.
Айтқандай, билеттер мен сертификаттарды қағазға басып шығару міндетті емес, мүмкіндік болса, электронды түрде сыйлаңыз.
ҚЫСҚАРТ
Гарбероб таңдауда мұқият болған жөн. Біріншіден, ұзаққа жарайтын, екіншіден, түрлі жағдайда киюге болатын киімді ғана алыңыз. Артық затты қайырымдылыққа жұмсауға болады.
Жиһаз бен электрониканың да ең қажетін қалдырып, қалғанын беріп жіберуге болады. Ас үйдегі қорыңыз таусылғанда ғана азық-түлік алуға аттаныңыз. Ал ауру-сырқау кезінде тұтынушы қоғамның дамуы «арқасында» ұмыт болған, ата-әжелеріміз қолданған ем-дом әдістерін жиірек пайдалана аласыз.
ҚАЙТАЛАП ҚОЛДАН
Жазу-сызуға арналған қағаздың екі бетін де пайдаланған жөн. Бірреттік құлақ таяқшаларын көпреттік құлақ тазалағыш алмастыра алады. Әйелдерге арналған тампонның орнына менструал тостағанын қолдануға болады. Қағаз емес, матадан жасалған орамал-сүлгіні алыңыз. Пластик пакет емес, тор сөмке, шоппер және экоқапшықтарға назар аударыңыз.
Көзіміз үйренген бірреттік жаялықтар мен мүшеқаптың орнына зеровейстрлер көпреттік нұсқаларды қолдануға кеңес береді. Иә, дұрыс оқыдыңыз, кондомды да қайталап қолдануға болады. Бұл фейк немесе ауру мидың ойы емес. Индустрияда бар дүние. Айтпақшы, презервативтер тек өткен ғасырдың 60-жылдары ғана бірреттікке айналды, оған дейін бұл өнімді адамзат жуып-кептіріп, қайта пайдалана беретін еді. Бір кездері біздің пластик пакеттерді сан мәрте қолданғанымыз секілді.
Бұл істе ең қиыны – дәретхана қағазының орнына көпреттік зат табу. Мүк пен жолжелкен бәрімізге жете қоймас. Ең болмаса, қайта өңдеуден өткен қағаздан жасалған және артық қаптамасыз, бөлек рулон ретінде сатылатынын алуға тырысуға болады.
Балалардың ойыншығын да бей-берекет ала бермей, бірнеше сапалы және ұл мен қызға қатар жарайтынын іздеп көріңіз. Кейін уақыт келгенде достарыңызға немесе көршілерге беруге я ауыстырып алуға болады. Кітапқа қатысты да дәл осы әдісті қолдана аласыз.
Және секонд-хендтерді аралап тұруды ұсынамыз. Бұл дүкендер, көпшілігіміз ойлайтындай, қажетсіз зат үйіліп жататын жер емес. Өте тартымды, әдемі және басқа еш жерде жоқ дүние ұсына алатындары да бар. Мысалы, Asaý Júrek алматылық винтаж секондын атауға болады.
ӨҢДЕП КӨР
H&M секілді киім-кешек сататын ірі дүкендер ескі киім қабылдап, орнына жеңілдік беретіні туралы акцияларды жиі жариялайды.
Косметика бөтелкелерін (пластик болсын, әйнек болсын) экодүкендерге қайта өткізіп, жеңілдік немесе сыйлық алуға болады.
Пластик, әйнек және макулатураны KazWasteRecycling немесе Zeta фирмасына қайта өңдеуге беруге болады, олар үйге керек заттар жасайды. Электроника, батарейка, лампочка, қызуөлшегіштерді де арнайы орынға тапсырыңыз.
Қайта өңдеу, басқаша айтқанда, дүниеге «екінші өмір сыйлау» өз қолыңыздан да келеді. Мәселен, шинаны утилдеу – күрделі технологиялық процесс. Сондықтан ескі дөңгелек тысынан, мысалы, бақшаға арналған жиһаз жасай аласыз. Жарамай қалған шабадан төсек жанындағы тумбаға, ал ескі жейделер диван жастықшасына айналуы мүмкін. Сәл ізденсеңіз, скейт тақтасынан сөре, әйнек бөтелкелерден сәнді абажур пайда болады. Қажет нұсқаулық Желіде толып тұр.
ҚАЛДЫҚТЫ ҚОРДАЛА
Қала тұрғыны үшін ең қиын дүние осы шығар. Органика қалдық, яғни көкөніс қабығы, жұмыртқа қабығы, бұзылған жеміс-жидек және басқа асүйдегі қоқыс жылдам шіриді. Бірақ бұл бағытта мемлекет тарапынан айтарлықтай бастама жоқ. Әрине, бау-бақшаңыз болса, тыңайтқыш ретінде қолдана аласыз. Алайда жеке жер теліміңіз жоқ болса, экоқаһарман ретінде қала беру үшін, мұндай қалдықты жер үйде тұратын немесе саяжайы бар таныстарыңызға таратыңыз. Осылайша күнделікті жасалатын аз-аз істің арқасында планетаға келіп жатқан зиянды азайта беруге бәріміздің күшіміз жетеді.
Аударған Димаш Зиядин