Темекі шегушінің жөтеліне қарсы күрес: себептер мен емдеу әдістері

Өкпеден өкпе қалмады

Шылымқордың жөтелі және онымен күресу әдістері туралы не білу керек

Таңертең шылым шеккен соң көк жөтел бойды қысып ала жөнеледі, күндіз де тоқтамайды, ал спортпен айналысқан соң күшейе түседі. Алайда температура да, тұмаудың басқа да белгілері жоқ. Таныс жағдай ма? Онда бұл – шылымқордың бронхитіне тап болдыңыз деген сөз.

ШЫЛЫМҚОР БРОНХИТІ ДЕГЕН НЕ?

Шылымқорға тән созылмалы бронхиттің пайда болуының негізгі себебі – мыңдаған химиялық қоспадан тұратын темекі түтіні. Қоспалардың арасында күшәлә, полоний, алюминий, көгерткіш қышқыл секілді канцерогенділері де бар. Ал темекіні қыздыру жүйелерінде жану процесі болмағандықтан түтін де бөлінбейді. Сондай-ақ мұндай құрылғыларда бұрқ-бұрқ еткен кәдімгі шылымға қарағанда зиянды заттар 95%-ға аз кездеседі.

 

Түтінсіз гаджеттерде шайыр да жоқ. Ал адамның өкпесінде жиналып, шырышты қабықты тітіркендіретін дүние – осы шайыр. Түтіннің кесірінен тыныс алу жолдары қабынады, ісінеді, тарылады. Дем алатын арналарды тазалап тұруға тиіс аса кішкентай қылтанақтар дұрыс жұмыс істеуден қалады және қақырық бөлу процесіне шамасы жетпейді. Салдарынан ағза жөтел арқылы балансты қалпына келтіруге, яғни тыныс жолдарын тазалап, дем алуды бұрынғыдай етуге тырысады.

 

«ШЫЛЫМҚОР ЖӨТЕЛІН» ҚАЛАЙ АНЫҚТАУҒА БОЛАДЫ?

Шылымқор бронхитінің бірнеше кезеңі бар. Алдымен таңғы құрғақ жөтел «қонаққа келеді». Ол жалпы жай-күйіңізге және белсенділігіңізге еш әсер етпейді.

 

Уақыт өте келе симптомдар күшейе бастайды. Таңғы жөтел бұрынғыдай құрғақ емес, терең, қақырыққа толы болады. Өкпе жиналып қалған оны-мұны жөтелмен шығарып тастауға тырысады. Кеуде қуысының ауырғанын сезесіз, ал азды-көпті қимылдап қойсаңыз, ентігіп қаласыз.

 

Үшінші кезең – ең ауыр уақыт: жөтел күндіз де, түнде де тыныштық бермейді. Қылқындырып жөтелдіреді, қақырық пен қан түйіршіктеріне толы болады. Ауа жетіспеу мен демігіп қала беру – ештеңе істемесеңіз де қасыңыздан табылатын «серігіңізге» айналады Айтпақшы, Men’s Health Kazakhstan бұрынғы бас редакторы Андрей Жарков шылымқор жөтеліне қалай тап болғаны туралы бізге әңгімелеп берген болатын.

 

Дегенмен шылымқор жөтелін тұмаудан ажырату оңай. Мыналарды ескерсеңіз болады:

 

  • температура, улану секілді инфекция белгілері жоқ;
  • мұрынның бітуі секілді өткір респираторлық инфекция белгілері байқалмайды;
  • жөтел таңертең мазалайды, ал күндіз тынышталады;
  • жылдам жүргенде немесе суық ауа жұтқанда жөтел қысады.

 

Бірінші кезекте неге мән беру керек? Әрине, жөтелдің ұзақтығына. 1,5 айдан артық уақыт бойы мазаңызды алып бітсе, шұғыл түрде дәрігерге барыңыз.

 

Шылымқор бронхитін анықтау үшін қан анализін, өкпе рентгенін және қақырықтың зертханалық зерттеуін тапсыру керек. Бағыттаманы пульмонолог жазып береді.

 

ШЫЛЫМНАН КЕЙІНГІ СИНДРОМ

«Тәжірибелі» шылымқорлардың көбі бұл зиян әдеттен бас тартқан соң жөтел де жоғалар деген үмітте болғанын айтады. Алайда жағдай керісінше өрбуі ықтимал. Жөтел күшейе түседі. Бұл – ағзаның қалыпты реакциясы. Кері әсер организмнің қалпына келуге тырысуы салдарынан пайда болады. Жөтелдің көмегімен өкпе тазаланып, жылдар бойы жиналып қалған токсиндер мен қақырықты шығарып тастағысы келеді.

 

Бұл жағдайдың қашан өзгеретінін нақты айту қиын. Бәрі адамның қанша жыл шылым шеккеніне және жалпы иммунитетіне байланысты. Жалпы алғанда, бұрынғы шылымқорлар темекіні тастаған соң тағы бірнеше ай қиналуы мүмкін.

 

САУЫҒУ ЖОЛЫНДА

Шылымқор бронхитінен құтылу жолындағы аса маңызды қадам – зиян әдеттен біржолата бас тарту. Алайда бұған кез келген адам бармауы мүмкін, сондықтан кемінде темекіден келетін зиянды барынша азайтуға тырысу керек. Мысалы, кәдімгі шылымды жоғарыда аталған түтінсіз құрылғылармен алмастыруға болады.

 

Мұны өкпесінің созылмалы обструктивті ауруы, яғни шылымқор жөтеліне тікелей қатысты сырқаты бар пациенттерге жасалған зерттеу қорытындысы да растап отыр. Кәдімгі шылымды тастап, темекі тұтынудың балама әдістеріне өткен адамдар дене қимылын бұрынғыдан да жақсы жасай алатын болған, өмір сапасы айтарлықтай артқан.

 

Бұл жағдайдағы жанның-күйін таза ауада қыдыру, пәтерді желдетіп отыру, суды көп ішу және халық медицинасы секілді стандартты процедуралар жеңілдете алады. Жұпаргүл, шәйқурай, өгейшөпті қайнатып ішсеңіз, қақырық та түседі, қабыну да басылады

 

Аударған Димаш Зиядин

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]